Қазақстанда қараша айында ауа райы қандай болады?

Қазақстанда қараша айында ауа райы қандай болады?

Асқар Таудай
Фото: pexels.com

«Қазгидромет» мамандары Қазақстан бойынша 2026 жылғы қараша айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, ел аумағының басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болады.

Қарашада күн жылырақ болады

Консультативтік болжамға сәйкес, қараша айында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады. Ал елдің солтүстік-батыс өңірлерінде температура көпжылдық орташа көрсеткішке жуық болады деп күтіледі.

Ай бойы еліміздің әр өңірінде ауа райы құбылмалы болады. Жауын-шашын, кей күндері нөсер жауын мен қар, желдің күшеюі, жаяу бұрқасын, тұман және көктайғақ құбылыстары болжанып отыр.

Қарашаның алғашқы аптасында жауын-шашынсыз, бұлттылығы аз әрі салыстырмалы түрде жылы ауа райы басым болады. Тек елдің солтүстік-шығысы мен шығысында айдың алғашқы күндері жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түседі. Түнгі уақытта тұман болуы мүмкін.

Бірінші онкүндіктің ортасынан бастап Қара теңіз аймағынан келетін белсенді циклонның әсерінен еліміздің батыс өңірлерінде жауын-шашын күтіледі. Алдымен жаңбыр жауып, кейін қарға ұласуы ықтимал. Онкүндіктің соңына қарай республиканың басқа аймақтарында да жауын-шашынды әрі желді ауа райы қалыптасады. Қазақстанның оңтүстік жартысында негізінен жаңбыр жауады деп болжануда.

Қараша айының басында ауа температурасы қандай болады?

Қазгидрометтің мәліметінше, айдың басында ауа температурасы мынадай көрсеткіштер шамасында болады:

- Батыс, оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде күндіз +12...+22 градус;
- Солтүстік, солтүстік-батыс (Қостанай облысы), орталық және шығыс өңірлерде түнде -1...-8 градустан 0...+5 градусқа дейін, күндіз +5...+13 градус.

Бірінші онкүндіктің соңында елдің солтүстік жартысында күндізгі ауа температурасы 0...+5 градусқа дейін, оңтүстік өңірлерде +8...+13 градусқа дейін, ал батыста +2...+10 градусқа дейін төмендейді.

Қазақстанның таулы аймақтарында түнгі температура -3...+2 градустан -5...-10 градусқа дейін құбылады. Күндіз +2...+10 градус аралығында болады.

Айдың екінші жартысында аяз күшейеді

Қараша айының екінші және үшінші онкүндіктерінде ауа температурасы жиі өзгеріп отырады.

Елдің солтүстік жартысында түнгі температура -1...-13 градустан -3...+5 градусқа дейін, күндіз +1...+10 градустан 0...-5 градусқа дейін құбылады.

Ал оңтүстік өңірлерде түнде ауа температурасы 0...-5 градустан +2...+10 градусқа дейін, күндіз 0...+5 градустан +7...+15 градусқа дейін өзгереді.

Дегенмен кей күндері елдің солтүстігінде, шығысында және орталығында түнгі ауа температурасы -10...-18 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

«Қазгидромет» мамандары айлық ауа райы болжамының консультативтік сипатта екенін ескертеді. Синоптикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты болжамға түзетулер енгізіліп, ол әр онкүндікке арналған ауа райы болжамдарымен нақтыланып отырады.

Оқи отырыңыз

{