Қазақстанның жас робототехниктері АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен FIRST Robotics Competition World Championship әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, 12 марапатқа ие болды. Бұл жетістік отандық оқушылардың дайындық деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жарыс George R. Brown Convention Center алаңында ұйымдастырылып, әлемнің түкпір-түкпірінен 50 мыңнан астам қатысушыны біріктірді. Қазақстан атынан рекордтық 225 оқушыдан құралған делегация қатысып, ел намысын лайықты қорғады.
Төрт күнге созылған дода қорытындысы бойынша қазақстандық командалар әртүрлі санаттарда үздік нәтижелерге қол жеткізді.
Кіші санат – FIRST LEGO League Explore:
Алматы қаласынан «Alem Innovators» командасы Core Values Award номинациясында топ жарса, Haileybury Astana мектебінің DeepSeekers командасы Team Model Award марапатына ие болды.
Орта санат – FIRST LEGO League Challenge:
Түркістан облысынан Tolebi Daryn командасы әлемнің үздік бестігіне еніп, Champions Award финалисті атанды. Алматының Fiztex командасы Core Values Gracious Professionalism Award жүлдесін жеңіп алды. Ал Оралдағы зияткерлік мектептің Tidal Tumble командасы робот ойынында 545 ұпайдың 535-ін жинап, ең үздік көрсеткіштердің бірін тіркеді.
Жоғары санат – FIRST Tech Challenge:
Қарағанды қаласының JelToqSun командасы Sustainability Award бойынша алтын медаль иеленді. Сонымен қатар, Шымкенттегі зияткерлік мектептің Overtime, Астанадағы РФММ-ның Fizmat Robotics және Алматыдағы Polytech мектебінің KAP командалары Reach Award бойынша алтын алды.
Ал Polytech мектебінің TGJ, Алматыдағы зияткерлік мектептің Panheya және БИЛ-дің SANA командалары осы номинацияда жүлдегер атанды. Астанадағы зияткерлік мектептің XCeption командасы Think Award бойынша қола жүлде еншіледі.
Тарихи жетістіктер
Биылғы чемпионатта қазақстандық командалар бірқатар тарихи нәтижелерге қол жеткізді. Щучинск қаласындағы БИЛ-дің Celestial және Panheya командалары алғаш рет әлемдік ТОП-8 қатарына еніп, плей-офф кезеңінде альянс капитандары атанды.
Ал Haileybury Astana мектебінің Nomadic Dragons командасы ширек финалға дейін жетіп, өз дивизионында ТОП-4 альянс құрамына енген жалғыз қазақстандық команда болды.
Бұл табыстар – жүйелі дайындықтың және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, USTEM Foundation, сондай-ақ Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауының нәтижесі.
2020 жылдан бері Қазақстан FIRST Global халықаралық қозғалысында өз позициясын нығайтып, әлемдік аренада бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылып келеді.