Қазақстанда кей мұғалімдердің жалақысы көтерілуі мүмкін

Қазақстанда кей мұғалімдердің жалақысы көтерілуі мүмкін

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагогтердің жалақысын қайта қарау жоспарланып отыр. Бұл мәселе Құрылтайда талқыланып жатқан заң жобасы аясында қарастырылмақ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мың бала есепте тұр. Оларға қолдау көрсету үшін елде 541 арнайы мектеп, 240 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) және аутизмі бар балаларды қолдау жөніндегі 12 орталық жұмыс істейді.

Алайда қолданыстағы инфрақұрылым сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Министрдің дерегінше, шамамен 10 мың бала әлі де кезекте тұр. Осыған байланысты қосымша 16 ПМПК және сегіз түзету кабинетін ашу қажеттілігі бар.

Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа форматтағы арнайы мектептер салу жоспарланып отыр. Мұндай мекемелерде үш негізгі бағытқа басымдық берілмек: оңалту, білім беру және балаларды қолдау.

Арнайы педагогтерге сұраныс жоғары

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, қазіргі уақытта елімізде 11 мың арнайы педагог жұмыс істейді. Дегенмен бұл мамандар саны қажеттілікті толық өтемейді.

Кадр тапшылығын азайту мақсатында колледждерде мамандар даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір тоғыз колледжде 900-ден астам дефектолог, ал сегіз колледжде шамамен 200 арнайы педагог білім алуда.

Министр арнайы педагогтердің еңбекақысы да өзекті мәселе екенін атап өтті. Осыған байланысты Құрылтайда талқыланып жатқан заң жобасы аясында инклюзивті білім беру саласында жұмыс істейтін педагогтердің жалақысын қайта қарау бастамасын қолдауға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, әзірге жалақының нақты қанша пайызға немесе қандай мөлшерде өсетіні жарияланған жоқ. Бұл мәселе заң жобасын талқылау барысында нақтылануы мүмкін.

Оқи отырыңыз

{