Қазақстанда филиппиндік күтушілер трендке айналды: бағасы мен тәуекелі қандай

Қазақстанда филиппиндік күтушілер трендке айналды: бағасы мен тәуекелі қандай

Диана Орынбасар
Фото: Фото: AI көмегімен жасалды

Кейінгі жылдары Қазақстанда филиппиндік бала күтушілер мен үй қызметкерлеріне сұраныс артып келеді. Әсіресе ауқатты отбасылар, блогерлер мен танымал тұлғалардың үйінде шетелдік күтушілердің жұмыс істейтіні әлеуметтік желіде жиі айтыла бастады. Оларды Қазақстанға арнайы агенттіктер арқылы алдыратындар да бар.

Филиппиндік күтушілерді жұмысқа алу арзан емес. Агенттік қызметінің өзі бірнеше мың долларға дейін жетеді, оған қызметкердің ай сайынғы жалақысы қосылады. Сонда қазақстандық отбасылар оларды не үшін таңдайды? Бұл әлеуметтік желіден тараған тренд пе, әлде филиппиндік мамандарға сұраныстың нақты себептері бар ма?

Филиппиндік күтушіні жалдау қанша тұрады?

Әлеуметтік желілерде «филиппиндік бала күтуші» деп іздесеңіз, Қазақстанға шетелден үй қызметкерлерін әкелуге көмектесетін бірнеше агенттіктің парақшасын кездестіруге болады. Оларда күтушілер мен үй қызметкерлерінің анкеталары, еңбек тәжірибесі және көрсетілетін қызметтер туралы ақпарат жарияланған. Осындай агенттіктердің біріне хабарласып, филиппиндік күтушіні жұмысқа алудың қанша тұратынын сұрап білдік.

Фото: Коллаж AI көмегімен жасалған

Агенттік мәліметінше, Қазақстанда құжаттары дайын, визасы бар күтушіні тауып беру қызметі 1850 АҚШ долларын құрайды. Ал қызметкерді Филиппиннен алдырып, оған виза мен қажетті құжаттарды рәсімдеу керек болса, қызмет құны 3800 долларға дейін жетеді.

Егер күтушінің визасы дайын болса, біздің қызметіміз 1850 доллар тұрады. Ал Филиппиннен жаңа қызметкер алдырып, оған виза рәсімдеу қажет болса, қызмет құны – 3800 доллар. Күтушінің ай сайынғы жалақысы шамамен 1000 доллардан басталады, – деді агенттік өкілі.

Демек шетелдік күтушіні алғаш рет жұмысқа алу кезінде отбасының агенттікке төлейтін ақысы мен қызметкердің алғашқы айдағы жалақысын қосқанда шығын бірнеше мың долларға жетуі мүмкін. Агенттік қызметкердің құжаттарын, жұмыс тәжірибесін, ағылшын тілін меңгеру деңгейін тексеретінін, медициналық талдау нәтижелерін сұрататынын айтады. Сондай-ақ отбасы күтушінің жұмысын үш күн бойы байқап көре алады.

Біз кандидаттардың құжаттарын тексереміз. Ағылшын тілін қаншалықты меңгергенін қараймыз, медициналық анализдерін аламыз. Отбасы үш күн ішінде қызметкерді байқап көре алады. Егер келісімшартта қарастырылса, сәйкес келмеген кандидатты ауыстыру мүмкіндігі бар, – дейді агенттік өкілі.

Неге дәл Филиппиннен?

Агенттіктер филиппиндік күтушілерге сұраныстың бірнеше себебін атайды. Олардың сөзінше, мұндай қызметкерлердің көбі ағылшын тілін біледі және бұған дейін өзге елдерде отбасылармен жұмыс істеген. Ағылшын тілін білуі – әсіресе баласының тілді күнделікті ортада меңгергенін қалайтын ата-аналар үшін маңызды артықшылықтардың бірі.

Олардың көбі шетелде жұмыс істеп көрген, ағылшын тілін біледі. Балалармен тез тіл табысады. Ұзақ мерзімге жұмыс істеуге дайын келеді. Бала күтімімен қатар, келісімге қарай тамақ әзірлеп, үй шаруасына да көмектесе алады, – деп түсіндірді агенттік өкілі.

Агенттік филиппиндік қызметкерлерді жауапты, сабырлы, төзімді, үлкенді сыйлайтын және отбасылық құндылықтарды құрметтейтін мамандар ретінде сипаттайды. Сондай-ақ жұмыс уақытында телефонға алаңдамай, өз міндетіне көбірек көңіл бөлетінін алға тартады.

Дегенмен мұның агенттіктің өз қызметкерлеріне берген сипаттамасы екенін ескерген жөн. Қызметкердің кәсібилігі мен жауапкершілігін оның азаматтығына қарап бағалау дұрыс емес. Мұнда адамның тәжірибесі, біліктілігі мен еңбек жағдайы маңызды.

«4000 долларға алдырдық»

Филиппиндік күтушілер туралы әлеуметтік желіде жағымды пікірлермен қатар, сәтсіз тәжірибесін бөліскен қазақстандықтар да бар. Мәселен, әнші Қайрат Нұртастың інісі Заңғар Нұртас пен оның жары Индира Мауленова үйінде жұмыс істеген филиппиндік қызметкерге қатысты оқиғаны көпшілікке айтып берген еді.

Индираның сөзінше, олар қызметкерді арнайы агенттік арқылы жұмысқа алып, оны алдыруға шамамен 4000 доллар жұмсаған. Алайда біраз уақыттан кейін әйел үйде ешкім жоқ кезде заттарын жинап, кетіп қалған.

Біз оны агенттік арқылы алдық. 4000 доллар төледік. Бір күні үйде ешкім жоқ кезде заттарын жинап, паспортын алып, кетіп қалған. Үйдегі ақша мен кейбір заттарымыздың да жоғалғанын байқадық, – деді Индира Мауленова.

@indira_maulenova

Филиппин көмекшім жайлы адамдардың сұрағына жауап ал сіздер қалай ойлайсыздар, көмекшіні агентсвомен алған дұрыс па әлде өзің тапқан ба?

♬ оригинальный звук - indira_maulenova

Оның айтуынша, осы жағдайдан кейін отбасы агенттікке хабарласқан. Алайда мәселені шешуде күткен көмегін ала алмаған.

Агенттікке хабарласқанымызда, бізге “паспортын жақсылап тығып қою керек еді” деді. Бірақ адамның паспортын алып қою қаншалықты дұрыс? Осы жағдайдан кейін үйге адам аларда оның кім екенін, бұрын қайда жұмыс істегенін жақсылап тексеру керек екенін түсіндім, – деді ол.

Индира Мауленова қазақстандық емес, шетелдік қызметкерді таңдауының себебін де түсіндірген. Оның сөзінше, отбасы көпшілікке танымал болғандықтан, үйдегі жеке ақпараттың сыртқа шықпауын қалаған.

«Келесі күні заттарын жинап, кетіп қалды»

Осыған ұқсас жағдайды блогер Мадина Жәниева да әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен. Оның айтуынша, филиппиндік күтушісі алдын ала ештеңе айтпастан үйден кетіп қалған. Бір қызығы, бір күн бұрын блогер одан жұмыстан кеткісі келе ме деп тікелей сұраған.

Біздің филиппиндік күтушіміз ештеңе айтпастан кетіп қалды. Ең қызығы, бір күн бұрын өзіне барып: “Егер кеткің келсе, маған ашық айт”, – деп сұрадым. Жалақысы төленген, төлқұжаты өзінде болды. Ол “жоқ, кеткім келмейді” деп жауап берді. Ал келесі күні барлық затын жинап, кетіп қалды, – деді Мадина Жәниева.

@mdzhanievaaa наша няня филиппинка сбежала🇵🇭 Были ли у вас похожие случаи? #няняфилиппинка #филиппирка #няня #алматы #казахстан оригинальный звук - mdzhanievaa

Блогер күтушінің мұндай шешім қабылдауына жеке себептері болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Оның сөзінше, жұмыс ауыр болуы немесе басқа жағдайлар әсер етуі ықтимал.

Мүмкін, оның жеке себептері болған шығар. Мүмкін, жұмыс тым қиын болған шығар, білмеймін. Бірақ осы жағдайдан кейін бір қорытынды жасадым: шетелдік күтуші алсаңыз, тек тексерілген агенттік арқылы алған дұрыс. Өйткені адам осылай ескертпей кетіп қалса, сол жағдаймен жалғыз қаласыз және оған ешкім жауап бермейді. Енді қайтадан күтуші іздеп жатырмыз, – деді блогер.

Агенттік қауіпсіздікке кепілдік бере ме?

Қазақстандықтардың әлеуметтік желіде бөліскен бұл оқиғалары тағы бір мәселені көрсетеді: агенттік арқылы қызметкер алу тәуекелдің мүлде болмайтынына кепілдік бермейді. Сондықтан бірнеше мың доллар төлемес бұрын тек күтушінің анкетасын емес, агенттікпен жасалатын келісімшартты да мұқият қараған жөн. Қызметкер жұмыстан өз еркімен кетсе не болады, оны ауыстырып бере ме, жаңа кандидат үшін қайта ақы төлеу керек пе, агенттік қандай жағдайда жауапкершілік алады – мұның бәрі алдын ала жазбаша бекітілгені дұрыс.

Күтушінің бұрын жұмыс істеген отбасыларынан ұсыныс хат немесе байланыс деректерін сұрап, еңбек тәжірибесін тексеру де маңызды. Өйткені бұл жерде мәселе тек бірнеше мың долларда емес. Отбасы бөтен адамға үйін, күнделікті тұрмысын, ең бастысы, баласын сеніп тапсырады. Сонымен бірге шетелдік қызметкердің де еңбек құқығы сақталуы керек. Оның төлқұжатын алып қоюға немесе жасырып қоюға болмайды. Жұмыс уақыты, демалысы, атқаратын міндеттері мен еңбекақысы екі тараптың келісімінде нақты көрсетілгені жөн.

Филиппиндік күтушілерге сұраныстың артуына ағылшын тілін білуі, шетелде жұмыс істеу тәжірибесі және ұзақ мерзімге жұмыс істеуге дайын болуы әсер етіп отыр. Алайда жоғары баға мен агенттік қызметі мінсіз қызметке автоматты түрде кепілдік бермейді. Сондықтан күтуші таңдағанда оның қай елден келгеніне емес, тәжірибесіне, біліктілігіне, бұрынғы жұмыс орнындағы пікірлерге және екі тараптың жауапкершілігін нақтылайтын келісімге назар аударған дұрыс.

Оқи отырыңыз

{