Қазақстанда студенттер енді төрт жыл оқымай ма? Саясат Нұрбек жауап берді

Қазақстанда студенттер енді төрт жыл оқымай ма? Саясат Нұрбек жауап берді

Диана Орынбасар
Фото: Фото: Үкімет

Қазақстанда жоғары оқу орындарындағы оқу мерзімі біртіндеп қысқарып, білім берудің икемді және гибридті форматтары енгізіледі. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкіметте өткен брифингте мәлімдеді.

Журналистер министрден технологиялардың қарқынды дамуын ескерсек, жоғары оқу орындарындағы дәстүрлі 4-5 жылдық білім алу мерзімі тым ұзақ емес пе деп сұрады. Саясат Нұрбектің айтуынша, жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын дербес қалыптастыруға мүмкіндік беретін өзгерістер бірнеше жыл бұрын енгізілген.

2022 жылдың өзінде біз бір маңызды істі атқардық – мемлекеттік білім беру стандартын өзгерттік. Қазір мазмұнның 92 пайызына дейін жоғары оқу орындары өздері айқындай алады, өзгерте алады, оның ішінде оқу ұзақтығы да бар, – деді министр.

Кей мамандықтарды 2,5-3 жылда меңгеруге болады

Министр оқу мерзімін қысқарту тәжірибесі қазірдің өзінде жекелеген жоғары оқу орындарында сыналып жатқанын айтты. Соның бірі – Нархоз университетіндегі пилоттық жоба. Мұнда бірқатар бакалавриат бағдарламалары бойынша оқу мерзімі 2,5-3 жылға дейін қысқартылған. Саясат Нұрбектің сөзінше, барлық мамандық үшін міндетті түрде төрт жыл білім алу қажеттілігі жоқ. Әсіресе технология жылдам өзгеретін салаларда оқу бағдарламаларын ықшамдап, еңбек нарығына бейімдеу маңызды.

Университет оқу мерзімдерімен де біртіндеп «жұмыс істей» бастады. Төрт жыл оқу тым ұзақ болатын белгілі бір мамандықтар бойынша эксперимент жасап жатыр. Өйткені ЖИ саласында мазмұн шынымен де өте тез өзгереді, – деді ол.

Колледжден кейін бакалавр дәрежесін алуға мүмкіндік берілуі мүмкін

Қазақстанда қолданбалы бакалавриат форматын дамыту да жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, Үкіметке колледждер мен жоғары оқу орындарын байланыстыратын қысқартылған білім беру моделін енгізу жөнінде ұсыныс берілген.

Бұл формат бойынша мектеп бітірген түлек колледжге түсіп, нақты бір бағыт бойынша мамандана алады. Білім беру бағдарламасы аяқталғаннан кейін оның біліктілігі бакалавриат деңгейіне сәйкес келмек.

Біз қазір жоғары колледждермен де осындай пилоттық форматты іске қосамыз. Сонда бала мектептен кейін колледжге түсіп, қолданбалы форматта өте тар бағыттағы мамандық алып шығады, бірақ бұл қазірдің өзінде бакалавриат деңгейі болады, – деді Саясат Нұрбек.

Жоғары білім беруде гибридті форматтар көбейеді

Министр алдағы уақытта жоғары білім беру жүйесінде оқу мерзімін қысқарту үрдісі жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар студенттерге білім алудың икемді және гибридті үлгілері ұсынылмақ.

Оқу мерзімдері қысқарады, жаңа, анағұрлым икемді, гибридті форматтар пайда болады. Біз бұл үшін нормативтік базаны дайындап қойдық. Пилоттық жобаларды сынақтан өткіздік, негізінен, жұмыс істеп тұр, – деді министр.

Айта кетейік, қолданбалы бакалавриат арқылы оқу мерзімін қысқарту бастамасы бұған дейін де көтерілген. 2022 жылы сол кездегі білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда оқу мерзімі 2,5 жыл болатын қолданбалы бакалавриаттың пилоттық жобасы іске қосылатынын хабарлаған еді.

Оқи отырыңыз

{