Қазақстанда балаларды 1-сыныпқа қабылдау процесін жеңілдетуге бағытталған пилоттық жоба іске қосылады.
Тиісті бірлескен бұйрыққа Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қол қойған.
Құжатқа сәйкес, «Білім беру ұйымдарына оқуға құжат қабылдау және қабылдау» мемлекеттік қызметі бойынша пилоттық жоба 2026 жылдың 27 мамыры мен 31 тамызы аралығында жүзеге асырылады. Министрлік дерегінше, жоба 1-сыныпқа қабылдау процесін цифрлық форматта жүргізуді көздейді.
Жаңа жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі – мектепалды даярлықтан өткен балаларды автоматты түрде 1-сыныпқа қабылдау мүмкіндігі. Бұл дегеніміз – егер бала бастауыш білім бағдарламасын жүзеге асыратын білім беру ұйымында даярлықтан өтіп, сол мектепте оқуын жалғастырғысы келсе, ата-анасының өтініші негізінде бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады деген сөз.
Ал басқа мектепке құжат тапсырғысы келетін ата-аналар өтінішті жалпы тәртіп бойынша береді.
Сондай-ақ жүйеде өтінімдер саны шамадан тыс көбейген жағдайда арнайы «Күту бөлмесі» механизмі енгізіледі. Бұл функция электронды жүйеге түсетін жүктемені азайтуға арналған.
Оқи отырыңыз:
Құжатта көрсетілгендей, егер бір уақытта өңделетін өтінімдер лимиті асып кетсе, жаңа пайдаланушылар автоматты түрде «Күту бөлмесіне» жіберіледі. Онда ата-аналар өз кезегін онлайн бақылай алады. Кезегі жеткен кезде жүйе оларды қайтадан негізгі бетке автоматты түрде бағыттайды.
Бұдан бөлек, ата-аналар электронды түрде берілген өтінішті кейін қайтарып алу мүмкіндігіне де ие болады.
1-сыныпқа құжат қабылдау өңірлер бойынша кезең-кезеңімен басталады:
– Астана қаласы, Абай, Жетісу, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында қабылдау 27 мамырда басталады;
– Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында – 10 маусымнан;
– Алматы, Қостанай, Павлодар, Атырау облыстары мен Шымкентте – 18 маусымнан;
– Түркістан, Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында – 29 маусымнан басталады.
Барлық өңірде құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.
Мамандардың айтуынша, пилоттық жоба мектепке қабылдау процесін ашық әрі ыңғайлы етуге, сондай-ақ ата-аналардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін директорлар қанша жыл қызмет атқара алатыны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімінің неліктен өзгергеніне де тоқталғанбыз.