Қазақша білмей әскерге келген сарбаз 8 айда Абайды жатқа айтып жүр

Қазақша білмей әскерге келген сарбаз 8 айда Абайды жатқа айтып жүр

Айнұр Алпысбай
Фото: gov.kz

Ұлттық ұланның Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген қатардағы жауынгер Артём Кудряшов әскерге келгенге дейін қазақ тілінде сөйлей алмаған. Алайда сегіз ай ішінде мемлекеттік тілді меңгеріп, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне деген қызығушылығы арта түскен. Соның нәтижесінде ол Абай Құнанбайұлының  өлеңдерін жатқа айтып, қара сөздерін тұрақты оқуды әдетке айналдырған.

Хакімнің мұрасы ол үшін қазақ тілін үйренудің тиімді құралы ғана емес, қазақ халқының дүниетанымы мен рухани болмысын тереңірек түсінудің жолына айналған. Әр шығармасынан өзіндік тағылым алып, қара сөздерінен өмірлік мәні бар ой түйетін жауынгердің мемлекеттік тілге деген қызығушылығы күн сайын артып келеді.

Фото: gov.kz

Қазір оның жиі қолға алатын кітаптарының бірі – Абайдың шығармалар жинағы. Сарбазға ақынның «Қыс» өлеңі ерекше ұнайды. Абайдың табиғатты суреттеудегі шеберлігі мен сөз қолданысы Артёмнің қазақ тілін меңгеруіне де ықпал етіп отыр.

Ұлы ойшылдың шығармалары қазақ халқына ғана емес, қазақ елінің тарихы мен мәдениетін танығысы келетін кез келген адамға рухани бағыт-бағдар бере алады. Артём Кудряшовтың мысалы да осыны көрсетеді. Ол үшін Абай – қазақ тілін үйретіп қана қоймай, ұлттық мәдениет пен руханиятты танытқан рухани ұстаз.

Бүгінде қатардағы жауынгер Артём Кудряшов әскери міндетін де жауапкершілікпен атқарып жүр. Қарауыл қызметіндегі сарбаз өзіне сеніп тапсырылған нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жауынгерлік міндетін абыроймен орындауда.

Оқи отырыңыз

{