Қазақстан Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады: тарихи жеңістер мен жаңа рекордтар

Қазақстан Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады: тарихи жеңістер мен жаңа рекордтар

Аян Қайырбаев
Фото: ҰОК

Қазақстан құрамасы Жапонияның Айчи және Нагоя қалаларында өткен XX жазғы Азия ойындарын 84 медальмен қорытындылады. Ұлттық құрама қоржынына 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде түсті. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 8-орынға тұрақтады.

Бұл нәтиже бұған дейінгі Азия ойындарымен салыстырғанда жақсарған. 2023 жылы Ханчжоуда өткен додада қазақстандық спортшылар 80 медаль жеңіп алып, 10 алтын жүлдемен 11-орынға орналасқан еді. Жапонияда медаль саны төртке артып, құрама жалпы есепте үш саты жоғары көтерілді.

Қазақстан 84 медальдық көрсеткішке бұған дейін 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында қол жеткізген. Ал ұлттық құраманың Азия ойындарындағы ең жоғары нәтижесі 2006 жылғы Доха додасында тіркелді. Сол кезде спортшыларымыз 85 медаль еншілеген болатын.

Алайда Жапониядағы жарыстың маңызы тек жүлде санымен өлшенбейді. Қазақстандық спортшылар бірқатар спорт түрінен тұңғыш рет Азия ойындарының медалін жеңіп алып, бірнеше тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Алғашқы алтынды Рината Сұлтанова әкелді

Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді велошабандоз Рината Сұлтанова салды. Ол жекелей уақытқа жарысу сайысында үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды.

Сұлтанова мұнымен тоқтаған жоқ. Кейін велотректегі омниум сайысында күміс медаль жеңіп алды.

Осылайша, спортшының Азия ойындарындағы жүлделер саны үшке жетті. Бұған дейін ол Ханчжоуда жекелей уақытқа жарысудан қола медаль иеленген болатын.

Сұлтанова Жапонияда тасжолдағы және велотректегі жарыстардан да жүлде алған алғашқы қазақстандық спортшылардың бірі ретінде ерекшеленді.

Алексей Луценко Азия ойындарының рекордын жаңартты

Қазақстанның велоспорттағы тағы бір көшбасшысы Алексей Луценко Жапонияда екі алтын медаль жеңіп алды.

Алдымен ол жекелей уақытқа жарысудан чемпион атанды. Бұл Луценконың аталған сайыстағы Азия ойындарындағы төртінші алтыны болды. Ол бұған дейін Инчхон, Джакарта және Ханчжоудағы жарыстарда да топ жарған еді.

Кейін қазақстандық велошабандоз топтық жарыста да алтын медаль иеленді.

Осылайша, Луценконың жазғы Азия ойындарындағы алтын медаль саны алтыға жетті. Ол бес алтын жүлдесі бар каноэші Константин Негодяевтің рекордын жаңартып, Қазақстан тарихындағы жазғы Азия ойындарында ең көп алтын алған спортшы атанды.

Топтық жарыста Луценкомен бірге Евгений Федоров та жүлдеге ие болды. Ол күміс медаль жеңіп алды. Федоров Ханчжоуда осы сайыста алтын алған еді.

Каратэден екі алтын

Каратэден Қазақстан құрамасы екі алтын медаль жеңіп алды. Жоламан Биғабыл 55 келіге дейінгі салмақта чемпион атанса, Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақта қарсыластарынан басым түсті.

Берульцева үшін бұл Азия ойындарындағы екінші алтын болды. Ол Ханчжоуда да осы салмақта чемпион атанған еді.

Жаңа спорт түрлерінен бірден үш медаль

Жапониядағы Азия ойындарының бағдарламасына аралас жекпе-жек түрлері алғаш рет енгізілді. Қазақстандық спортшылар бұл мүмкіндікті нәтижелі пайдаланды.

Еркінғали Бүркіталин traditional MMA жарысында чемпион атанса, Қадырбек Шынбаев modern MMA сайысында алтын медаль жеңіп алды. Ал Санжар Әділов қола жүлдеге ие болды.

Осылайша, Азия ойындарының бағдарламасына жаңадан енген спорт түрі Қазақстанға бірден үш медаль, оның ішінде екі алтын сыйлады.

Ескек есуден тарихи алтын

Академиялық ескек есуден Қазақстан тарихындағы алғашқы Азия ойындарының алтынын Владислав Яковлев пен Иван Чернухин жеңіп алды.

Қазақстандық спортшылар ерлер арасындағы рульсіз екі орынды қайықпен жарыста үздік нәтиже көрсетті.

Яковлев үшін бұл Азия ойындарындағы екінші медаль. Ол 2014 жылы Инчхонда қола жүлде иеленген еді. Арада 12 жыл өткен соң қазақстандық ескекші тағы да жеңіс тұғырына көтеріліп, бұл жолы чемпион атанды.

Семсерлесушілер 24 жылдан кейін алтын алды

Қазақстан ерлер құрамасы командалық семсерлесуден де тарихи жеңіске жетті. Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов финалда Оңтүстік Корея құрамасын 43:42 есебімен жеңді.

Осылайша, Қазақстан ерлер арасында командалық семсерлесуден 24 жылдық үзілістен кейін қайтадан Азия ойындарының чемпионы атанды.

Бұған дейін ұлттық құрама бұл сайыста 1994 жылы Хиросимада және 2002 жылы Пусанда алтын медаль жеңіп алған болатын.

Қазақстандық семсерлесушілердің жетістігі бір Азия ойындарымен шектелмейді. 2026 жылы олар Азия чемпионатында топ жарып, кейін Қазақстан тарихында алғаш рет әлем чемпионы атанды. Артынша Азия ойындарының алтынын жеңіп алды.

Боксшылар 12 жылдық үзілісті аяқтады

Қазақстан боксшылары Жапониядағы Азия ойындарында екі алтын медаль жеңіп алды.

Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Финалда ол Иордания өкілі Зеяд Ишаишты төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңді.

Бұл жекпе-жектің Төрехан үшін маңызы ерекше болды. 2026 жылғы Азия чемпионатының финалында ол дәл осы қарсыласына жол берген еді. Жапонияда қазақстандық боксшы қарымта қайтарды.

Ал Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта чемпион атанды. Қазақстан құрамасының капитаны финалда Өзбекстан өкілі Жахонгир Зокировтан басым түсті.

Осы екі алтын қазақстандық боксшылардың Азия ойындарындағы алтынсыз қалған 12 жылдық кезеңіне нүкте қойды. Соңғы рет еліміздің боксшылары 2014 жылы Инчхонда чемпион атанған болатын.

Таеквондодан Қазақстанның алғашқы алтыны

Қазақстанның 12-ші алтынын Тамирлан Тілеулес жеңіп алды.

Ол 58 келіге дейінгі салмақта топ жарып, Қазақстанға таеквондодан жазғы Азия ойындарындағы тұңғыш алтын медальді сыйлады.

Осылайша, Қазақстан құрамасының алтын жүлделері велоспорт, каратэ, MMA, академиялық ескек есу, семсерлесу, бокс және таеквондо спорттарынан түсті.

Алексей Чуркин әлемдік рекорд жаңартты

Жапониядағы жарыста қазақстандық спортшылардың арасында ауыр атлет Алексей Чуркин де ерекше көзге түсті.

Ол 85 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, жұлқа көтеруде 173 келіні бағындырды. Бұл нәтиже бұған дейінгі әлемдік рекордтан бір келіге жоғары болды.

Серпе көтеруде Чуркин 205 келіні еңсерді. Қоссайыс қорытындысында 378 келі жинаған қазақстандық спортшы күміс медаль иеленді.

Чуркиннің Жапонияда орнатқан рекорды ересектер арасындағы алғашқы әлемдік жетістігі болды.

Қазақстан спортында жаңа тарихи нәтижелер көбейді

Азия ойындарында Қазақстан спортшылары бірқатар спорт түрінен алғаш рет жүлдеге ие болды.

Артем Саркисян ерлер арасындағы жекелей қылыштасудан қола медаль алып, Қазақстан тарихындағы осы сайыстың тұңғыш жүлдегері атанды.

Әйелдер арасында шпагадан Ирина Бакалдина, Владислава Андреева, София Николайчук және Дарья Самоделкина командалық қола жүлдеге ие болды. Бұл — Қазақстан әйелдер құрамасының аталған сайыстағы Азия ойындарындағы алғашқы медалі.

Стенд атудан Даниил Почивалов, Әлішер Айсалбаев және Марк Почивалов командалық «трап» сайысында қола медаль жеңіп алды. Бұл Қазақстан ерлер құрамасының осы бағдарламадағы алғашқы жүлдесі болды.

Спорттық құзға өрмелеуден Дамир Тоқтаров «жылдамдық» сайысында қола жүлде иеленіп, Қазақстанға осы спорт түрінен Азия ойындарындағы алғашқы медальді сыйлады. Ол жарыс барысында ұлттық рекордты да жаңартты.

Теннистен Юлия Путинцева жекелей сында қола медаль жеңіп алды. Бұл Қазақстан әйелдері арасындағы жекелей теннистен Азия ойындарындағы алғашқы жүлде болды. Кейін ол Анна Данилинамен бірге жұптық сайыста да қола медаль иеленді.

Қазақстанның жүлдесі бірнеше жылдан кейін қайта оралған спорт түрлері

Жапониядағы жарыста кей спорт түрінен Қазақстан бірнеше жылдық үзілістен кейін қайтадан жеңіс тұғырына көтерілді.

Қазақстан ерлер құрамасы қазіргі бессайыстан қола жүлде алып, Азия ойындарындағы 16 жылдық үзілісті тоқтатты.

Жеңіл атлетикадан Алина Чистякова жетісайыста қола медаль иеленді. Қазақстан бұл сайыста соңғы рет 2006 жылы жүлде алған болатын. Сол кезде Ольга Рыпакова чемпион атанған еді.

Спорттық гимнастикадан Милад Карими еркін жаттығуларда күміс медаль жеңіп алды. Қазақстан бұл бағдарламада соңғы рет 1994 жылы Хиросимада күміс жүлде алған болатын.

Дзюдо мен күрес медаль саны бойынша алда

Қазақстан құрамасы ең көп медальді дзюдо мен күрестен еншіледі. Екі спорт түрінен де жеті медальдан алынды.

Дзюдодан бес күміс және екі қола жүлде бұйырды. Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат күміс медаль жеңіп алды. Эсмигүл Куюлова мен Екатерина Токарева қола жүлдеге ие болды. Бұған қоса, аралас командалық сайыста Қазақстан құрамасы күміс медаль иеленді.

Күрестен Эльмира Сыздықова күміс жүлде алса, Мейіржан Шермаханбет, Едіге Қасымбек, Начын Кууллар, Зейнеп Баянова, Нұрқожа Қайпанов және Нилуфар Раимова қола медаль жеңіп алды. Байдарка мен каноэде ескек есуден Қазақстан алты медаль еншіледі.

Су добынан Қазақстан қатарынан тоғызыншы рет жүлде алды

Қазақстан ерлер құрамасының су добынан жетістігі де назар аударуға тұрарлық. Жапонияда финалға дейін жеткен қазақстандық су добы шеберлері күміс медаль иеленді.

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде 1994 жылы Азия ойындарына алғаш рет қатысқаннан бері су добынан бірде-бір рет жүлдесіз қалған емес.

Ұлттық құрама 1994, 1998, 2002, 2010, 2014 және 2018 жылдары чемпион атанды. 2006 және 2022 жылдары қола жүлде иеленсе, бұл жолы күміс медальға қол жеткізді.

Осылайша, Қазақстанның су добынан Азия ойындарындағы жүлде қоржыны толықты.

Қазақстан жалпыкомандалық есепте сегізінші орын алды

Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қытай құрамасы иеленді. Қытай спортшылары 169 алтын, 89 күміс және 83 қола медаль жеңіп алды.

Екінші орында — Жапония. Қожайын елдің спортшылары 83 алтын, 95 күміс және 91 қола жүлде еншіледі.

Үздік үштікті 39 алтын, 43 күміс және 68 қола медальмен Оңтүстік Корея түйіндеді.

Қазақстан 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медальмен 8-орынға тұрақтады.

Осылайша, қазақстандық спортшылар Жапониядағы Азия ойындарын 84 медальмен аяқтап, Ханчжоудағы нәтижесін жақсартты. Құрама жүлде саны бойынша 2014 жылғы көрсеткішін қайталап, бірқатар спорт түрінен тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Енді бұл жетістіктер Қазақстан спортшылары үшін келесі құрлықтық додаларға жаңа межелер белгілеуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз

{