Қазақстан банктеріне қолма-қол рубльді әкетуге рұқсат етілді

14 Шілде 2023, 17:07 1586

Қазақстан банктеріне елімізден қолма-қол рубльді әкетуге қайтадан рұқсат етілді. 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болатын тиісті үкімет қаулысына премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне 2022 жылғы 31 тамызға дейін осы екінші деңгейдегі банктердің кассаларында 2022 жылғы 1 шілдедегі сағат 23:59-да жинақталған көлем шегінде Қазақстан Республикасынан қолма-қол Ресей рублін әкетуге рұқсат етілсін, - делінген қаулыда.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп, осы қаулыны іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдайды. Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Оқи отырыңыз:

Биылғы жылдың басында екінші деңгейлі банктерге Қазақстаннан қолма-қол Ресей рублін бір реттік әкетуге рұқсат берілген болатын. Рұқсат 2022 жылдың 28 желтоқсанындағы "Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы" қаулы негізінде енгізілді.
 
Айта кетейік, соңғы күндері Алматы мен Астананың ақша айырбастау пункттерінде Ресей валютасының теңгеге шаққандағы бағамы төмендеді. Алматыдағы ақша айырбастау орындарында көрші ел валютасы 4,87- 4,98 теңге аралығында сатылып жатыр.

 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: