Қазақстанда проблемалық несие көбейді: банктер кімдерге қарыз беруге сақтықпен қарауы мүмкін?

Қазақстанда проблемалық несие көбейді: банктер кімдерге қарыз беруге сақтықпен қарауы мүмкін?

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда несие беру көлемі ұлғайғанымен, қарызын уақытында өтей алмай жүрген заемшылардың берешегі де артып келеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 90 күннен астам мерзімі өткен несиелер көлемі 17,2%-ға өскен. Әсіресе шағын және орта бизнес сегментінде жағдай күрделене түскен.

90 күннен астам өтелмеген қарыз 1,85 трлн теңгеге жетті

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегіне сәйкес, биылғы алты айда төлем мерзімі өткен барлық қарыз көлемі 2,6 трлн теңгеден 3,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде мұндай несиелердің жалпы несие портфеліндегі үлесі 6,1%-дан 7,4%-ға жетті.

Несие сапасын бағалаудағы маңызды көрсеткіштердің бірі – төлемі 90 күннен астам уақытқа кешіктірілген қарыздар. Жыл басында олардың көлемі 1,58 трлн теңге болса, бірінші жартыжылдықтың қорытындысында 1,85 трлн теңгеге жеткен. Өсім – 17,2% құрады. Яғни ұзақ мерзім бойы өтелмей жатқан несиелердің өсу қарқыны жалпы несие портфелінің өсімінен бірнеше есе жоғары.

Инфографика: el.kz

Бір айға дейін кешіктірілген төлемдер де күрт артты

Қарызды өтеудегі қиындық тек ұзақ мерзімді берешекпен шектелмейді. Төлемі 1 күннен 30 күнге дейін кешіктірілген несиелер көлемі жарты жыл ішінде 54,6%-ға артқан. Нақтырақ айтқанда, көрсеткіш 644,5 млрд теңгеден 996,6 млрд теңгеге дейін өсті.

31-60 күн аралығындағы мерзімі өткен қарыздар 9,3%-ға, ал 61-90 күн аралығындағы берешек 14,2%-ға көбейген. Бұл несие төлемін енді ғана кешіктіре бастаған заемшылар санының да, ұзақ уақыт бойы қарызын өтей алмай жүргендердің берешегі де артып отырғанын көрсетеді.

Халықтың проблемалық несиесі қалай өзгерді?

Жеке тұлғаларға берілген несие көлемі алты айда 4,3%-ға өсіп, 24,77 трлн теңгеден 25,85 трлн теңгеге жетті.

Алайда 90 күннен астам уақыт төленбеген қарыз көлемі бұдан әлдеқайда жылдам өскен. Ол 1,07 трлн теңгеден 1,24 трлн теңгеге дейін немесе 15,8%-ға артты.

Осылайша мұндай қарыздардың халыққа берілген жалпы несие көлеміндегі үлесі 4,3%-дан 4,8%-ға көтерілген.

Қысқа мерзімді кешіктіру көрсеткіші де назар аудартады. Төлем мерзімін 1-30 күнге өткізіп алған жеке тұлғалардың қарызы 488,5 млрд теңгеден 689,3 млрд теңгеге дейін көбейген. Өсім – 41,1%.

Шағын және орта бизнестегі өсім 40%-дан асты

Проблемалық несиелердің ең жоғары өсімі шағын және орта бизнес сегментінде байқалады.

Жарты жылда ШОБ-қа берілген несие портфелі 9,6%-ға өсіп, 11,1 трлн теңгеден 12,17 трлн теңгеге жеткен. Ал 90 күннен астам мерзімі өткен қарыз көлемі бірден 40,1%-ға ұлғайып, 338,1 млрд теңгеден 473,5 млрд теңгеге дейін өсті.

Нәтижесінде мұндай несиелердің ШОБ портфеліндегі үлесі 3%-дан 3,9%-ға көтерілді.

Бұдан бөлек, төлемі 30 күнге дейін кешіктірілген қарыз көлемі 111 млрд теңгеден 286 млрд теңгеге жеткен. Бұл – 157,7% өсім.

Сонымен қатар проблемалық қарыздардың резервтермен қамтылу деңгейі 70,2%-дан 64%-ға төмендеген. Ал 90 күннен астам мерзімі өткен несиелер бойынша провизия көлемі 27,6%-ға артты.

Ірі компанияларда жағдай керісінше

Заңды тұлғалар сегментінде басқа динамика қалыптасқан. Оларға берілген несие көлемі бірінші жартыжылдықта 11,1%-ға қысқарып, 7,23 трлн теңгеден 6,43 трлн теңгеге түсті.

Сонымен бірге 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздар да азайған. Олардың көлемі 165,7 млрд теңгеден 131,2 млрд теңгеге дейін немесе 20,8%-ға төмендеді.

Проблемалық несиелердің үлесі 2,3%-дан 2%-ға азайса, оларды резервтермен қамту көрсеткіші, керісінше, 53,1%-дан 61,1%-ға өсті.

Осы деректерге қарағанда, несие портфелі сапасының нашарлауы негізінен жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнес сегментінде байқалып отыр.

Инфографика: el.kz

Банктер ықтимал шығындарға резервті көбейтті

Мерзімі өткен қарыздардың көбеюі банктердің ықтимал шығындарға арналған резервтеріне де әсер еткен.

Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары бойынша қалыптастырылған провизиялардың жалпы көлемі алты айда 8%-ға артып, 1,93 трлн теңгеден 2,08 трлн теңгеге жетті.

Ал 90 күннен астам мерзімі өткен несиелер бойынша резервтер 17,4%-ға көбейіп, 954,6 млрд теңгеден 1,12 трлн теңгеге дейін өсті.

Соған қарамастан жалпы қамту коэффициенті айтарлықтай өзгермеген: жыл басындағы 60,6%-дан 1 шілдеде 60,7%-ға жеткен.

Несие алу қиындай ма?

Проблемалық қарыздардың артуы банктер несие беруді тоқтатады дегенді білдірмейді. Керісінше, алғашқы жартыжылдықта жалпы несие портфелі 3%-ға, ал ШОБ-ты қаржыландыру көлемі 9,6%-ға ұлғайған.

Дегенмен мерзімі өткен берешектің несие портфелінен жылдам өсуі банктерді жаңа заемшылардың төлем қабілетін мұқият бағалауға итермелеуі мүмкін.

Сондықтан қарыз жүктемесі жоғары, табысы тұрақсыз немесе кредиттік тарихында төлемді кешіктіру фактілері бар азаматтар мен кәсіпкерлер үшін жаңа несие алу қиындай түсуі ықтимал. Бұл банктердің міндетті түрде несие беруді жаппай шектейтінін білдірмейді, алайда заемшының қаржылық жағдайына қойылатын талаптардың күшеюіне әсер етуі мүмкін.

Оқи отырыңыз

{