Қазақстанда ақылы жолдардың төлем жүйесі өзгеруі мүмкін: бұл кімдерге қатысты?

Қазақстанда ақылы жолдардың төлем жүйесі өзгеруі мүмкін: бұл кімдерге қатысты?

Аян Қайырбаев
Фото: Қазавтожол

Қазақстанда ақылы автомобиль жолдарымен жүретін жүк көліктеріне арналған төлем жүйесін жетілдіру мәселесі талқыланып жатыр. Ұсынылып отырған өзгерістер отандық және шетелдік жүк тасымалдаушыларға қатысты болуы мүмкін. Ал жеке жеңіл автокөлік иелері үшін жол ақысының қазіргі тәртібін өзгерту әзірге жоспарланбаған. 

Жүк көліктеріне арналған төлем жүйесі өзгереді

Үкіметте ақылы автомобиль жолдары мәселелері жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық етті.

Кездесуде жол ақысын жинаудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру және автомобиль жолдарын күтіп ұстау мен жөндеуді тұрақты қаржыландыру мәселелері қаралды.

Үкімет өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта жаңа жолдар салынғанымен, оларды күтіп ұстау мен жөндеуге кететін шығынның басым бөлігі бюджет есебінен өтеледі. Осыған байланысты жол инфрақұрылымының өзін-өзі қаржыландыруына мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру ұсынылып отыр.

Біз автомобиль жолдарын салып жатырмыз, алайда оларды күтіп ұстау мен жөндеу шығындарын әлі де бюджет есебінен өтеп келеміз. Жол инфрақұрылымы өзінің күтіп-ұстау шығындарын өзі қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру қажет, – деді Серік Жұманғарин.

Жүк тасымалдаушылар үшін қандай ұсыныстар бар?

Жұмыс тобының отырысында сала мамандары бірнеше бастама көтерді. Сақтандыру саласының тәуелсіз сарапшысы Айгерім Қарабыйықоғлу Қазақстан мен көрші мемлекеттердегі ақылы жол тарифтерінің айырмашылығына назар аударды.

Ол тарифтерді өңірлік деңгейге сәйкестендіру мүмкіндігін зерттеуді және отандық тасымалдаушылар үшін бөлек шарттар қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар шетелдік жүк көліктері мемлекеттік шекарадан өткен кезде оларды сақтандыру тетігін енгізу мәселесін пысықтауды ұсынған.

Мұндай тәсіл ауыр жүк көліктерінің жол инфрақұрылымына келтіретін әсерін өтеуге және жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға қосымша қаражат тартуға мүмкіндік беруі мүмкін.

Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бизнес-талдаушысы Фархад Нұрқамалов көлік компанияларына жылдық абонемент енгізу бастамасын көтерді.

Бұл жүйе бойынша тасымалдаушылар алдын ала жоспарланған жол жүру қашықтығы үшін төлем жасап, көп көлемде қатынайтын жағдайда шығындарын оңтайландыра алады. Сондай-ақ төлемдердің жиналуын жақсартып, берешекті азайтуға ықпал етуі мүмкін.

Көліктің экологиялық класы да ескерілуі мүмкін

Жиында тарифтерді көлік құралдарының техникалық сипаттамаларына қарай саралау мәселесі де талқыланды.

Мәжілістің VIII шақырылым депутаты, логистика және көлік саласының сарапшысы Болатбек Нажметдинұлы жол ақысын автомобильдердің экологиялық класына, шығарындылар деңгейіне және жол жабынына түсіретін салмағына қарай белгілеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Бұдан бөлек, жүк тасымалдарының ашықтығын арттыру және жол ақысын төлеу талаптарының сақталуын бақылау мәселесі көтерілді.

Осы мақсатта ақылы жол учаскелерінде жүк көліктерінің қозғалысын бақылауға арналған цифрлық құралдарды кеңінен пайдалану ұсынылды.

Жеңіл көлік жүргізушілері жол ақысын бұрынғыдай төлей ме?

Үкімет таратқан ақпаратқа сәйкес, талқыланып жатқан ұсыныстар жеке жеңіл автокөлік иелеріне қатысты емес.

Негізгі назар коммерциялық жүк көлігіне аударылып отыр. Оның ішінде отандық және шетелдік тасымалдаушылар үшін төлем жүйесін жетілдіру көзделген.

Дегенмен әзірге бұл бастамалар нақты бекітілген ереже емес, жұмыс тобы қарастырып жатқан ұсыныстар екенін ескерген жөн.

Жаңа ұсыныстар қашан белгілі болады?

Отырыс қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдеріне ұсыныстарды егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.

Негізгі талап – тасымалдаушылар мен кәсіпкерлердің мүддесін ескере отырып, жол инфрақұрылымын күтіп ұстау шығындарын әділ бөлу.

Бастапқы ұсыныстарды қараша айының соңына дейін әзірлеп, жұмыс тобының келесі отырысына енгізу тапсырылды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ақылы жолдардағы тарифтерді көтеру мүмкіндігі қарастырылып жатқаны хабарланған еді. Бұл туралы 4 қарашада Үкімет кулуарында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеген болатын.

Бұған дейін «Ақтөбе – Қандыағаш» жолы ақылы болған еді.

Оқи отырыңыз

{