Қазақстанда аптап ыстықтан 26 адам көз жұмды

Қазақстанда аптап ыстықтан 26 адам көз жұмды

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz архиві

Соңғы бірнеше айда Қазақстанда аптап ыстықтың салдарынан 26 адам қайтыс болды. Бұл туралы BES.media басылымына Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының бас маманы Зауре Нұритдинова мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3-4 есе артқан. Былтыр аптап ыстықтан 7 адам көз жұмған болатын.

Қарттар мен сәбилер – қауіп тобында

Зауре Нұритдинованың айтуынша, қалыптан тыс ыстыққа ең осал топқа егде жастағы адамдар, диспансерлік есепте тұрған науқастар және созылмалы аурулары бар ерте жастағы балалар жатады.

Маманның сөзінше, кішкентай балалардың ағзасындағы жылу алмасу жүйесі толық қалыптаспағандықтан, олар күн өтуі мен қызып кетуге жиі ұшырайды.

Сондай-ақ қауіп тобына жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар азаматтар кіреді. Бұдан бөлек, ашық аспан астында еңбек ететін құрылысшылар мен басқа да жұмысшылар аптап күндері медициналық көмекке жиі жүгінеді.

2 700 адам күн өтуінен медициналық көмекке жүгінген

Зауре Нұритдинованың мәліметінше, соңғы айларда жедел медициналық көмекке жүгінген 30 мың адамның 2 700-іне күн өтуі, ағзаның қызып кетуі және сусыздану белгілері бойынша көмек көрсетілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп.

Сонымен қатар аптап ыстыққа байланысты 200-ге жуық адам ауруханаға жатқызылған.

Аптап ыстық гипертония жағдайларын көбейтті

Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсе мәліметінше, Қазақстанда экстремалды ыстық жаңа температуралық рекордтармен қатар, дәрігерлерге жүгіну көрсеткішінің де артуына әсер етіп отыр.

Қордың деректеріне сәйкес, Орталық Азиядағы ауа температурасы әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жылдам өсіп келеді. Бұл жағдай қазақстандықтардың денсаулығына да айтарлықтай ықпал етуде.

Мәселен 2026 жылғы маусым айында елімізде артериялық гипертонияға байланысты шұғыл медициналық көмек көрсету жағдайлары 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға артқан.

Бұған дейін Еуропадағы аптап ыстықтан бір аптада 1300-ден астам адам көз жұмған еді.

Оқи отырыңыз

{