Қазақстанда энергия тұтыну нормасынан асқандарға айыппұл салынуы мүмкін

Қазақстанда энергия тұтыну нормасынан асқандарға айыппұл салынуы мүмкін

Амангүл Тілейқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда энергия ресурстарын үнемдеуге қатысты талаптар күшейтілмек. Құрылтай депутаттары жалпы отырыста энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта энергия тұтыну нормаларын сақтамаған ұйымдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.

Заң жобасын таныстырған депутат Арман Қалықов елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

Бүгінде Қазақстанның алдында өнеркәсіпті дамыту, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және экономиканы цифрландыру бойынша ауқымды міндеттер тұр. Бұл ретте энергетикалық ресурстар өндірісін ұлғайтып қана қоймай, оларды ұтымды әрі тиімді пайдалану қажет, – деді депутат.

Оның айтуынша, 2025 жылы Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға өскен. Энергия ресурстарын негізгі тұтынушылардың қатарында мемлекеттік, коммерциялық және тұрғын үй нысандары бар.

5 мың әлеуметтік нысанның энергия тұтыну көрсеткіші зерттеледі

Заң жобасы аясында мектептер, ауруханалар мен балабақшаларды қоса алғанда, бюджеттік мекемелерде энергия үнемдеуді мемлекеттік реттеу шараларын кеңейту ұсынылып отыр.

Атап айтқанда, Мемлекеттік энергетикалық тізілім аясында қосымша 5 мың әлеуметтік маңызы бар нысанның энергия тұтыну көрсеткішіне жан-жақты талдау жүргізіліп, олардың энергия тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдар әзірленбек.

Заң жобасын әзірлеушілер бұл шаралар мемлекеттік ғимараттарға энергия үнемдейтін технологияларды енгізуге, белгіленген температуралық режимді сақтауға және энергия шығынын азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.

Айыппұл мөлшері 50 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін

Заң жобасында энергия тиімділігі талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алған лауазымды тұлғалар мен коммерциялық емес ұйымдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылған. Сонымен қатар мынадай талаптарды бұзғаны үшін айыппұл енгізу көзделген:

  • энергия тұтынудың белгіленген нормасынан асу;
  • энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша қорытындының болмауы;
  • энергия үнемдеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлемеу және бекітпеу;
  • Мемлекеттік энергетикалық тізілімге қажетті ақпаратты ұсынбау;
  • энергия ресурстары мен суды тұтыну көлемін жыл сайын төмендету жөніндегі міндетті талаптарды орындамау.

Депутаттың айтуынша, талаптарды орындамаған ұйымдарға алғашқы жылы ескерту жасау ұсынылып отыр.

Жұмыс тобында депутаттар бастапқы ұсынылған айыппұл мөлшерін қолдамады. Барлық пікірді ескере отырып, ескерту жасау туралы түзету енгіздік. Бірінші жылы ескерту жасалса, екінші жылдан бастап 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Энергия үнемдеу шараларын жүйелі түрде орындамаған жағдайда айыппұлдың ең жоғары мөлшері 50 АЕК-ті құрайды. Әзірге бұл ұсынысты талқылауға шығарып отырмыз, – деді Арман Қалықов.

Айта кетейік, ұсынылып отырған айыппұлдар қарапайым тұрғындарға емес, коммерциялық емес ұйымдар мен Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілеріне қатысты. Заң жобасы әзірге бірінші оқылымда ғана мақұлданды.

Оқи отырыңыз

{