Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр

Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр

Асқар Таудай
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Бүгін, 29 қараша, жексенбі күні Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Ел аумағындағы сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-де ашылды.

Алайда кейбір қазақстандықтар таңғы сағат 06:00-ден бастап дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, әскери бөлімдердегі сайлау учаскелері жұмысын ерте бастады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 101 учаскеде дауыс беру сағат 06:00-де, қалған учаскелерде сағат 07:00-де басталған.

Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі барлық деңгейдегі мәслихаттарды мерзімінен бұрын таратуды ұсынған болатын.

12 қазанда президент барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Келесі күні Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлау 29 қарашада өтетінін хабарлады.

Қараша айының басында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров депутаттыққа кандидаттарды тіркеу қорытындысын жариялады. Республика бойынша барлығы 10 971 кандидат тіркелген.

Дауыс беру бюллетеньдері

Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттарын сайлауға арналған бюллетеньдердің үлгілерін таныстырған болатын.

Бюллетеньге тіркелген кандидаттардың тегі, аты және әкесінің аты мемлекеттік тілдің әліпби тәртібімен енгізіледі. Сондай-ақ «Бәріне қарсымын» деген жол қарастырылған.

Саяси партиялардың атаулары бюллетеньге жеребе арқылы анықталған тәртіппен енгізіледі. Сайлауда бюллетеньдердің үш түрі қолданылады.

Сайлауға қанша қаражат бөлінді?

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, сайлауды өткізуге арналған бюджет Қаржы министрлігімен және Ұлттық экономика министрлігімен келісілген.

«Бұл іс-шараны өткізуге 35,8 млрд теңге бөлінеді. Ауқымы жағынан бұл сайлау Құрылтай сайлауымен шамалас», – деген еді ол.

Қандай әрекеттер үшін айыппұл салынады?

Бас прокуратура сайлау қарсаңында қазақстандықтарға заң талаптарын түсіндіріп, қандай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге тыйым салынады.

Бұл талапты бұзған жеке тұлғаларға 10 АЕК (43 250 теңге), ал заңды тұлғаларға 25 АЕК (108 125 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Астана мен Алматыда дауыс беру қалай өтіп жатыр?

Астана әкімдігінің мәліметінше, сайлау учаскелерінде азаматтардың барлық санаты, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қажетті жағдай жасалған.

Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне өз бетінше келе алмайтын азаматтарға тұрғылықты жерінде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған.

Алматыда да тұрғындар таңсәріден сайлау учаскелеріне келіп жатыр. Олардың арасында отбасымен бірге дауыс беруге келгендер де көп.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, алғашқы сайлаушыларға шағын сыйлықтар дайындалып, учаскелерде интерактивті алаңдар мен тақырыптық фотозоналар ұйымдастырылған.

«Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға тең мүмкіндік жасау мақсатында қалада 170 инватакси көлігі мен 80 сурдоаудармашы жұмылдырылған. Сонымен қатар 41 сайлау учаскесінде Алматыда тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға дауыс беруге мүмкіндік беретін бір күндік тіркеу қызметі жұмыс істейді», – деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сайлау учаскелерінде электрондық үкімет порталы арқылы тұрғылықты жері бойынша тіркеу деректерін тексеруге арналған онлайн қызметтер де қолжетімді.

Өзін сайлаушылар тізімінен таппаған азаматтар тіркеу деректерін нақтылап, тиісті сайлау учаскесінің тізіміне енгізіле алады.

Оқи отырыңыз

{