04.05.2026
12:32
197
Жаңалықтар

Қазақстан «Алтын виза» енгізді: енді кімдер елде оңай тұра алады?

Қазақстан шетелдік мамандар үшін көші-қон саясатын жаңғыртып, жаңа мүмкіндіктер ашуға кірісті. Енді елге келетін жоғары білікті кадрлар үшін арнайы «Алтын виза» енгізілмек. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Жаңа бастама Қазақстанды кәсіби мамандар мен инвесторлар үшін тартымды бағытқа айналдыруды көздейді.

«Алтын виза»: сұранысқа ие мамандарға жаңа мүмкіндік

Үкіметтің негізгі мақсаты – экономикаға қажет кадрлар үшін ашық әрі қолайлы орта қалыптастыру.

Олардың еркін келуіне, кәсіби әлеуетін толық асыруына және Қазақстан өміріне толыққанды әрі жайлы бейімделуіне мүмкіндік беру қажет, – деді Аида Балаева.

Оның айтуынша, бұл үшін көші-қон жүйесі түбегейлі жеңілдетіледі.

Бірінші және негізгі тәсіл – көші-қон саласында сервистік мемлекет қалыптастыру. Бұл мемлекеттік рәсімдер барынша қарапайым, ашық және қолжетімді болуға тиіс дегенді білдіреді, – деп атап өтті ол.

Іс жүзінде бұл барлық процесті цифрландыру арқылы жүзеге асады.

Мәртебені ресімдеу, жұмысқа рұқсат алу және оған қатысты рәсімдер әртүрлі органдарға бірнеше рет жүгінуді қажет етпейтін бірыңғай жүйе аясында жүзеге асырылуға тиіс, – деді министр.

Сонымен қатар бюрократияны азайтуға ерекше назар аударылмақ.

Өтініштерді қарау мерзімі қысқарып, регламенттік рәсімдер оңтайландырылуда, бақылаудың цифрлық құралдары енгізіліп жатыр. Бұл азаматтар үшін де, мемлекет үшін де транзакциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Жаңа жүйенің негізгі тетіктерінің бірі – «Алтын виза».

Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін болжамды және ұзақ мерзімді жағдайлар жасауға бағытталған «Алтын виза» енгізіліп жатыр, – деді Аида Балаева.

Оның сөзінше, бұл мүмкіндік нақты салаларға бағытталады.

Өндіріс немесе инфрақұрылым саласында жобаны жүзеге асырып жатқан шетелдік инвестор елде болу мен қызмет жүргізудің тұрақты шарттарына ие болады. Сол сияқты еңбек нарығында сұранысқа ие инженерия, IT немесе медицина саласының маманы заңдастыру мен жұмысқа орналасуға оңайлатылған қолжетімділік алады, – деп түсіндірді ол.

Тағы бір маңызды бағыт – кәсіби біліктілікті тануды жеңілдету.

Кей жағдайда біліктілікті растау процесі сапа мен қауіпсіздік талаптары сақталған күйде бірнеше айға созылмай, әлдеқайда қысқа мерзімде жүргізіледі, – деді министр.

Сонымен қатар мемлекет бақылауды әлсіретпейтінін атап өтті.

Керісінше, бақылауды нақтырақ әрі заманауи технологиялар арқылы тиімді етеміз, – деді Аида Балаева.

Қазақстандағы шетелдіктер: ықтиярхат пен уақытша тұруға рұқсат қалай беріледі

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстанда 241 мың шетелдік тұрақты тұрып жатыр. Оның ішінде 97,5 мыңы – Ресей азаматтары.

Олар көбіне Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында қоныстанған.

2024 жылдан бері Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсатты 19 мың Ресей азаматы алды, – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

Ал уақытша тұрып жатқан шетелдіктер саны – 63 мың. Соның ішінде 9600-і Ресей азаматтары.

Ресей азаматтарының басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Атырау және Маңғыстау облыстарында тіркелген, – делінген ведомство ақпаратында.

Уақытша тұруға рұқсат – шетелдіктерге белгілі бір мерзімге Қазақстанда заңды түрде тұруға мүмкіндік беретін құжат.

Уақытша тұруға рұқсат алу үшін өтінішті полиция органдарына, мемлекеттік корпорацияға немесе электронды портал арқылы тапсыру қажет. Өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады және қызмет тегін көрсетіледі, – деп түсіндірді министрлік.

Ал тұруға ықтиярхат – шетелдіктің Қазақстанда тұрақты тұру құқығын растайтын құжат.

Өтінішті қарау мерзімі 45 күнге дейін созылады. Негізгі талаптар – төлем қабілеттілікті растау және соттылықтың болмауы, – деп нақтылады ведомство.

Сондай-ақ ықтиярхат алуды жеңілдететін жағдайлар да бар.

Егер шетелдік Қазақстанда туған болса, бұрын ел азаматтығында болған немесе жақын туыстары осында тұрса, құжат рәсімдеу жеңілдеуі мүмкін, – делінген ІІМ мәліметінде.