Бүгiн, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһарыҚазақстанда жасанды интеллект қарқынды дамып келеді. Университеттер жаңа жобаларын таныстырып, түрлі форумдарда технологиялық жетістіктер туралы айтылып жатыр. Бірақ осы жобалардың қаншасы ел экономикасына нақты пайда әкеледі? Ал Қазақстанның цифрлық жүйелері сыртқы қауіп-қатерге қаншалықты дайын? Бұл мәселелерді Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов пен экономист Олжас Құдайбергенов көтерді.
Өзіміздің жасанды интеллект пе, әлде шетелдік технологияның көшірмесі ме?
Мұрат Әбенов отандық университеттердің жасанды интеллект саласындағы жұмысын сынға алды. Оның пікірінше, жоғары оқу орындары жаңа технология әзірлеуден гөрі дайын шетелдік бағдарламаларды көпшілікке таныстыруға басымдық беріп отыр. Ол соңғы күндері жасанды интеллект туралы форумдар мен түрлі іс-шаралар жиілегенін атап өтті. Алайда технологияның дамуын таныстырылымдардың санымен емес, нақты нәтижемен бағалау керек деп есептейді.
Олардың негізінде өзге компанияның алгоритмі, яғни корпоративтік деңгейдегі ақылы нұсқа жатыр. Университеттер шетелдік тілдік модельдің дайын кодын алып, оған әдемі интерфейс жасайды. Мұндай жұмысты мектеп оқушылары да орындай алады, – деп жазды Әбенов.
Ол мысал ретінде Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің AI-DOS жобасын келтірді. Бұл жүйе студенттер мен талапкерлердің сұрақтарына жауап беруге арналған. Сабақ кестесі, гранттар және қабылдау комиссиясының жұмысы туралы ақпарат ұсынады. Алайда Әбеновтің айтуынша, жоба OpenAI API технологиясын пайдаланады. Сондықтан оны университеттің өзі әзірлеген дербес нейрожелі ретінде қарастыруға болмайды.
Университет өз нейрожелісін жасаған жоқ. Тек америкалық компанияның дайын алгоритміне қол жеткізіп, оған өз интерфейсін қосты. Мұның іргелі ғылымға еш қатысы жоқ, – деді ол.
Әлем университеттері қандай мәселелерді шешіп жатыр?
Әбенов шетелдік жоғары оқу орындарының тәжірибесін де мысалға келтірді. Оның айтуынша, Сингапурда ғалымдар мен студенттер теңіз порттарының жұмысын тиімді басқаруға арналған модельдер әзірлейді. Мұндай жобалар мемлекет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Ұлыбритания университеттері геномдарды зерттеп, фармацевтика саласына қажетті ғылыми негіз қалыптастырып жатыр. Ал Германияның техникалық жоғары оқу орындары автомобиль өнеркәсібіне арналған күрделі бағдарламалар жасаумен айналысады. Әбенов Қазақстан университеттері де экономикаға қажетті нақты мәселелерді шешуге ден қоюы керек деп санайды.
Миллиардтар жұмсалған суперкомпьютер жұмыссыз қалмай ма?
Мұрат Әбенов көтерген тағы бір мәселе – ұлттық суперкомпьютердің болашағы. Қазақстан есептеу қуаттарын дамытуға қаржы бөліп жатыр. Мемлекет басшысы суперкомпьютердің іске қосылуын технологиялық тәуелсіздік жолындағы стратегиялық маңызды қадам ретінде бағалаған. Бірақ Әбеновтің пікірінше, қымбат жабдық сатып алу мәселенің бір бөлігі ғана. Ең бастысы – оның мүмкіндігін толық пайдаланатын ғылыми жобалар мен мамандардың болуы.
Кез келген озық құрылғы үздіксіз жұмыс істемесе, тез ескіреді. Оған қажетті күрделі математикалық модельдерді кім жасайды? Министрліктер ме? Оларда мұндай міндеттер жоқ. Қарапайым бизнес пе? Оларда қажетті көлемдегі деректер жоқ, – деді ол.
Әбенов университеттер сейсмология, су ресурстары және басқа да маңызды бағыттар бойынша деректер жинап, оларды талдауға арналған модельдер әзірлеуі қажет деп есептейді. Әйтпесе, оның пікірінше, мемлекет жұмсаған қомақты қаржы күткен нәтижесін бермеуі мүмкін. Ол «Яндекске» қатысты жағдайды да шетелдік технологиялық экожүйелерге тәуелділіктің салдарын ойлануға негіз болатын мысал ретінде атады.
Бізге университеттердің жұмысын бағалайтын қатаң мемлекеттік талаптар қажет. Жоғары оқу орындары экономикаға нақты шешімдер ұсынуға тиіс. Енді тек көрсету үшін жасалған жобалар жеткіліксіз, – деді Әбенов.
Дата-орталықтарға шабуыл жасалса, Қазақстан не істейді?
Экономист Олжас Құдайбергенов жасанды интеллектінің дамуына басқа қырынан қарады. Оны ең алдымен елдің цифрлық қауіпсіздігі алаңдатады. Оның айтуынша, әлемде бір мезгілде екі қарама-қайшы үрдіс жүріп жатыр. Бір жағынан, жасанды интеллект күнделікті өмірден бастап әскери технологияларға дейін кеңінен енгізілуде. Екінші жағынан, цифрлық ақпарат сақталатын деректер орталықтарына әскери шабуыл жасалу қаупі бар.
Құдайбергенов мұндай жағдайда Қазақстанның шетелдік бағдарламаларға тәуелді болуы ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды мәселе деп санайды. Сондықтан ол ұшқышсыз құрылғыларды мүмкіндік болған жағдайда отандық бағдарламаларға көшіруді ұсынды. Сондай-ақ шетелдік өндірушілерге Қазақстан нарығына шығу үшін жергілікті IT-компаниялармен ынтымақтастық орнату талабын қоюға болатынын айтты.
Қазақстанда ұшқышсыз жүйелерге бағдарлама жазатын кемінде 20 компания бар. Шетелдік өнімдермен бәсекелесу қиын болады. Бірақ әскери жағдайда оларға толық тәуелді болу одан да қиын, – деді экономист.
Ол мемлекеттік мекемелерде отандық баламасы бар шетелдік бағдарламаларды қолдануды шектеу қажет екенін де жеткізді. Құдайбергеновтің айтуынша, мұндай талаптар бұрыннан бар, бірақ мемлекеттік секторда шетелдік IT-өнімдер әлі де кеңінен пайдаланылады.
Интернет пен цифрлық жүйелер істен шықса ше?
Экономист цифрландырудың тағы бір осал тұсына назар аударды. Оның пікірінше, барлық қызметті цифрлық жүйеге көшірумен қатар, төтенше жағдайларда интернетсіз жұмыс істейтін балама тетіктерді де сақтау маңызды. Бұл әсіресе ақша айналымы мен төлем жүйелеріне қатысты. Құдайбергенов деректер орталығының физикалық қауіпсіздігін күшейтуді де ұсынды.
Оның пікірінше, барлық есептеу қуатын бір ғимаратқа орналастырудың орнына бірнеше нысанға бөліп орналастыру қажет. Мысалы, бір блоктың қуатын 20 МВт-тан асырмау мүмкіндігін қарастыруға болады. Бұл ұсынысты экономист дрон шабуылдары жағдайында маңызды цифрлық инфрақұрылымды қорғау қажеттілігімен байланыстырды.
Қазақстан жасанды интеллектіні шектей ме?
Елімізде жасанды интеллектінің дамуы мен қауіпсіздігі талқыланып жатқанымен, балалардың нейрожелілерді пайдалануына шектеу енгізу әзірге жоспарланбаған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желілер мен жасанды интеллектінің ықтимал қауіптері әртүрлі екенін мәлімдеген. Сондықтан балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу мәселесі қарастырылғанымен, нейрожелілерге қатысты дәл осындай шешім қабылдау көзделмеген.
Бүгiн, 14:55
Мұхит ортасындағы мегаполис: өзге елдерден ең оқшау орналасқан Гонолулу шаһарыБүгiн, 11:03
Дәрігерлерді қорғаудың жаңа жолы: Қазақстанда кімдерге 13 млн теңге төленедіКеше, 18:14
АПВ-ға қарсы вакцина жүктілікке қалай әсер етеді? Ғалымдар зерттеу нәтижесін жариялады13 Қазан, 12:09
Албанияда бұлтқа ұқсайтын ерекше ғимарат салынады