Қазақстанда әскери билеттерді беру тәртібі өзгерді

Қазақстанда әскери билеттерді беру тәртібі өзгерді

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда әскери билеттерді беру, азаматтарды әскери есепке қою және әскери қызметке шақыруға қатысты ережелерге өзгерістер енгізілді. Тиісті бұйрыққа Қорғаныс министрі қол қойған. 

2026 жылғы 21 қазанда қабылданған құжат Әділет министрлігінде 30 қазанда тіркелген. Жаңа түзетулер әскери есепке алу, әскери қызметке шақыру және әскери-техникалық даярлыққа қатысты бірнеше мемлекеттік қызметтің тәртібін қамтиды.

Әскери билетті кімдер ала алады?

Жаңартылған ережелерде бейбіт уақытта әскери билет берілетін азаматтардың санаттары нақты көрсетілген.

Олардың қатарында әскери қызметке шақырылған азаматтар, әскери оқу орындарының курсанттары, әскери-техникалық даярлықтан өткен азаматтар, сондай-ақ запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау бағдарламаларын аяқтаған адамдар бар.

Ал әскери қызметтен өтпеген немесе тиісті әскери даярлықтан өтпеген қазақстандықтарға қатысты бұрынғы тәртіп сақталады. Оларға әскери билеттер тек мобилизация, әскери жағдай және соғыс уақытында беріледі.

Жеке деректер өзгерсе, не істеу керек?

Құжатта азаматтың тегі, аты, әкесінің аты, туған күні немесе туған жері өзгерген жағдайда әскери билетке түзету енгізу тәртібі де нақтыланған.

Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесіне тиісті мәліметтер түскеннен кейін азаматқа деректерді жаңарту қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. Хабарлама мобильді телефонға немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетке келуі мүмкін.

Азамат өтініш білдіргеннен кейін жергілікті әскери басқару органдары қажетті өзгерістерді бір сағат ішінде енгізуге міндетті. Жаңартылған жазбалар елтаңбалы мөрмен расталады.

Әскери билетті немесе оның телнұсқасын қалай алуға болады?

Әскери билет немесе оның телнұсқасын алу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы беруге болады. Дайын құжат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы, соның ішінде өтініш беру кезінде таңдалған филиалдан беріледі.

Мемлекеттік қызмет бес жұмыс күні ішінде көрсетіледі және тегін.

Егер өтініште қате, дәлсіздік немесе жетіспейтін құжаттар анықталса, өтініш берушіге хабарлама жіберіледі. Кемшіліктерді түзету үшін үш жұмыс күні беріледі. Осы уақыт аралығында қызмет көрсету мерзімі тоқтатылады.

Егер азамат қателерді белгіленген мерзімде түзетсе, құжаттардың тапсырылған күні бастапқы өтініш берілген күн болып есептеледі. Ал кемшіліктер уақытында жойылмаса, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылуы мүмкін.

Сондай-ақ азамат әскери есепте тұрмаған жағдайда да өтініші қабылданбауы ықтимал.

Әскери билетін жоғалтқан немесе бүлдірген азаматтарға бөлек талаптар қойылады. Мұндай жағдайда өтінішке құжатты қасақана бүлдіргені немесе жоғалтқаны үшін әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны тіркеу қажет.

Егер әскери билет азаматқа байланысты емес себептермен жоғалса немесе бүлінсе, уәкілетті мемлекеттік органның тиісті анықтамасы талап етіледі.

Әскери есепке қою тәртібі де өзгереді

Жаңа түзетулер әскери есепке қою қызметіне де қатысты. Енді бұл үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы беруге болады. Қызмет нәтижесі электрондық форматта рәсімделеді.

Құжаттардан қателер анықталған жағдайда оларды түзетуге екі жұмыс күні беріледі.

Сонымен қатар әскери қызмет өткеру туралы мәліметтерді өзектендіру тәртібі нақтыланды. Егер қажетті ақпарат болмаса, жергілікті әскери басқару органдары мемлекеттік органдар мен архивтерге, соның ішінде шетелдік мекемелерге сұрау жібере алады.

Мұндай жағдайда қызмет көрсету мерзімі 90 жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін.

Әскери-техникалық даярлыққа қатысты талаптар

Әскери-техникалық даярлықтан өту кезегіне тұру үшін де өтініш eGov.kz порталы арқылы беріледі. Оған медициналық куәландыру картасының электрондық көшірмесін тіркеу қажет.

Бұл құжат әскери қызметке жарамдылығы туралы қорытынды алынғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде жарамды болады.

Өтініш берілген кезде жүйе азаматтың белгіленген талаптарға сәйкестігін, соның ішінде жасын және жынысын тексереді. Әскери-техникалық даярлықтан өтуге 24 жастан асқан азаматтар қабылданады. Тексеруден кейін өтініш беруші оқудан өтетін ұйымды таңдай алады.

Бұдан бөлек, жаңа бұйрықта әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату туралы өтініштерді қарау тәртібі де нақтыланған.

Жаңа ережелер қашан күшіне енеді?

Қорғаныс министрінің бұйрығы алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң, яғни 2026 жылғы 14 қарашадан бастап күшіне енеді.

Еске салайық, 2026 жылғы шілдеде Қазақстанда әскери есепке алу қағидалары жаңартылған болатын. Өзгерістерге сәйкес, 17 жастағы бозбалаларды әскери комиссариатқа бармай-ақ автоматты түрде әскери есепке қою басталды. Осындай тәртіп әскери-есептік мамандық алған әйелдерге де енгізілді.

Сонымен қатар әскери қызметтен өтпеген немесе әскери даярлықтан өтпеген азаматтарға бейбіт уақытта қағаз түріндегі әскери билеттер берілмейтін болды. Олар туралы мәліметтер енді Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесінде сақталады.

Сондай-ақ тұрғылықты жері өзгерген кезде әскери есепке қою және заңда белгіленген негіздер бойынша есептен шығару рәсімдері автоматтандырылды.

Оқи отырыңыз

{