Қазақстан мен Канада дипломатиясы: ортақ мүдде, әртүрлі стратегия

Қазақстан мен Канада дипломатиясы: ортақ мүдде, әртүрлі стратегия

Аян Қайырбаев
Фото: AI көмегімен жасалды

Ұлыбританиялық The Economist журналы кезекті санындағы басты мақаланың бірін Канада премьер-министрі Марк Карниге арнады. Басылымның бағалауынша, Оттава ірі мемлекеттер бұрынғы халықаралық ережелерді жиі елемейтін қазіргі әлемде орта державалардың қалай әрекет етуі керектігін көрсетіп отыр. 

Карнидің сенімді саяси бағыты

Марк Карни 2025 жылғы наурызда Канада үкіметінің басшысы болды. The Economist басылымының жазуынша, Канада премьер-министрі өз елінің мүддесіне сай батыл саясат жүргізіп, сауда серіктестерінің аясын кеңейтіп келеді.

Үкіметтің бұл бағытын азаматтар да қолдайды. Журнал сілтеме жасаған сауалнама деректеріне сәйкес, Карнидің қызметін мақұлдау деңгейі 70 пайызға жуықтаған.

Қазақстан үшін мұндай саясат жаңалық емес. Ірі әлемдік ойыншылармен байланысты нығайту, жаңа нарықтарды игеру және ұлттық мүдделерді дәйекті түрде қорғау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатының негізгі бағыттарына айналған. Қазақстан бұл тәсілді Канада осындай шешімдерге жағдайдың қысымымен келе бастағанға дейін-ақ қалыптастырды. Оның үстіне, екі елдің ортақ тұстары аз емес.

Ұлан-ғайыр аумақ және табиғи ресурстарға бай жер қойнауы

Қазақстан мен Канада жер көлемі жағынан әлемдегі ең ірі мемлекеттердің қатарына кіреді. Канада аумағы бойынша екінші орында болса, Қазақстан тоғызыншы орында тұр.

Сонымен бірге екі елдің де едәуір бөлігі адам өмір сүруіне қолайсыз аумақтардан тұрады. Канадада солтүстік өңірлерді тундра мен мәңгі тоң алып жатса, Қазақстан аумағының басым бөлігін шөлдер мен шөлейттер құрайды. Сондықтан екі елдің халқы белгілі бір өңірлерге шоғырланған және халық тығыздығы әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің қатарында.

Аумағы орасан зор болғанымен, екі мемлекеттің халқы салыстырмалы түрде аз. Қазақстанда шамамен 20 миллион адам тұрса, Канада халқының саны бұдан екі есе көп.

Есесіне, екі ел де табиғи ресурстарға бай. Канада мұнай қоры бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына кіреді. Ал Қазақстан уран өндіруден әлемде бірінші орында және Еуропа нарығына мұнай жеткізетін маңызды елдердің бірі болып саналады.

Екі мемлекеттің басты айырмашылығы – географиялық орналасуында. Канада үш мұхитқа шыға алады, ал оның порттары Еуропа мен Азия нарықтарына тікелей жол ашады. Қазақстан болса, әлемдегі теңізге тікелей шыға алмайтын ең ірі мемлекет. Соған қарамастан, еліміз Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды буынға айналды. Қазақстан аумағы арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының 85 пайыздан астамы өтеді.

Тоқаевтың қуатты дипломатиясы

Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатияны президенттік қызметінің негізгі тіректерінің біріне айналдырды. Мемлекет басшысы 28 тамызда Құрылтайдың алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде ірі мемлекеттер арасындағы сенім дағдарысы мен БҰҰ рөлінің әлсіреуі аясында орта державалардың маңызы айтарлықтай артқанын атап өтіп, Қазақстанды осы санатқа жатқызды.

Қазақстан барлық ірі күш орталықтарымен байланысты нығайтып келеді. 2025 жылғы қарашада Мәскеуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды жан-жақты стратегиялық әріптестік және одақтастық деңгейіне көшіру туралы декларацияға қол қойды.

2023 жылдан бері Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып отыр. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 48 миллиард доллардан асты.

Сонымен қатар Астана АҚШ және Еуропа елдерімен ынтымақтастықты дамытып келеді. 2025 жылдың күзінде Президенттің Вашингтонға сапары кезінде тараптар жалпы құны 17 миллиард доллар болатын келісімдерге қол қойды.

Сол жылдың желтоқсанында Тоқаев Еуропалық одақтың Орталық Азияға арналған 12 миллиард еуролық инвестициялық пакетін қолдады. Қаражатты жасыл энергетикаға, цифрлық технологияларға және Қазақстан аумағында шикізатты терең өңдеуге бағыттау жоспарланған.

Орта державалардың дауысы

Қазақстан жаңа серіктестермен ынтымақтастықты да белсенді дамытып келеді. Орталық Азия елдері әлемнің жетекші экономикаларымен «Орталық Азия плюс» форматында жиі кездеседі. 2025 жылғы желтоқсанда Токиода «Орталық Азия – Жапония» форматындағы алғашқы саммит өтті.

Өңір өзге нарықтарға да жол ашуда. Оңтүстік Корея мен Орталық Азия елдері басшыларының алғашқы саммиті 2026 жылғы қыркүйекке жоспарланған. Ал 2025 жылдың көктемінде Самарқандта өңір басшылары мен Еуропалық одақ жетекшілерінің алғашқы кездесуі өтті.

Тоқаевтың бастамасымен елордада Астана халықаралық форумы ұйымдастырылады. 2023 жылдан бері бұл алаң әлемнің түкпір-түкпірінен саясаткерлерді, сарапшыларды және бизнес өкілдерін жинап, жаһандық сын-қатерлерді талқылауға мүмкіндік беріп келеді.

Президент орта державалардың әлемдік күн тәртібіне ықпал ету құқығын дәйекті түрде қолдап келеді. 2025 жылғы желтоқсанда БҰҰ университетінде сөйлеген сөзінде Тоқаев Қауіпсіздік кеңесін реформалауға шақырып, Азия, Африка және Латын Америкасындағы жауапты орта державалардың оның жұмысына қатысу мүмкіндігі мен ықпалын арттыру қажеттігін айтты.

Ұлттық мүдде – басты басымдық

Қуатты дипломатия ұлттық мүдделерді табанды қорғаумен ұштасады. Қазақстан ірі мұнай кен орындарынан түсетін кірістерді әділ бөлуге ұмтылып келеді. 2026 жылғы қаңтарда Лондондағы халықаралық арбитраж Karachaganak Petroleum Operating консорциумымен арадағы дауда Қазақстанның ұстанымын дұрыс деп таныды. Бағалаулар бойынша, осы даудың нәтижесінде еліміз 4 миллиард долларға дейін қаражат алуы мүмкін.

Атом энергетикасы саласында да Қазақстан өз шарттарын айқындап отыр. Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жөніндегі консорциумның көшбасшысы ретінде Ресейдің «Росатом» компаниясы таңдалды. Ал екінші станцияның жобасын Қытайдың CNNC компаниясымен бірлесіп жүзеге асыру жоспарланған. Осылайша, әріптестердің әрқайсысы жеке жобамен айналысады.

Серіктестер сенімі және экономикалық өсім

Мұндай саясат елге нақты экономикалық нәтиже әкеліп отыр. Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсті. Экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштері көлік, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі болды.

Шетелдік инвесторлар да Қазақстанға қайтадан белсенді келе бастады. 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 14,4 пайызға өсіп, 20,5 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткіш 2022 жылдан бері алғаш рет өскен.

Қазақстанның халықаралық дипломатиядағы дауысына да құлақ асылып келеді. Астана Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерге, Сирия бойынша «Астана процесіне», сондай-ақ Армения мен Әзербайжан өкілдерінің кездесулеріне алаң болды. Сонымен бірге елімізде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Төмен байытылған уран банкі жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз

{