Қазақстан құрамасы үшінші жыл қатарынан хоккейден Азия чемпионы атанды

Қазақстан құрамасы үшінші жыл қатарынан хоккейден Азия чемпионы атанды

Асқар Таудай
Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

Қазақстанның шайбалы хоккейден ерлер құрамасы Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өткен 2026 жылғы Азия чемпионатында топ жарып, үшінші жыл қатарынан алтын медаль жеңіп алды.

Қазақстандық хоккейшілер турнирдегі алғашқы кездесуінде Жапония құрамасын 3:2 есебімен жеңді. Одан кейін Қытай командасын 5:0 есебімен ойсырата ұтып, чемпиондық атаққа бір табан жақындады.

Шешуші ойында Қазақстан құрамасы турнир қожайыны Оңтүстік Кореямен кездесті. Тартысты өткен матчтың негізгі уақыты мен овертаймында есеп ашылған жоқ. Ал буллиттер сериясында қазақстандық хоккейшілер 4:3 есебімен басым түсті. Жеңіс әкелген шешуші буллитті Диас Гусейнов орындады.

Осылайша, Талғат Жайлауов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы турнирдегі үш кездесуінде де жеңіске жетіп, 2024, 2025 және 2026 жылдары қатарынан Азия чемпионы атанды.

Чемпионат қорытындысы бойынша Жапония құрамасы күміс жүлдеге, ал Оңтүстік Корея қола медальға ие болды.

Қазақстандық хоккейшілердің бұл жетістігі ұлттық құраманың Азия құрлығындағы көшбасшылық орнын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Оқи отырыңыз

{