30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазақстанда кофеге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Әсіресе Астана мен Алматыда кофе ішу күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналса, бұл үрдіс қазір өңірлерде де байқалады. Қазақстандықтар қандай кофені жиі таңдайды, кофехана ашуға қанша қаражат қажет және шетелдік өндірушілер Қазақстан нарығына неліктен қызығушылық танытып отыр? El.kz тілшісі Астанада өтіп жатқан халықаралық Astana Coffee Expo көрмесінде сала мамандарымен тілдесті.
Қазақстандықтар қандай кофені таңдайды?
Қазақстан кофе қауымдастығының төрағасы Айбек Ахановтың айтуынша, қазақстандықтар арасында сүт қосылған кофе түрлеріне сұраныс жоғары. Әсіресе капучино мен латте жиі таңдалады.
Біздің елімізде капучино мен латте сұранысқа ие. Адамдардың 70-80 пайызы сүт қосылған кофе, яғни капучино мен латте ішеді, – дейді Айбек Аханов.
Оның сөзінше, елдегі кофе мәдениеті біртіндеп өзгеріп, кофеге қызығушылық артып келеді. Мұны импорт көлемінің өсуінен де байқауға болады. Жыл басынан бері Қазақстанға 2 мың тоннаға жуық кофе әкелінген. Бұл – рекорд. Қауымдастық төрағасы сұраныстың артуына нарықтағы кәсіпкерлермен қатар, осы бағытта ұйымдастырылатын халықаралық іс-шаралар да ықпал етіп отырғанын айтады.
Біз де осы бағыттағы жұмысқа атсалысып жүрміз. Шетелден мамандарды Қазақстанға шақырып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Кофе бизнесін және кофе ішу мәдениетін дамытуға үлес қосып келеміз, – деді ол.
Өңірлерде кофехана көбейіп келеді
Бұған дейін кофе мәдениеті негізінен Астана мен Алматыда қалыптасса, қазір бұл үрдіс басқа өңірлерде де қарқын ала бастаған.
Әрине, Астана мен Алматы көш бастап тұр. Бірақ қазір басқа қалаларда да кофе мәдениеті дамып келеді. Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Шымкентте көптеген кофехана ашылып жатыр, – дейді Айбек Аханов.
Сала маманының айтуынша, сұраныс болғандықтан, кофехана ашу кәсіпкерлер үшін табыс әкелетін бизнеске айнала алады. Дегенмен толыққанды кофехана ашу үшін бастапқы инвестиция көлемі аз емес.
Шамамен 10 миллион теңгеден бастап қалыпты кофехана ашуға болады. Ал шағын кофехана немесе «кофе аралшығын» іске қосуға бұдан аз қаражат та жеткілікті болуы мүмкін, – деді Қазақстан кофе қауымдастығының төрағасы.
Астанаға бес елден кофе индустриясының өкілдері келді
Биылғы Astana Coffee Expo-ға Қазақстанмен қатар бірнеше мемлекеттен сала өкілдері қатысып отыр.
Бізге Индонезия, Италия және Түркиядан өкілдер келді. Сондай-ақ Бразилия мен Венесуэладан келген қатысушылар бар, – деді Айбек Аханов.
Үш күнге жалғасатын халықаралық көрмеде кофе өндірушілер мен импорттаушылар, кофе қуырумен айналысатын кәсіпорындар, жабдық, шикізат және ингредиент жеткізушілер бас қосқан. Көрменің білім беру бағдарламасы аясында сала мамандары тәжірибе бөлісіп, кофе нарығындағы жаңа бағыттарды талқылайды.
Сонымен бірге баристалар арасында кәсіби чемпионаттар өтеді. Көрмеге әлемдегі ірі кофе өндіруші мемлекеттердің бірі – Индонезия да қатысып отыр.
«Индонезия кофесінің ерекшелігі – алуан түрлілігінде»
Қазақстан Республикасындағы және Тәжікстан Республикасындағы Индонезия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохамад Рахманның айтуынша, бүгінде Индонезия әлемдегі ең ірі төрт кофе өндіруші елдің қатарына кіреді. Ел 500 мың тоннадан астам кофе экспорттаған, оның жалпы құны шамамен 2,5 млрд АҚШ долларын құрайды.
Индонезия – кофе өсіретін аралдар елі. Алайда Индонезия кофесінің басты ерекшелігі – оның алуан түрлілігі. Суматрадағы Гайо мен Манделинг, Явадағы Преангер, Бали аралындағы Кинтамани кофесін атап өтуге болады, – деді Мохамад Рахман.
Елшінің сөзінше, Индонезияның әр аймағында өсетін кофенің дәмі мен хош иісі өзгеше. Оған кофе өсетін өңірдің табиғи жағдайы әсер етеді.
Бұдан бөлек, Флорес, Баджава, Сулавесидегі Тораджа және Папуа кофесі бар. Әр аймақтың жанартаулық топырағы, теңіз деңгейінен биіктігі мен микроклиматы кофеге өзіне тән хош иіс пен дәм береді. Индонезия кофесінің ерекшелігі де осында, – дейді ол.
Мохамад Рахман Индонезияда кофенің ауыл шаруашылығы өнімі ғана емес, тұтас мәдениетке айналғанын атап өтті. Елде мыңдаған кофехана жұмыс істейді, кофе қуыруға маманданған кәсіпорындар көбейіп, жас баристалар мен кәсіпкерлер салаға жаңа бағыттар әкеліп жатыр. Елші қазақстандықтарды Индонезияға, соның ішінде Балиге саяхаттауға да шақырды.
Балиға да келесіздер деп үміттенемін. Сіздерге визасыз бару мүмкіндігін бердік. 9 шілдеден бастап билет алып, Балиға ұшып барсаңыздар болады, – деді ол.
Венесуэла Қазақстан арқылы Орталық Азия нарығына шыққысы келеді
Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отырған тағы бір мемлекет – Венесуэла. Венесуэла Боливариан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Росальба Ло Буэ Антиконың айтуынша, ел Қазақстанмен сауда байланысын кеңейтуге мүдделі.
Бізде өте жақсы жаңалық бар. Венесуэланың Еуразиялық экономикалық одаққа бақылаушы ретінде қатысуы Қазақстанмен тікелей ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Бұл – бірлесіп жұмыс істеуге қолайлы алаң, – деді елші.
Венесуэла Қазақстанға кофе ғана емес, какао, жеміс-жидек, балық пен теңіз өнімдерін де экспорттауды көздеп отыр.
Қазақстанның сауда компанияларымен және Үкіметімен бірге жұмыс істеп, осы өнімдерді Қазақстан нарығына ғана емес, бүкіл Орталық Азияға жеткізуге мүмкіндік бар деп ойлаймыз. Қазақстан – біз үшін бүгін де, болашақта да ынтымақтастықты дамытуға әлеуеті мол, келешегі зор серіктес, – деді Росальба Ло Буэ Антико.
Осылайша, Қазақстандағы кофеге сұраныстың артуы ішкі нарықтағы кәсіпкерлерге ғана емес, шетелдік өндірушілерге де жаңа мүмкіндік ашып отыр. Бір жағынан, Астана мен Алматыдан басталған кофе мәдениеті өңірлерге тараса, екінші жағынан, халықаралық өндірушілер Қазақстанды Орталық Азия нарығына шығатын перспективалы бағыт ретінде қарастыра бастаған.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды