Қазақстан демографиялық өсуде рекорд орнатты – Саясат Нұрбек

17 Қараша 2022, 11:21 1589

Соңғы 3 жылда Қазақстанда 1,5 млн бала дүниеге келді

Елордада «Қазақстан дамуының жаңа кезеңіндегі отбасылық, демографиялық және гендерлік саясат» халықаралық ғылыми конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz.

Халықаралық конференцияға Үндістан, Швецария, Чехия және АҚШ-тың ғалымдары мен сарапшылары және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Бүгінде әлем халқының саны 8 млрд адамға жетті. 7 млрд халықтан 8 млрд-қа небәрі 12 жылдың ішінде жеттік. Бұл дегеніміз әлем халқының саны өте қарқынды өсіп келе жатқанын көрінісі. Бұл тенденция біздің елімізде де байқалады. Соңғы 3 жылда Қазақстанда 1,5 млн бала дүниеге келді. Осы жылдың қорытындысы бойынша 500 мың бала дүние есігін ашады деп күтілуде. Былтыр 456 мың бала дүниеге келсе, алдыңғы жылы 426 мың сәби дүниеге келді. Бұл 3 жыл қатарынан тіркелген демографиялық рекорд. Соңғы рет осындай рекорд 1987 жылы Совет одағы кезінде тіркеліп, 417 мың сәби дүниеге келген. 1996-2000 жылы туу дерегі төмендеп, 2004-05 жылдары демографиялық дүмпу болды. Содан кейін демографиялық көрсеткіш артты. БҰҰ болжамы бойынша 2030 жылы Азиядағы халықтың саны 82 млн адамнан асады деп күтілуде», - деді ҚР Ғылым және Жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Халықаралық конференция екі күнге созылады. Сарапшылар бала қауіпсіздігі, гендерлік теңдік, бақытты отбасы моделін қалыптастыру, демографиялық даму перспективалары, тұрмыстық зорлық зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады. Әр тақырыпқа жеке сессия арналды.

Миражан Махан
Бөлісу: