30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыЖасанды интеллект күнделікті қолданатын құралдан әлемдік экономиканың маңызды технологиясына айналып келеді. Қазақстан да дайын ЖИ өнімдерін пайдаланумен шектелмей, өз технологиясын әзірлеуге ден қоя бастады. Елде ұлттық тілдік модельдер жасалып, суперкомпьютерлер іске қосылып, зерттеу орталықтары құрылып жатыр. Бірақ осы мүмкіндіктер Қазақстанның ЖИ-ді тұтынушыдан оны жасаушы елге айналуына жеткілікті ме?
Қазақстанның мүмкіндігі қандай?
Цифрлық әлеуметтік ғылымдар орталығының жетекшісі Рүстем Мұстафин Қазақстанның АҚШ пен Қытай секілді алпауыттармен ірі жасанды интеллект модельдерін жасау жағынан әзірге бәсекелесе алмайтынын айтады.
Ол үшін елімізде жартылай өткізгіштер өндірісі жолға қойылып, жеткілікті энергия қоры мен ондаған жыл бойы қалыптасқан ғылыми мектеп болуы керек. Ал қолданбалы жасанды интеллектіні дамыту және осы бағытта өңірлік көшбасшы атану – қол жеткізуге болатын мақсат, – дейді сарапшы.
Бұл бағытта Қазақстанда алғашқы негіз қалыптасып үлгерді. Қазір елде Alem.Cloud және AI-Farabium суперкомпьютерлері жұмыс істейді. Қазақ тіліне бейімделген KazLLM ұлттық тілдік моделі әзірленді. Бұған мемлекеттік қызметтердің цифрлануы мен отандық IT саласында жинақталған тәжірибені де қосуға болады.
Дегенмен қуатты компьютерлер мен жаңа технологиялардың болуы ғана жеткіліксіз. Рүстем Мұстафиннің айтуынша, басты мәселелердің бірі – ғылымға бөлінетін қаржының аздығы және шетелдік технологияларға тәуелділік.
Егер ғылымға бөлінетін қаржы аз болып, қажетті технологияларды негізінен шетелден сатып ала берсек, халықаралық деңгейде айтылған бастамалардың өзі экономикаға айтарлықтай өзгеріс әкеле қоймайды, – дейді Рүстем Мұстафин.
Қазақстан қай бағытқа басымдық бере алады?
Қазақстанға әлемдегі ірі тілдік модельдерге балама жасауға ұмтылғаннан гөрі, жекелеген салаларға қажет ЖИ шешімдерін әзірлеуге басымдық берген тиімді.
Соның бірі – өндіріс. Қазақстан мен KU Leuven университеті арасындағы ынтымақтастық аясында жасанды интеллектіні металлургия мен геологияда қолдану жоспарланып отыр. ЖИ өндірістік және геологиялық деректерді саралауға, металлургиялық үдерістерді модельдеуге, жаңа материалдардың қасиеттерін алдын ала анықтауға пайдаланылмақ.
Бұл бағыттың Қазақстан үшін әлеуеті жоғары. Өйткені елімізде тау-кен өндірісі мен металлургия саласында мол тәжірибе және ауқымды дерек қоры бар. Бұдан бөлек, ЖИ-ді логистикаға, мемлекеттік қызметтерге және қазақ тіліне бейімделген технологияларды дамытуға қолдануға болады.
Тағы бір маңызды қадам – Қазақстанда Гент университетімен бірлескен халықаралық айна зертханасының құрылуы. ALEM.AI халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында ашылатын зертханада математика, ЖИ, модельдеу және инженерлік есептеулер бойынша зерттеулер жүргізіледі. Бұл қазақстандық ғалымдарға шетелдік әріптестерімен бірлесіп зерттеу жүргізіп, жаңа технологиялар әзірлеуге мүмкіндік береді.
ЖИ жасаушы ел болу үшін не қажет?
ЖИ технологиясын жасайтын ел болу үшін суперкомпьютер сатып алып, ұлттық модель әзірлеу жеткіліксіз. Жасалған өнім ел ішінде кәдеге жарап қана қоймай, шетел нарығына да шығуы керек.
Рүстем Мұстафиннің айтуынша, Қазақстанның Орталық Азиядағы орны да нақты нәтижемен айқындалады. Яғни көрші елдер қазақстандық технологияларды қолданып, отандық компаниялардың өнімдеріне қызығушылық таныта бастауы қажет.
Өңірдегі көшбасшылық сөзбен емес, іспен көрінеді. Көрші мемлекеттер Қазақстанның инфрақұрылымын пайдаланып, біздің компаниялардың технологияларын сатып ала бастағанда ғана нақты нәтиже туралы айтуға болады, – дейді сарапшы.
Қазақстан үшін маңызды бағыттың бірі – қазақ тіліндегі жасанды интеллектіні дамыту. Қазақ тілі әлемдік технологиялық компаниялар үшін үлкен нарық саналмайды. Сондықтан қазақша сапалы жұмыс істейтін ЖИ модельдері мен сервистерін жасау ең алдымен өзімізге қажет.
Қазақстанға әлемдегі ең үлкен ЖИ моделін жасау міндетті емес. Ел экономикасына қажет, кейін басқа мемлекеттерге де ұсынуға болатын технология әзірлеу әлдеқайда маңызды. Ол үшін ғылымды қаржыландыру, білікті маман даярлау және отандық жобаларды қолдау қатар жүруі керек. Сонда Қазақстан дайын ЖИ өнімдерін пайдаланумен шектелмей, өз технологиясын жасап, оны сыртқы нарыққа ұсына алатын елге айнала алады.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды