Қазақстанда скринингтен өту тәртібі өзгереді: қызметкер нені білуі керек?

Қазақстанда скринингтен өту тәртібі өзгереді: қызметкер нені білуі керек?

Ажар Лаубаева
Фото: magnific.com

Қазақстанда медициналық скринингтен өтуге байланысты әлеуметтік демалыс беру тәртібі жетілдіріледі. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл процесс цифрлық форматқа көшіп, қызметкерлерді тексеруге жіберу рәсімі автоматтандырылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, скринингтен өтуге арналған әлеуметтік демалыс жаңа енгізіліп отырған норма емес. Бұған дейін де Еңбек кодексінде қызметкерлерге жұмыс орны мен орташа жалақысы сақтала отырып, үш күнге дейін әлеуметтік демалыс беру қарастырылған еді. Қазіргі өзгерістер осы тетікті жетілдіруге бағытталған.

Скринингке шақыру eGov арқылы келеді

2027 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың скринингтен өтуі тиіс тізімін жұмыс берушілердің кадрлық жүйелерімен біріктіреді.

Осының нәтижесінде азамат тіркелген емхана eGov платформасы арқылы скринингтен өту қажеттігі туралы хабарламаны қызметкерге де, жұмыс берушіге де жолдайды. Мұндай хабарлама келгеннен кейін жұмыс беруші қызметкерге үш күнге дейін әлеуметтік демалыс беруге міндетті болады.

Сонымен қатар заңнамаға жұмыс берушінің ауысым алдындағы міндетті медициналық тексерудің уақытын төлеуіне қатысты норма енгізілді. Бұл, әсіресе, рейске шығар алдында медициналық тексеруден өтетін қоғамдық көлік жүргізушілері сияқты мамандық иелеріне қатысты.

Жұмыс беруші демалыс беруден бас тарта алмайды

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, скринингтен өту үшін әлеуметтік демалыс беру – жұмыс берушінің міндеті.

Ол үшін қызметкер медициналық тексеруден өтетін күнді көрсетіп, өтініш береді. Демалысты үш күн қатарынан немесе бір-екі күнге бөліп пайдалануға болады. Алайда бұл құқық тек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы профилактикалық скринингтерге қатысты қолданылады.

Егер азамат өз бастамасымен ақылы клиникада тексерілуді шешсе, мұндай жағдайда жұмыс беруші ақы төленетін әлеуметтік демалыс беруге міндетті емес.

Басшылықты алдын ала ескерту қажет пе?

Заңнамада қызметкердің жұмыс берушіні бір апта немесе бір ай бұрын міндетті түрде хабардар етуі керек деген талап жоқ.

Егер скрининг келесі күнге белгіленсе, қызметкер сол күні өтініш беріп, әлеуметтік демалыс алуға құқылы. Себебі заңда мұндай демалыс қызметкерге кедергісіз берілуі тиіс екені көрсетілген. Сондықтан жұмыс беруші қызметкердің кеш хабарлағанын себеп етіп, демалыс беруден бас тарта алмайды.

Егер жұмыс беруші бас тартса...

Егер жұмыс беруші әлеуметтік демалыс беруден бас тартса, қызметкер кәсіпорындағы келісім комиссиясына, еңбек инспекциясына немесе сотқа жүгіне алады.

Заң талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар қызметкерге әлеуметтік демалыс беру міндеттеледі.  

Үш күн міндетті түрде беріле ме?

Заңда әлеуметтік демалыс үш күнге дейін беріледі деп көрсетілген.

Мысалы, барлық қажетті скринингтен бір күнде өтсеңіз, қалған екі күн автоматты түрде берілмейді. Ал егер медициналық тексеру үш күннен ұзаққа созылса, жұмыс беруші заң бойынша тек үш күнге дейін ғана әлеуметтік демалыс береді.

Бұл күндері қызметкердің жұмыс орны мен орташа жалақысы толық сақталады. Алайда төлем тек нақты скринингтен өткен күндер үшін ғана жүргізіледі. Егер тексеруден өтпегені анықталса, бұл еңбек заңнамасының бұзылуы ретінде қарастырылуы мүмкін.

Қазақстандықтар қандай скринингтерден тегін өте алады?

Қазіргі таңда мемлекет келесі скринингтік тексерулерді тегін жүргізеді:

Бұдан бөлек, қауіп тобына жататын азаматтар В және С вирусты гепатиттеріне де тегін тексеріледі. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, операция алдында жатқан науқастар, гемодиализ, онкология, трансплантология бөлімшелерінің пациенттері, жүкті әйелдер және АИТВ жұқтыру қаупі жоғары топтағы азаматтар бар.

Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі скринингтік бағдарламаны кеңейтіп, өкпе обырын ерте анықтауға арналған жаңа тегін тексеруді енгізген еді. Сондай-ақ 18 жастан асқан азаматтар үшін В және С вирусты гепатиттерін анықтауға арналған скрининг қолжетімді болды.

Оқи отырыңыз

{