Қазақстанда күн суытады: кей өңірлерде 18 градус аяз болады

Қазақстанда күн суытады: кей өңірлерде 18 градус аяз болады

Мадина Асылбекова
Фото: El.kz/Бауыржан Жуасбаев

Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде күн райы құбылмалы болады.

Елдің көп өңірінде жаңбыр мен қар жауса, батыста нөсер жауын күтіледі. Ал оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнде аяз 18 градусқа дейін күшейеді.

Синоптиктер болжамынша, 14-16 қараша аралығында Қызылорда облысынан басқа өңірлердің басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауады. Қызылорда облысында бұл күндері жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

15 қарашада Қазақстанның батысында жаңбыр күшейеді. Ал 16 қарашада Батыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар аралас мол жауын-шашын болжанып отыр.

Қай өңірлерде күн қатты суытады?

Елдің шығысында ауа температурасы біртіндеп төмендейді. Кезеңнің басында түнде 1-8 градус аяз болса, кейін сынап бағаны 6-13 градусқа дейін төмендейді. Күндіз ауа температурасы -5 пен +3 градус аралығында болады.

Оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында одан да суық. Мұнда түнде 13-18 градусқа дейін аяз түседі. Күндіз ауа температурасы -3 пен -8 градус шамасында болады.

Орталық өңірлерде түнгі температура -2...-10 градус аралығында болса, күндіз -3 пен +5 градус шамасында сақталады.

Солтүстікте түнде ауа температурасы -5 пен +2 градус аралығында болады. Күндізгі ауа райы да біртіндеп жылынады: кезеңнің басында -2...+3 градус болса, кейін 0...+5 градусқа дейін көтеріледі. Ал Павлодар облысында түнде 3-8 градус аяз күтіледі.

Батыста күн жылынғанымен, суық қайта оралады

Қазақстанның батысында күн жылынып, түнде ауа температурасы +6...+11 градусқа дейін көтерілсе, күндіз +8...+13 градус болады. Алайда бұл жылымық ұзаққа созылмайды. 16 қарашада өңірде қайтадан күн суытып, түнде -2...+3, күндіз +1...+8 градус шамасында болады.

Оңтүстік-батыста да салқын болады. Мұнда түнде ауа температурасы 0...+5 градусқа дейін төмендеп, күндіз +5...+10 градус аралығында сақталады.

Ал оңтүстік өңірлерде түнгі температура -5 пен +3 градус аралығында болады. Күндіз ауа райы салыстырмалы түрде жылы: +7...+15 градусқа дейін көтеріледі.

Оңтүстік-шығыста да күн суытады. Таулы емес аймақтарда түнде 5-10 градус аяз күтілсе, таулы жерлерде аяз 13-18 градусқа дейін күшейеді. Күндіз өңірдің жазық бөлігінде ауа температурасы 0...+8 градус, таулы аймақтарда -3...-8 градус болады.

Синоптиктер түнгі және таңғы уақытта тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін екенін ескертеді. Кей өңірлерде жел де күшейеді.

Қазақстанда қараша айы қандай болады?

Бұған дейін синоптиктер 2026 жылғы қарашада Қазақстанда ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болуы мүмкін екенін хабарлаған еді. Дегенмен бұл ай бойы күн жылы болады деген сөз емес.

Ай ішінде жаңбыр, қар, боран соғып, ауа температурасы күрт құбылуы ықтимал. Әсіресе солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде кей күндері түнгі аяз 18 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Оқи отырыңыз

{