27.04.2026
11:35
209
Жаңалықтар

Қазақстан суды экспорттайтын елге айнала ала ма?

Қазақстанда су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібіндегі маңызды тақырыптың біріне айналды. Сарапшылардың айтуынша, елімізде сапалы ауызсу қорын ауыл шаруашылығына шамадан тыс пайдалану орнына, оны үнемдеп, су тазарту технологияларын дамыту қажет. Бұл туралы Жанай Сағын «24KZ» телеарнасындағы сұхбатында айтты.

Сапалы суды тиімді бағытқа жұмсау қажет

Профессордың пікірінше, Қазақстанда сапалы ауызсу егістікке көп жұмсалып, кейін одан алынған өнім шетелге арзан бағамен экспортталып жатыр. Оның орнына суды үнемдеп, тазарту технологияларын дамытып, экспортқа таза ауызсу шығару әлдеқайда тиімді болмақ.

Ол әсіресе Қызылорда өңірінде күріш өсіруге көп су кететінін атап өтті. Мұндай жағдайда сапалы су қорын сақтау маңызды екенін жеткізді. Сарапшының сөзінше, су тапшылығын сезініп отырған Иран, Пәкістан секілді елдерге ауызсу экспорттау мүмкіндігін қарастыру қажет.

Жанай Сағын қазіргі таңда суға мұнай, газ және алтын секілді бағалы ресурс ретінде қарау керек екенін айтты. Ол үшін жерасты суларына гидрогеологиялық зерттеу жүргізіп, су қорының сапасы мен түріне қарай арнайы база жасақтау маңызды.

Сонымен қатар, Қазақстанда мұнай-газ саласында сапалы судың қолданылып жатқанын айтып, өндірісте негізінен техникалық су пайдаланылуы тиіс екенін жеткізді. Ал техникалық суды тазарту арқылы қайта айналымға жіберіп, одан табыс табуға болады.

Шетел тәжірибесі: Сингапур үлгісі

Профессор мысал ретінде Сингапур тәжірибесін келтірді. Оның айтуынша, Сингапур көрші Малайзия елінен техникалық су алып, оны заманауи технология арқылы тазалап, кейін ауызсу ретінде қайта сатады. Осыған ұқсас модельді Қазақстан да қолдана алады. 

Мысалы Сингапур Малайзиядан кір суды алады. Зауыттарын қойып, суды тазалайды. Сосын ішетін суды Малайзияға қайтадан сатады. Қазақстан ортада орналасқан. Солтүстікте орыстар бар, су көп ол жақта. Иран, Пәкістанда су жоқ. Ресейде қар суы көп. Одан гөрі техникалық суды алу керек. Су тазалайтын технологияны көбейту керек. Ішетін суды сату керек, - деді бағдарлама қонағы. 

Ал Ермахан Полат мәліметінше, Қазақстанда су ресурстарының 80 пайыздан астамы цифрландырылған.

2024 жылы құрылған Ақпараттық-талдау орталығының бастамасымен су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылды. Қазіргі таңда өзен-көлдер туралы деректер жүйеленіп, су қорын есепке алу, мониторинг жүргізу, модельдеу және басқару жұмыстары автоматтандырылып келеді.

Сондай-ақ 3,5 мың шақырымнан астам каналдарды цифрландыру жоспарланған. Бұл су саласындағы ашықтықты арттырып, жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

«Су және білім» жобасы іске қосылды

Қызылорда облысында оқушыларға су үнемдеу мәдениетін үйрететін «Су және білім» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаға 55 мектеп қатысып отыр. Бұл бастама ЮНИСЕФ, Халықаралық Аралды құтқару қоры, Су ресурстары және ирригация министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және француз даму агенттігінің қолдауымен іске асуда.

Жоба аясында 67 мыңнан астам оқушы мен 800-ден астам педагог қамтылған. Оның басты мақсаты – жас ұрпақ арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және экологиялық сананы дамыту.

Мамандардың пікірінше, Қазақстан үшін су – тек табиғи ресурс емес, болашақ экономиканың маңызды капиталы. Сондықтан су қорын сақтау, тиімді пайдалану, тазарту технологияларын енгізу және жастарды су мәдениетіне тәрбиелеу – ел дамуының стратегиялық бағытына айналуы тиіс.