30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыҚазақстанда емханаға тіркелу тәртібі өзгерді. Бұған дейін азаматтар басқа медициналық ұйымды таңдау үшін 1 қыркүйекте басталатын арнайы кезеңді күтетін. Енді емхананы жылына бір рет кез келген уақытта ауыстыруға болады. Жаңа тәртіп мемлекеттік те, МӘМС қоры арқылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін жекеменшік емханаларға да қатысты.
Емхананы енді кез келген уақытта ауыстыруға мүмкіндік бар
Бұған дейін қазақстандықтар емхананы еркін таңдау мүмкіндігін көбіне жыл сайын 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында өтетін тіркеу науқаны кезінде пайдаланатын. Жаңартылған тәртіп бойынша мұндай арнайы кезең болмайды.
Енді азамат басқа емханаға ауысқысы келсе, белгілі бір айды күтудің қажеті жоқ. Медициналық ұйымды жылына бір рет кез келген уақытта өз қалауымен ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Ол үшін емхананы ауыстыру себебін көрсету де талап етілмейді.
Сонымен қатар жаңа тәртіпте азаматтың меншік нысанына қарамастан бір ғана емханаға тіркелуі, медициналық ұйымдардың қызмет көрсету аумақтары және халықтың жекелеген санаттарын тіркеу ерекшеліктері нақтыланады.
Студенттер, курсанттар мен әскери қызметшілерді тіркеу тәртібі де жеке қарастырылған. Балалар мен жүкті әйелдерге медициналық көмектің қолжетімді болуы және патронаж қызметінің үздіксіз жүргізілуі үшін отбасылық және аумақтық қағидатқа басымдық беріледі.
Сондай-ақ елден тұрақты тұруға кеткен немесе хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды тіркеуден шығару тетігі қарастырылған.
Қандай емхананы таңдауға болады?
Азамат мемлекеттік емханамен ғана шектелмейді. МӘМС қорымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге шарт жасасқан жекеменшік медициналық ұйымды да таңдауға болады.
2026 жылы қор алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша 687 медициналық ұйыммен шарт жасасқан. Оның 355-і мемлекеттік, 332-сі жекеменшік ұйым.
Сондықтан тіркелмес бұрын таңдаған клиниканың МӘМС жүйесі аясында алғашқы медициналық көмек көрсететін-көрсетпейтінін нақтылап алған жөн. Мұны медициналық ұйымның тіркеу бөлімі арқылы білуге болады.
Емханаға тіркелу жолдары
Емханаға тіркелудің екі жолы бар: eGov порталы арқылы онлайн өтініш беру немесе медициналық ұйымға тікелей бару.
Онлайн тіркелу үшін eGov порталынан алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу қызметін таңдап, қажетті емхананы көрсету және өтінішті электрондық цифрлық қолтаңбамен растау қажет.
Өтініштің нәтижесі келесі жұмыс күні белгілі болуы тиіс. Азаматқа тіркелгені туралы хабарлама келеді немесе өтініш қабылданбаса, оның себебі көрсетіледі.
ЭЦҚ болмаған жағдайда жеке куәлікпен емханаға барып, өтініш беруге болады. Мұндай өтініш те бір жұмыс күні ішінде қаралады. Қызмет тегін көрсетіледі.
Дәрігер таңдауда учаскедегі жүктеме ескеріледі
Емхананы таңдағанымен, азаматтың өзі қалаған учаскелік дәрігерге автоматты түрде тіркелуіне кепілдік жоқ. Себебі әр дәрігерге бекітілетін пациенттер саны бойынша белгіленген жүктеме бар.
Қолданыстағы норматив бойынша:
Егер пациент нақты бір дәрігердің бақылауында болғысы келсе, бұл мәселені емхана әкімшілігімен келісуге болады. Бірақ таңдаған дәрігердің учаскесінде бос орын болуы керек.
Пациенттерді учаскелер бойынша бөлу мәселесін медициналық ұйым өзі реттейді.
Басқа аудандағы емханаға тіркелуге бола ма?
Емхананы еркін таңдау құқығы сақталғанымен, аумақтық қолжетімділік қағидаты ескеріледі. Яғни медициналық ұйым азаматтың нақты тұратын жерінен тым алыс болмауы керек.
Мұның маңызды себебі бар. Кейбір медициналық қызмет, соның ішінде дәрігерді үйге шақыру адамның тұрғылықты мекенжайына байланысты көрсетіледі.
Сондықтан әсіресе жүкті әйелдер мен 17 жасқа дейінгі балаларға нақты тұратын жеріне жақын емханаға тіркелу ұсынылады. Бұл патронаж бен үй жағдайында көрсетілетін медициналық көмекті ұйымдастыру үшін қажет.
Мысалы, адам Алматы облысының Талғар қаласында тұрып, Алматыда жұмыс істесе, тек жұмыс орнына жақын болғаны үшін қаладағы емханаға тіркеле алмайды. Өйткені мұндай жағдайда аумақтық қызмет көрсету қағидаты сақталмайды.
Ал азаматтың жұмыс орны мен тұрғылықты жері бір аумақта болса, жұмысқа жақын орналасқан медициналық ұйымды таңдауға мүмкіндік бар.
Емхана қандай жағдайда тіркеуден бас тарта алады?
Емхана өтінішті бірнеше жағдайда қабылдамауы мүмкін. Соның бірі – eGov арқылы берілген өтініште қате немесе дұрыс емес мәліметтің көрсетілуі.
Сондай-ақ азамат медициналық ұйым қызмет көрсететін аумақтан тыс жерде тұрса немесе емханадағы учаскелердің жүктемесі белгіленген шектен асып кетсе, тіркеуден бас тартылуы ықтимал.
Егер медициналық ұйымда жаңа пациенттерді қабылдайтын мүмкіндік болмаса және қосымша учаске ашу мүмкіндігі қарастырылмаса, емхана бас тарту себебін түсіндіріп, жақын маңдағы басқа медициналық ұйымға жүгінуді ұсынуы тиіс.
Емханада орын болмаса қайда жүгіну керек?
Жаңа тұрғын үй кешендері көп салынған аудандарда емханадағы учаскелердің толып қалуы мүмкін. Бірақ бұл азамат алғашқы медициналық көмексіз қалуы керек дегенді білдірмейді.
Мұндай жағдайда медициналық ұйым пациентті тұрғылықты жері бойынша қабылдаудың жолын қарастыруға тиіс. Мәселен, қосымша учаске ұйымдастыру мүмкіндігі қаралады.
Егер мәселе шешілмесе, азамат емхана әкімшілігінен ресми жазбаша жауап сұрай алады. Одан кейін өңірдің денсаулық сақтау басқармасына жүгінуге болады. Мәселе пациенттерді учаскелер арасында қайта бөлу немесе жақын орналасқан басқа емханаға тіркеу арқылы шешілуі мүмкін.
Келісімсіз басқа емханаға ауыстыруға жол берілмейді
Жалпы тәртіп бойынша адамның өтінішінсіз оны бір емханадан екіншісіне ауыстыруға болмайды. Әдетте азамат жаңа медициналық ұйымды өзі таңдаған кезде бұрынғы емханадан автоматты түрде шығарылады.
Дегенмен медициналық ұйымның таратылуы немесе қайта ұйымдастырылуы сияқты заңда көзделген жекелеген жағдайлар болуы мүмкін.
Егер азамат өзінің басқа емханаға келісімінсіз тіркелгенін байқаса, алдымен eGov арқылы қазіргі тіркелу мәртебесін тексерген жөн. Кейін бұрынғы және жаңа медициналық ұйымнан түсініктеме сұрауға болады.
Мәселе шешілмесе, денсаулық сақтау басқармасына немесе eOtinish сервисі арқылы өтініш беруге болады.
Қазақстанда қанша адам емханаға тіркелген?
2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша елімізде 34 мыңнан астам адам ешбір емханаға тіркелмеген.
Ал 1 шілдедегі дерек бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға 20 миллионнан астам адам бекітілген. Мемлекеттік медициналық ұйымдарда 9,4 миллион ересек адам мен 4,8 миллион бала, ал жекеменшік клиникаларда 4 миллион ересек және 1,8 миллион бала тіркелген.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды