Кеше, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожеліҚазақстанда сегіз ірі инвестициялық жоба шеңберінде медициналық препараттардың 494 атауын өндіруді жолға қою жоспарлануда.
Оларды жүзеге асыру отандық дәрі-дәрмектер шығаруды кеңейтуге, 1 200-ден астам жұмыс орнын ашуға және елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігі жасаған сегіз инвестициялық жоба бойынша келісімдердің жалпы сомасы $862 млн-ды құрайды. Өндіріс кезең-кезеңімен игерілетін болады: дәрі-дәрмектердің алғашқы 300 атауын 2027-2030 жылдары шығару жоспарлануда.
Отандық фармацевтика өнеркәсібі тұрақты өсуді көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық дәрі-дәрмектерді өндіру көлемі 37%-ға артты. 2026 жылдың сегіз айында 157 млрд теңгеге өнім өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 30%-ға артық. Соңғы 2 жылда салаға салынған инвестициялар көлемі 3,3 есеге, ал экспорт 1,9 есеге өсті.
Экспортқа жолданатын негізгі мемлекеттер қатарына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Молдава кірді. Отандық фармацевтикалық өнімнің халықаралық нарықтарға шығуының бір мысалы Шымкентте өндірілген қант диабетін емдеуге арналған дәрілік препаратының бірінші партиясын Болгарияға жеткізу болды.
Саланы одан әрі дамыту үшін Министрлік өндірушілермен ұзақмерзімді шарттарды кеңейтуді және отандық өнімді сатып алу тетіктерін жетілдіруді жалғастырады. Жаңа жобаларды жүзеге асыру елдің өндірістік базасын нығайтуға және қазақстандық өндірістегі дәрі-дәрмектер ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде пациенттерге ақысыз берілетін дәрі-дәрмектердің тізбесін кеңейту жоспарлануда. Оған 14 ауруды емдеуге арналған 22 препарат кіреді. Қазіргі клиникалық ұсыныстарды ескере отырып, қолданыстағы тізбе қайта қаралуда. Бұл ретте тізбеден төмен сұранысқа ие және тиімділігі төмен 26 ауру бойынша 52 дәрілік препарат алынып тасталды.
Денсаулық сақтау министрі тізімді жаңарту заманауи терапияның қолжетімділігін арттыруға және пациенттерді тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген қажетті препараттармен қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
21 жасқа дейінгі қант диабетімен ауыратын науқастарды, сондай-ақ жүкті әйелдерді инсулин помпаларымен және қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз ету аясы кеңейтілді. Бұл өзгерістер пациенттер үшін қажетті емнің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
2025 жылдан бері «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы электрондық рецепт бойынша дәрілік заттармен қамтамасыз ету үлесі 82%-ға жетті. Бұл дәрі-дәрмектерді пациенттерге тікелей жіберу процесінің ашықтығын арттырады.
Сонымен қатар, сатып алу рәсімдерінің тиімділігі артуда. Пациенттерді қажетті дәрі-дәрмектермен уақтылы қамтамасыз ету үшін 2027 жылға арналған сатып алу науқаны өткен жылмен салыстырғанда үш ай бұрын басталды. Қыркүйек айында препараттардың қажетті көлемінің 84%-ы сатып алынды. Дәрі-дәрмек тапшылығының пайда болу қаупін төмендету мақсатында төмендетілмейтін қордың көлемі 35%-ға ұлғайды.
Осы жылдың соңына дейін Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында қажеттіліктің 95-100%-ы көлемінде 2027 жылға арналған медициналық препараттардың қажетті қоры қалыптастырылатын болады.
Денсаулық сақтау министрлігі пациенттердің қажеттіліктеріне басымдық бере отырып, ақысыз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруді жалғастырады.
Елімізде жаңа дәрілік препараттарды тіркеу мерзімі 15 жұмыс күніне дейін қысқарды
Бұдан бөлек сапаны бақылау стандарттары жоғары елдерде өндірілген дәрілік заттарды жедел тіркеу тетігі енгізілді. Енді мұндай препатарттарды тіркеу 15 жұмыс күнінде жүзеге асырылады. Жаңа тәртіп пациенттердің заманауи және инновациялық дәрілік препараттарға қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бүгінде осы рәсім шеңберінде АҚШ, Германия, Франция, Дания, Ұлыбритания және Корея Республикасы өндірген 16 дәрілік зат пен медициналық препарат тіркелген.
Біз заманауи дәрілік заттардың Қазақстан нарығына жылдам шығуына жағдай жасап жатырмыз. Бұл ретте препараттардың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар біздің басты басымдығымыз болып қала береді. Азаматтар үшін бұл, ең алдымен, емдеудің жаңа әдістеріне қол жеткізу мүмкіндігі, – деп атап өтті министр.
Заңнамаға енгізілген өзгерістер аясында тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік беретін «бір терезе» қағидаты да енгізілді. Жаңа тетік арқылы қазірдің өзінде 600-ден астам қызмет көрсетілген.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап өндірушінің өтінімін күтпей-ақ, мемлекет бастамасымен өмірлік маңызы бар дәрілік препараттарды тіркеу мүмкіндігі қарастырылған.
Бүгінде тіркеу құжаттарын талдау және сараптама тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні қоса алғанда, цифрлық технологиялар енгізілуде.
Препараттардың сапасын мемлекеттік бақылауды күшейтуге және олардың жанама әсерлерді бақылау жүйесін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде.
Халықаралық деңгейдегі маңызды жетістіктің бірі – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реттеуші жүйенің үшінші деңгейін растауы. Қазақстан ТМД елдері арасында бұл деңгейге алғаш болып қол жеткізді.
Келесі кезеңде зертханалық инфрақұрылымды дамыту көзделген. Атап айтқанда, Астана қаласында вакциналарды сынақтан өткізуге, олардың сапасы мен қауіпсіздігін тәуелсіз бағалауға арналған заманауи кешен салу жоспарланып отыр.
Қабылданып жатқан шаралар дәрілік заттардың сапасына қойылатын жоғары талаптарды сақтай отырып, халықтың заманауи препараттарға қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Қазақстанда әрбір төртінші дәрілік препараттың бағасы төмендеді
Елімізде 3 073 дәрілік препараттың 799 атауының бағасы төмендеді. Бұл жалпы дәрі-дәрмек санының 26%-ын құрайды. Яғни әрбір төртінші препараттың бағасы арзандаған. Министрдің айтуынша, халық үшін дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру – Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі басымдықтарының бірі.
Біздің басты міндетіміз – сапалы әрі қауіпсіз дәрілік заттарды әрбір қазақстандық үшін қолжетімді ету. Азаматтар қажетті препараттарды өз қалтасына сай бағамен сатып ала алуы керек. Мемлекет қабылдап жатқан шаралар осы мақсатқа бағытталған, – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Бағаның төмендеу үрдісі фармацевтикалық нарықты цифрлық мониторингтеу нәтижесінде анықталған. Сонымен қатар айналымдағы дәрілік заттардың жартысынан астамының бағасы тұрақты деңгейде сақталған.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу тәсілдері қайта қаралды. Атап айтқанда, рецептсіз босатылатын препараттарға, сондай-ақ құны бір айлық есептік көрсеткіштен төмен рецептілік дәрілерге бағаны реттеу алынып тасталды.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың айналымына цифрлық бақылауды күшейтті. Енгізілген таңбалау жүйесі препараттардың қозғалысын қадағалауға, олардың қолжетімділігін бақылауға және белгіленген шекті бағадан асыру фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.
Азаматтар үшін де қосымша бақылау құралдары қолжетімді. eGov Mobile және «Нақты өнім» мобильдік қосымшалары арқылы қазақстандықтар дәрілік препарат, оның өндірушісі және шекті бөлшек сауда бағасы туралы ақпаратты тексере алады. Ал заңбұзушылық анықталған жағдайда Денсаулық сақтау министрлігіне өтініш жіберуге болады.
Ведомство дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру, баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету және пациенттердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Кеше, 17:51
Математика, физика және химия есептерін шығаруға көмектесетін алты нейрожеліКеше, 10:44
Формула-1 тарихын жаңартқан Кими Антонелли: 20 жасында чемпион атанған жас жүйрік29 Қазан, 09:00
«Пышақ сабын арқар мүйізінен жасаймын»: қазақ ұстасының қайталанбас қолөнер туындылары28 Қазан, 15:16
Қымбат көрінудің құпиясы: биылғы қыста трендке айналатын бес түс