Жаңалықтар

Қазақ тіліндегі Disney: жаңа анимациялық фильм балаларға қандай ой салады?

19.06.2026 09:40
Диана Орынбасар
Фото: El.kz

Астанада Disney мен Pixar студияларының жаңа туындысы – «Ойыншықтар хикаясы 5» мультфильмінің қазақ тіліндегі арнайы көрсетілімі өтті. Жаңа анимациялық фильм балалар мен ата-аналарды алаңдататын өзекті мәселелерді қозғайды. Мамандардың айтуынша, туындыда гаджетке тәуелділік, қарым-қатынас мәдениеті және буллинг тақырыптары қызықты оқиға желісі арқылы көрініс тапқан.

el.kz

Арнайы көрсетілімге қатысқан халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліндегі сапалы контенттің көбеюі балалардың тілдік ортасын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтты.

«Ойыншықтар хикаясы 5» мультфильмінің қазақ тілінде жарық көруі – қуанышты жаңалық. Балалар жақсы көретін кейіпкерлердің қазақша сөйлегені олардың ана тіліне деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар бұл өзге тілде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің де қазақ тілін қабылдауына оң әсер етеді. Фильмнің тақырыбы бүгінгі қоғам үшін өте өзекті. Онда ойыншықтар балалардың назарын гаджеттерден алыстатып, шынайы өмірге қайта оралтуға тырысады. Бұл – көптеген ата-ананы алаңдатып жүрген мәселе. Сондықтан туындының тәрбиелік мәні зор деп ойлаймын, – деді ол.

el.kz
el.kz

Мультфильмнің қазақ тіліндегі дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев жаңа бөлім қазіргі балалар өміріндегі маңызды мәселелердің біріне назар аударатынын атап өтті.

«Ойыншықтар хикаясының» әр бөлімі көрерменге белгілі бір ой тастап келеді. Бесінші бөлімде басты кейіпкерлер баланы гаджеттердің ықпалынан арашалап қалуға тырысады. Өйткені бүгінде көптеген бала уақытын телефон мен планшетке жұмсайды. Соның салдарынан олардың бір-бірімен қарым-қатынасы азайып барады. Сонымен қатар фильмде буллинг мәселесі де қозғалады. Барлық тақырып көрерменге жеңіл әрі қызықты форматта ұсынылған. Әсіресе, ата-аналар үшін ой салар тұстары көп, – деді ол.

el.kz

Оның айтуынша, фильмді қазақ тіліне бейімдеу жұмыстары шамамен бір айға созылған. Осы уақыт ішінде мәтін аударылып, кейіпкерлерге кастинг өткізіліп, дыбыстау және монтаж жұмыстары жүргізілген. Кейіпкерлердің дауысын кәсіби театр және кино актерлері сомдаған.

Арнайы көрсетілімге қатысқан сарапшы Тимур Бектұр қазақ тіліндегі әлемдік контенттің көбеюін маңызды қадам ретінде бағалады.

Бұған дейін көптеген фильм қазақ тіліне демеушілер мен жанашыр азаматтардың қолдауымен аударылып келді. Ал Disney мен Pixar секілді әлемдік студиялардың қазақ тіліндегі нұсқаларды өздері қаржыландырып, көрерменге ұсынуы – жақсы үрдістің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

el.kz
el.kz

Балалар әлемге танымал туындыларды ана тілінде тамашалап, жаһандық мәдени кеңістікке қазақ тілі арқылы ене алады. Бұл олардың тілдік ортасын нығайтып қана қоймай, әлемдік мәдениетті өз тілінде қабылдауына мүмкіндік береді.

Балаларға арналған сапалы қазақ тіліндегі контент неғұрлым көп болса, олардың қоршаған ортаны танып-білуіне және ақпаратты ана тілінде қабылдауына соғұрлым оң әсер етеді. Сондықтан мұндай жобалардың жалғаса беруі маңызды, – деді ол.

el.kz
el.kz

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мәліметінше, Disney компаниясы өз фильмдерін әлемнің түрлі елдеріндегі көрерменге бейімдеп, ондаған тілге дубляждап келеді. Қазіргі таңда студия жобаларын жыл сайын 40-тан астам тілде ұсынады. Соңғы үш жылда Disney қазақ тіліндегі дубляжға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы кезеңде қазақ тілінде «Ойжұмбақ 2», Moana 2, Mufasa: The Lion King, Snow White, Lilo & Stitch, сондай-ақ Zootopia 2 секілді фильмдердің қазақша нұсқалары жарық көрді.

Айта кетейік, бұған дейін қазақ тілінде прокатқа шыққан Zootopia 2 анимациялық фильмі кассалық көрсеткіштері бойынша жаңа рекорд орнатқан болатын.

Оқи отырыңыз