524.58
551.91
4.93

Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығы қалай тойланады

15 Қараша, 23:12 989

Биыл еліміздің музыка өнері үшін маңызды оқиға – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдық мерейтойы өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Консерватория мерейтойын көптеген өнер майталмандары атап өтті. Олардың қатарында скрипкашы Марат Бисенғалиев, баяншы Yves Moulin, опера әншісі Талғат Мұсабаевтар үлкен концерттер қойып, болашақ жұлдыздарға шеберлік сабақтарын жүргізді.

Сексен жылда консерватория Қазақстанды әлемге танытқан музыканттардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарған ордаға айналды. Қара шаңырақ түлектерінің арасында Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Юрий Клушкин, Алан Бөрібаев, Байғали Серкебаев, Медет Шотабаев сияқты Қазақстанның халық әртістері, Еңбек сіңірген қайраткерлері мен дарынды музыканттар бар.

Консерватория 25 қараша мен 2 желтоқсан аралығында өтетін мерейтойлық марафонға барша көрерменін шақырады. Күн сайын қазақстандық музыканың бай тарихы, заманауи жетістіктері көрсетіледі. Бағдарламада халықаралық конференция, көрмелер және басқа да көптеген іс-шаралар жоспарланған.

Қазақстанның жетекші музыканттары тәжірибесін бөлісу үшін шеберлік сабақтары мен кездесулер өткізеді. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсаходжаева, Ресей скрипкашысы Назар Кожухарь, қазақтың дарынды дирижерлары Алан Бөрібаев пен Абзал Мухитдинов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Измайлов және т.б. бар.

Мерейтойлық марафон 3 желтоқсан күні Республика сарайында өтетін гала-концертпен қорытындыланады. Қазақстанның ең беделді сахнасында консерваторияның шығармашылық ұжымдары – оркестрлер, ансамбльдер, хор және солистер, сондай-ақ қонақ ретінде шақыртылған әртістер жиналады. Бұл кеш ұрпақтар арасындағы байланысты, музыкалық дәстүрлердің байлығы мен қазақстандық өнердің заманауи үлгісін көрсететін мерейтойдың қорытындысы болмақ.

Мерейтойлық марафон бағдарламасын консерватория сайтынан көре аласыз.

Перизат Саденова
Бөлісу: