Қазақстанда полицейлер үй-үйді аралап жүр: нені тексеріп жатыр?

Қазақстанда полицейлер үй-үйді аралап жүр: нені тексеріп жатыр?

Ажар Лаубаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда полицейлер тұрғын үйлер мен жалдамалы пәтерлерді аралап, тексеру жүргізіп жатыр. Қазан айының басынан бері тәртіп сақшылары 249 мыңға жуық тұрғын үй нысанын тексерген. Нәтижесінде тіркеусіз тұрудың 9 мыңға жуық дерегі анықталып, 7 мыңнан астам шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Полицейлер нені тексеріп жатыр?

5 қазанда еліміздің барлық өңірінде «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Оның мақсаты – тұрғын үй секторындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықпен байланысты нығайту.

ІІМ мәліметінше, осы уақытқа дейін 249 мыңға жуық тұрғын үй нысаны, оның ішінде 12,5 мың жалдамалы пәтер тексерілген.

Рейд барысында тіркеусіз тұрудың 9 мыңға жуық дерегі анықталып, 7 189 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ тұрақты тұрғылықты жері жоқ 2 128 адам полиция органдарына жеткізілген.

Бұдан бөлек, профилактикалық есепте тұрған 6 мыңға жуық азамат тексеріліп, 1 511 құқық бұзушылықтың жолы кесілген.

Тәртіп сақшылары тұрғындармен кездесулер өткізіп, қауіпсіздік мәселелерін де түсіндіріп жатыр. Осы уақытқа дейін 160 мыңға жуық адамның қатысуымен 8 мыңнан астам кездесу ұйымдастырылған.

Пәтер ұрлығының, интернет-алаяқтықтың және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Полицейлер мүлікті қорғау және жеке қауіпсіздікті сақтау жөніндегі ұсынымдары бар 223 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратты, – делінген ІІМ хабарламасында.

Сонымен қатар тұрғындар арнайы QR-кодтар мен чаттар арқылы полицияға 2 693 өтініш пен ұсыныс жолдаған. Министрлік олардың әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қабылданғанын хабарлады.

Түнде көшеде жүрген жасөспірімдер де тексерілді

Рейдтің тағы бір бағыты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Полицейлер түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз көшеде жүрген жасөспірімдерге қатысты 3 883 деректі анықтаған. Ал 396 бала бейімдеу орталықтарына орналастырылған.

ІІМ балалардың қауіпсіздігіне ата-аналар мен заңды өкілдер ғана емес, ойын-сауық орындарының иелері де жауапты екенін еске салды.

Мәселен, Алматыдағы кафелердің бірінде кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңмен белгіленген уақыттан кейін отырғаны анықталған. Осыған байланысты мекеме иесіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабының 2-бөлігі бойынша іс қозғалған. Кафенің жұмысы 10 тәулікке тоқтатылған.

Тоғыз айда іздеуде жүрген мыңнан астам адам ұсталды

Ішкі істер министрлігі іздестіру жұмыстарының нәтижесін де жариялады. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында хабар-ошарсыз кеткен 17 мыңнан астам адамның жүрген жері анықталған. Сондай-ақ еліміздің құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген 1 031 адам ұсталған.

Олардың қатарында Астанада қолға түскен 67 жастағы ер адам бар. Ол алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде болған. Тергеу мәліметінше, 2018 жылы Қарағандыдағы коммерциялық ұйымның қоймасынан тауарларды сатамын деген сылтаумен алып шығып, құны 401 миллион теңгеден асатын мүлікті иемденген.

Сонымен қатар Қазақстан аумағында өзге мемлекеттердің құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген 537 адам ұсталған. Мәселен, Алматыда 1,3 миллиард теңгеден астам сомаға алаяқтық жасады деген күдікпен 45 жастағы шетел азаматы қолға түскен. Тергеу мәліметінше, ол 2023 жылы Бішкекте Оңтүстік Кореядан косметикалық өнімдер әкеліп беремін деген сылтаумен жәбірленушінің ақшасын иемденген.

Полиция қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастырады. Заң мен тәртіпті сақтаңыздар!, – деді ІІМ өкілдері.

Айта кетейік, «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы 5 қарашаға дейін жалғасады.

Оқи отырыңыз

{