Спорт

Қазақстан футболы тағы бір талантынан айырылды: Илья Буртовой кім еді?

08.06.2026 12:40
Көктем Қарқын
Фото: @kfa_resmi

Қарағанды облысында болған жол-көлік оқиғасы қазақстандық спорт қауымын қара жамылдырды. Апат салдарынан Көкшетаудың Elim-ai Kokshetau футзал командасының ойыншысы әрі балалар жаттықтырушысы Илья Буртовой көз жұмды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оқиға қалай болды?

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 6 маусым күні Дубовка кенті маңындағы Абай – Қарағанды автожолының 1-шақырымында болған.

Chevrolet Cobalt көлігін басқарған 21 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Нәтижесінде ол Opel Vectra автокөлігімен соқтығысқан. Opel көлігін 44 жастағы ер адам басқарған.

Апат салдарынан Chevrolet Cobalt жүргізушісі мен оның екі жолаушысы түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Олардың арасында футболшы Ілия Буртовой да болған.

Дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады

Ауыр жарақат алған Илья Буртовой Қарағандыдағы профессор Х.Ж. Макажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлер оның өмірі үшін күрескенімен, алған жарақаттары тым ауыр болып шықты. Көп ұзамай спортшының көз жұмғаны белгілі болды.

Қаралы хабарды кейіннен Elim-ai Kokshetau футзал командасы мен «Скаут» балалар футбол клубы әлеуметтік желідегі парақшаларында растады.

Ілия Буртовой кім?

Илья Буртовой 1996 жылдың 2 тамызында дүниеге келген. Ол футболдағы кәсіби мансабын 2015 жылы «Шахтер-М» командасында бастап, кейін «Шахтер-Булат» клубының намысын қорғады.

Футболшы әр жылдары Қазақстанның Бірінші және Екінші лигаларында өнер көрсетіп, Қарағандының «Прогресс» футзал клубында ойнады. Сондай-ақ СДЮСШОР №8 НС командасының сапында табысты маусым өткізіп, Екінші лигада 30 матчта 8 гол соққан.

Соңғы жылдары Көкшетаудың Elim-ai Kokshetau командасында футзалдан Қазақстан кубогы мен Бірінші лига жарыстарында өнер көрсетті. 2025-2026 жылғы маусымда Бірінші лигада 2 матч өткізіп, 1 голдың авторы атанған.

Илья Буртовой кәсіби спортпен қатар жас футболшыларды тәрбиелеумен айналысты. Ол «Скаут» балалар футбол клубында жаттықтырушы болып жұмыс істеп, көптеген баланың спортқа келуіне ықпал етті.

Клуб өкілдері оны өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары маман ретінде сипаттап, оның балаларға ерекше жанашырлықпен қарағанын атап өтті.

Полиция жүргізушілерге ескерту жасады

Қарағанды облысының полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері ретінде жылдамдықты шамадан тыс арттыруды, қарсы жолаққа шығуды және рөлдегі салғырттықты атады.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды.

Оқи отырыңыз