Бүгiн, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келдіҚазақстанда студенттерге бакалавриат бағдарламасын төрт жылдың орнына үш жылда аяқтауға мүмкіндік бар. Алайда оқу мерзімінің қысқаруы білім алу құны міндетті түрде төмендейді дегенді білдірмейді. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.
Үш жылда ЖОО-ны қалай бітіруге болады?
Қазақстанда бакалавриатта оқу мерзімі әдетте төрт жылды құрайды. Дегенмен заңнама жоғары оқу орындарына оқу процесін студенттер білім беру бағдарламасын үш жылда меңгере алатындай етіп ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Ол үшін университет оқу кестесін өзгертіп, білім алу процесін қарқынды жүргізе алады. Мысалы, оқу жылын екі семестрдің орнына үш триместрге бөлуге болады.
Алайда оқу мерзімі қысқарғанымен, бағдарламаның мазмұны мен академиялық жүктемесі азаймайды. Студент төрт жылдық оқу кезіндегідей 240 академиялық кредитті толық меңгеруі керек. Ал кейбір мамандықтар бойынша кемінде 300 кредит талап етіледі. Яғни студент аз уақыт ішінде дәл сол көлемдегі білім алып, қажетті кредиттерді толық жинауы тиіс.
Премьер-министрдің жауабында бұл тәсіл білім беру бағдарламасын жай ғана қысқарту емес, мамандарды даярлау сапасын сақтай отырып, оқу процесін икемді ұйымдастыру мүмкіндігі ретінде қарастырылатыны айтылған.
Қазір қай университеттерде қолданылады?
Үкімет мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 16 мыңнан астам студент триместрлік жүйе бойынша білім алып жатыр.
Мұндай оқу форматы Astana IT University, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және басқа да жоғары оқу орындарында қолданылады.
Бұл жүйе негізінен сұранысқа ие мамандықтарды қамтиды. Олардың қатарында бағдарламалау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, деректерді талдау, бизнес-аналитика және маркетинг бар.
Дегенмен триместрлік жүйемен оқу студенттердің барлығы университетті міндетті түрде үш жылда бітіреді дегенді білдірмейді. Оқу мерзімі нақты білім беру бағдарламасына және оның талаптарына байланысты.
Қандай мамандықтарда оқу мерзімін қысқарту қиын?
Үш жылдық оқу форматы барлық мамандыққа бірдей қолайлы емес. Үкімет медицина, ветеринария, өнер салаларын, сондай-ақ педагогикалық, инженерлік, жаратылыстану және гуманитарлық бағыттардың кейбірін бөлек қарастыру қажет екенін атап өткен.
Бұл салаларда мамандарды даярлау үшін ауқымды теориялық біліммен қатар, ұзақ мерзімді тәжірибелік дайындық та қажет. Сондықтан оқу мерзімін қысқарту мүмкіндігі әр мамандық бойынша жеке бағалануы тиіс.
Үш жылдық оқу арзанырақ бола ма?
Оқу мерзімінің қысқаруы университеттегі білім құнының да төмендейтінін білдірмейді.
Үкімет түсіндіргендей, оқу ақысы академиялық кредиттердің санына қарай есептеледі. Ал үш жылдық форматқа көшкен кезде кредиттер көлемі азаймайды. Демек студент бұрынғыдай сол оқу бағдарламасын толық меңгеруі керек.
Бұған қоса, оқытушылар мен университетке түсетін жүктеме де азаймайды. Керісінше, сол көлемдегі оқу материалын қысқа мерзімде игеру қажет болады.
Сондықтан бакалавриатты үш жылда аяқтау оқу уақытын үнемдеуге мүмкіндік бергенімен, оның құнын арзандатпайды.
Колледжден кейін университетті 1,5-2 жылда бітіруге бола ма?
Бұл – үш жылдық бакалавриаттан бөлек мүмкіндік. Ол бұрыннан белгілі бір білім алған студенттерге қатысты қолданылады.
Мысалы, колледж түлегі университетке өзі оқыған мамандығына жақын бағыт бойынша түссе, жоғары оқу орны бұрын меңгерген пәндері мен кредиттерінің бір бөлігін есепке алуы мүмкін.
Қанша кредиттің танылатынына қарай, университеттегі оқу мерзімі бір жарым, екі немесе үш жыл болуы ықтимал.
Үш жылдық оқу жүйесі қашан бағаланады?
2027 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, үш жылдық оқу форматына талдау жүргізуді жоспарлап отыр.
Зерттеу барысында мамандарды даярлауға жұмсалатын шығын, түлектердің жұмысқа орналасуы, табысы және жұмыс берушілердің олардың дайындығына көңілі толу деңгейі бағаланады. Осы талдау қорытындысы бойынша Үкімет үш жылдық оқу жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі шараларды айқындайды.
Бүгiн, 12:09
Мысырға саяхаттау жеңілдейді: Қазақстан мен Мысыр қандай келісімге келді20 Қазан, 14:23
Жеңілдікке алданып қалмаңыз: дүкенде артық ақша жұмсамау үшін нені ескеру керек20 Қазан, 12:30
2027 жылы Рамазан қашан басталады? Ораза айт пен Қадір түнінің күндері белгілі болды19 Қазан, 15:07
«Жаным – қазақ»: Нидерланд намысын қорғайтын Шон Ниволдты Қазақстанмен не байланыстырады