12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлікҚазақстан медицинасы соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұған күрделі операциялардың жасалуы, заманауи технологиялардың енгізілуі және шетелден емделуге келетін пациенттер санының артуы дәлел. Бүгінде елімізге Ресейден, Қытайдан, Үндістаннан, Түркиядан және басқа да мемлекеттерден науқастар арнайы келеді. Ал қазақстандық дәрігерлердің кәсіби біліктілігі шетелде де жоғары бағаланады.
Күнделікті өмірде жедел жәрдемнің түн ортасында жетуін, дәрігерлердің тәулік бойы жұмыс істеуін қалыпты жағдай ретінде қабылдаймыз. Алайда олардың артында үлкен жауапкершілік пен үздіксіз еңбек тұр. Мереке күндері, түнгі кезекшіліктерде, күрделі операциялар кезінде медицина қызметкерлері адам өмірі үшін күреседі.
Сондықтан медицина мамандары – елдің стратегиялық ресурсы. Қоғамның қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты тікелей олардың біліміне, тәжірибесіне және медициналық жүйенің мүмкіндіктеріне байланысты.
Қазақстанға емделуге келетін шетелдіктер көбейді
Қазақстан медициналық туризм бағытында да өз әлеуетін танытып келеді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, былтыр еліміздің медициналық мекемелері шамамен 80 мың шетелдік пациентке қызмет көрсеткен.
Емделу үшін Қазақстанға көбіне Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, соңғы жылдары шетелдік пациенттер саны 4,5 есе өскен.
Шетелдіктерді ең алдымен күрделі медициналық қызметтер қызықтырады. Олардың қатарында кардиохирургия, нейрохирургия, онкология, репродуктивті медицина, стоматология, кешенді диагностика және санаторлық емдеу бар.
Алматыдағы жекеменшік клиникалардың біріне Оман, Сауд Арабиясы, Камбоджа, Еуропа елдері мен АҚШ-тан науқастар келеді. Аталған медициналық орталықта шетелдік пациенттердің үлесі жалпы науқастар санының жартысынан асады.
Нейрохирургия: Орталық Азиядағы бірегей технология
Қазақстанның медициналық әлеуетін көрсететін маңызды бағыттардың бірі – нейрохирургия.
Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында Орталық Азияда баламасы жоқ «Гамма-пышақ» радиохирургиялық кешені жұмыс істейді. Оның көмегімен мидың ісіктері мен басқа да зақымдануларын бас сүйекті ашпай-ақ емдеуге болады.
Алматыдағы жекеменшік медициналық орталықтар да нейрохирургияның күрделі бағыттарын дамытып келеді. Мұнда Паркинсон ауруын емдеуге арналған миды терең стимуляциялау операциялары жасалады. Сонымен қатар ауыр эпилепсия мен балалардың церебралды сал ауруына байланысты күрделі хирургиялық емдеу әдістері қолданылады.
Мұндай технологиялар бұрын шетелден іздейтін медициналық қызметтердің бір бөлігін Қазақстанның өзінде алуға мүмкіндік беріп отыр.
Жүрек хирургиясы мен трансплантологиядағы жетістіктер
Қазақстандық кардиохирургтер де күрделі операцияларды меңгерген. Астанадағы мамандар ауыр жүрек жеткіліксіздігі кезінде қан айналымын қамтамасыз ететін жүректің сол жақ қарыншасына арналған жасанды құрылғыны имплантациялайды.
Ал 2025 жылы Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында Орталық Азияда алғаш рет жүрекке роботтандырылған операция жасалды.
Трансплантология саласында да отандық ғалымдар мен дәрігерлер маңызды жаңалықтарға қол жеткізді. Қазақстандық мамандар ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) аппаратын әзірледі. Бұл технология донорлық ағзаны адам денесінен тыс жерде 24 сағатқа дейін сақтауға мүмкіндік береді. Құрылғы қажетті температураны ұстап, ағзаны оттегімен қамтамасыз етеді және дәрілік препараттарды енгізуге жағдай жасайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанда 310 трансплантация жасалған. Бұл бағыттағы операциялар саны жыл сайын артып келеді.
Қазақстанда емделу неге тиімді?
Шетелдік пациенттер үшін Қазақстан медицинасының басты артықшылықтарының бірі – баға мен сапаның арақатынасы.
Астана әкімдігінің мәліметінше, елордада бір шетелдік пациенттің емделуіне орта есеппен 2-5 мың доллар жұмсалады. Ал күрделі операциялардың құны Батыс Еуропа мен Израильге қарағанда орта есеппен 50-70 пайызға төмен.
Бұған қоса, пациенттер медициналық көмекті ұзақ кезек күтпей ала алады. Көптеген елдің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады.
Отандық клиникалардың сапасы халықаралық аккредиттеу жүйелері арқылы да бағаланады. Қазіргі уақытта Қазақстандағы 10 медициналық мекеме әлемдік денсаулық сақтау саласындағы ең қатаң стандарттардың бірі саналатын Joint Commission International (JCI) аккредитациясынан өткен. Олардың басым бөлігі Астанада орналасқан.
Сапалы медициналық қызмет қазақстандықтар үшін де қолжетімді
Қазақстан медицинасының дамуы тек шетелдік пациенттерге қызмет көрсетумен шектелмейді. Ел азаматтары үшін де күрделі медициналық көмектің бірқатар түрі тегін көрсетіледі.
Медициналық қызметтердің едәуір бөлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қолжетімді. Мәселен, шетелдік пациенттер де таңдайтын Ұлттық нейрохирургия орталығында қазақстандықтар МӘМС есебінен операция жасата алады.
Созылмалы аурулары бар азаматтар амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағдарламасы арқылы қажетті препараттарды емханалардан тегін алады. Бұл әсіресе ұзақ уақыт ем қабылдайтын науқастар мен олардың отбасылары үшін маңызды қолдау.
Медициналық туризмді дамытуға арналған жаңа жоспар
Қазақстанда медициналық туризмді одан әрі дамыту үшін 2026-2028 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп жатыр. Бұл жұмысты Туризм және спорт министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүргізуде.
Жоспар бойынша қазақстандық клиникаларды шетелде таныту, халықаралық серіктестікті кеңейту және медициналық қызмет экспортын арттыру көзделген.
Сонымен қатар Үкімет медициналық виза енгізу және шетелдік пациенттерге арналған бірыңғай цифрлық платформа құру мәселесін қарастырып жатыр. Жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай осы платформа арқылы алғашқы консультациядан бастап, емделу мен ауруханадан шыққаннан кейінгі бақылауға дейінгі қызметтерді рәсімдеуге мүмкіндік жасалмақ.
Шетелден келген пациенттердің пікірі қандай?
Қазақстан медицинасының дамуы әлеуметтік желілерде де талқыланып жүр. Жақында Threads желісінің қолданушысы mariya_sadyk Австриядан танысының арнайы емделу үшін Қазақстанға ұшып келгенін жазды.
Оның айтуынша, бұл жағдай алғашында таңғалдырған. Өйткені көпшілік Қазақстан азаматтарының ем алу үшін шетелге шығуына үйренген.
Жазба астында қолданушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, отандық медицинаның жетістіктерін атап өткен. Әсіресе нейрохирургия саласына жоғары баға беріліп, қазақстандық белгілі нейрохирург Серік Ақшолақовтың есімі аталды. Сондай-ақ пікір қалдырушылар офтальмология, стоматология және нейрохирургия бағыттарының дамуына назар аударған.
Бір қолданушы Алматыда күйеуіне миына күрделі операция жасалғанын, содан бері бірнеше жыл өтсе де, дәрігер мен оның командасын алғыспен еске алатынын жазған.
Тағы бір әйел көп жылдан бері гипертониямен ауыратынын және емханадан дәрі-дәрмекті тегін алатынын айтқан. Бірде тек рецепт алу үшін барған кезде дәрігер оны толық тексеріп, салмағы мен бойын өлшетіп, холестерин деңгейін анықтауды қоса алғанда, бірқатар талдауға жіберген.
Ал тағы бір қолданушы қызына Австрияда операция жасалғанымен, одан кейін де қазақстандық дәрігерлермен байланысын үзбегенін, қажет кезде олардан кеңес алып отырғанын жеткізген.
Бұл оқиғалар медицинаның сапасы тек заманауи жабдықтармен немесе күрделі операциялармен өлшенбейтінін көрсетеді. Науқасқа деген жауапкершілік, дәрігердің кәсібилігі мен емделушімен тұрақты байланыс та маңызды.
Қазақстандық медициналық білім халықаралық деңгейде мойындалды
Отандық медицинаның әлеуетін арттыратын тағы бір фактор – медициналық білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде танылуы.
Аккредиттеу агенттіктері IAAR мен ECAQA Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясының (WFME) мойындауына ие. Бұл Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарында берілетін дипломдардың шетелде танылуына жол ашады.
Осы мойындаудың арқасында қазақстандық түлектер АҚШ-та дәрігерлік қызметке лицензия алу емтиханы – USMLE тапсырып, кәсіби тәжірибесін шетелде жалғастыра алады.
Сонымен қатар WFME шешімімен Қазақстанның ECAQA аккредиттеу орталығына 2032 жылға дейін Қазақстанмен бірге Өзбекстан мен Тәжікстандағы медициналық білім беру бағдарламаларын аккредиттеу құқығы берілген.
Қазақстандық мамандар Германия мен Түркия сияқты елдердің еңбек нарығында да сұранысқа ие. Дегенмен білікті дәрігерлерді елде ұстап қалу мәселесі өзекті болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, соңғы жылдары елден кеткен медицина қызметкерлерінің саны бес есе азайған.
Дәрігерлерді қорғау және еңбегін бағалау
Медициналық жүйенің дамуы дәрігерлердің еңбек жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына да байланысты.
2026 жылдың басынан бастап медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар мен оларға төнген қауіп үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейткен заң қолданысқа енді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке учаскелік қызмет мамандарының жалақысын көтеруді тапсырды.
Бұл бастамалар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мамандықтың беделін арттыруға және білікті кадрларды елде сақтап қалуға бағытталған.
Халықаралық рейтингтер де Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы орнын көрсетеді. CEOWORLD жаһандық денсаулық индексінде Қазақстан 55-орынға ие болып, АҚШ, Түркия, Қытай және Грузиядан жоғары тұрған.
Ал денсаулық сақтауға бөлінген қаражаттың тиімділігін бағалайтын Bloomberg рейтингінде еліміз 60-орынға жайғасқан. Best Countries рейтингінде Қазақстан халық пен бизнеске жасалған мүмкіндіктер бойынша 44-орынға ие болды. Рейтинг авторлары денсаулық сақтау саласын еліміздің мықты бағыттарының бірі ретінде атаған.
Осы көрсеткіштердің барлығы Қазақстан медицинасының даму бағытын аңғартады. Бір жағынан, елімізге емделуге келетін шетелдік пациенттер саны артып келеді. Екінші жағынан, отандық дәрігерлер халықаралық деңгейде сұранысқа ие болып, күрделі медициналық технологиялар ел ішінде енгізіліп жатыр.
Алайда бұл жетістіктердің түп негізінде ең алдымен адам еңбегі тұр. Түн ортасында жедел жәрдеммен жететін фельдшерден бастап, бірнеше сағатқа созылатын операция жасайтын хирургке дейінгі әр маманның еңбегі қоғам үшін стратегиялық маңызға ие.
12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік10 Қараша, 17:27
Картада болмаған құпия қала: Шағанның ұмыт қалған тарихы9 Қараша, 13:41
Әкімшілік айыппұл: тексеру, төлеу және шағымдану жолдары6 Қараша, 17:08
Өзге ғаламшар ма дерсің: Қазақстандағы ерекше мекендер