Қазақстанда кімдерді жұмыстан шығаруға болмайды: министрлік түсіндірді

Қазақстанда кімдерді жұмыстан шығаруға болмайды: министрлік түсіндірді

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда зейнеталды жастағы қызметкерлерді штат қысқартуға байланысты жұмыстан шығаруға болады. Алайда зейнет жасына жетуіне екі жылдан аз уақыт қалған азаматтарға арнайы кепілдік қарастырылған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы Ерлан Исмагұлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, зейнеталды жастағы қызметкерлерді қысқарту мәселесі еңбек саласындағы жиі кездесетін проблемалардың бірі болып отыр. Дегенмен қызметкердің жасы оның жұмыстан қысқартылуына толық тыйым салынғанын білдірмейді.

Қызметкердің зейнеталды жаста болуының өзі оны штат қысқартудан толық қорғауды білдірмейді. Алайда жұмыс беруші Еңбек кодексінде белгіленген тәртіпті қатаң сақтауға міндетті, – деп түсіндірді Ерлан Исмагұлов.

Зейнетке шығуына екі жылдан аз қалғандарға қандай кепілдік бар?

Зейнет жасына жетуіне екі жылдан аз уақыт қалған қызметкерлер үшін арнайы кепілдік қарастырылған.

Қызметкерлердің саны немесе штаты қысқаруына байланысты, сондай-ақ біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмеуіне байланысты еңбек шартын жұмыс беруші мен қызметкерлер өкілдерінен тең мөлшерде құрылған комиссияның оң шешімінсіз бұзуға жол берілмейді, – деді департамент басшысы.

Яғни мұндай қызметкерді жұмыстан қысқарту үшін арнайы комиссияның оң шешімі қажет.

Жасына байланысты кемсітуге жол берілмейді

Ерлан Исмагұлов Еңбек кодексінің 6-бабы еңбек саласында жасына қарай кемсітуге тыйым салатынын еске салды. Қызметкердің жасы оның өз міндеттерін орындауға қабілетсіз екенін анықтайтын себеп бола алмайды.

Зейнеталды жасты зейнет жасымен теңестіруге болмайды. Зейнет жасына жақындаудың өзі жұмыс берушіге еңбек шартын бұзу құқығын бермейді, – деді ол.

Егер қызметкер өзін заңсыз жұмыстан шығарды деп есептесе немесе еңбек құқықтары бұзылған жағдайда, мемлекеттік еңбек инспекциясына жазбаша өтінішпен жүгіне алады.

40 жастан кейін жұмыс табу қиындай ма?

Бұған дейін Қазақстанда 40 жастан асқан азаматтардың жұмыс іздеу кезінде кездесетін қиындықтары туралы айтылған болатын.

HR сарапшыларының пікірінше, жұмыс берушілер бос жұмыс орындарында жас шектеуін ашық көрсетуді іс жүзінде тоқтатқан. Алайда түйіндемелерді қарау немесе әңгімелесуге шақыру кезінде жасырын сүзгі қолданылуы мүмкін.

Мамандар Еңбек кодексінің 53-бабында зейнетке шығуына екі жылдан аз уақыт қалған қызметкерлерге арнайы қорғаныс қарастырылғанын атап өтеді. Мұндай қызметкерді қысқарту үшін арнайы комиссияның оң шешімі қажет.

Сонымен қатар зейнет жасына жету адамның міндетті түрде жұмысын тоқтатуы керек дегенді білдірмейді. Еңбек министрлігінің бұған дейінгі түсіндіруінше, зейнеткердің еңбек шарты оның еңбекке қабілеттілігі мен қажетті біліктілігі сақталған жағдайда жыл сайын шектеусіз ұзартылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз

{