Қазақстан – 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатқан ортақ шаңырақ. Осындай алуан түрлі қоғамда елді ұйыстыратын ең басты құндылықтың бірі – тіл. Соңғы жылдары қазақ тілінде еркін сөйлейтін түрлі этнос өкілдерінің саны айтарлықтай артып келеді.
«Қай жердің нанын жейсің, суын ішесің – сол сенің елің»
Қоғамдағы бірліктің басты тетіктерінің бірі – ортақ тіл. Қазақстанда мемлекеттік тілдің рөлі жылдан-жылға артып келеді. Қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері де бұл үрдістің айқын дәлелі.
Солардың бірі – Наргизам Махмудова. Ол бала кезінен өз болашағын қазақ тілімен байланыстырған.
Алматы облысы Ұйғыр ауданы Ават ауылында туып-өстім. Басында ұйғыр мектебіне бардым. Бірақ кейін қазақ тілін терең меңгергім келіп, ата-анама айтпай қазақ сыныбына ауысып алдым. Ол кезде небәрі 10 жаста едім. Әкем бұл туралы мектеп жиналысынан кейін ғана білгенде, себебін сұрады. Мен болашағым үшін қазақ тілін жетік білуім керек екенін айттым, – дейді Наргизам Махмудова.
Оның айтуынша, отбасында екі тіл тең қолданылады.
Әкем бізге әрдайым «қай жердің нанын жейсің, суын ішесің – сол сенің елің. Сол елдің тілін құрметте, сол тілде сөйле. Қажет болса, сол Отаның үшін қаныңды бер» деп айтып отыратын, – дейді ол.
Қазақ әдебиетіне деген қызығушылығы да ерекше.
Мен «Абай жолы» романын 38 рет оқыдым. Әр оқыған сайын жаңа қырын ашасың. Қазақ тілін үйренгісі келетіндерге осы кітапты міндетті түрде оқуға кеңес беремін, – дейді Наргизам.
Қазақ тілінің рөлі артып келеді
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейгенімен, қоғамда әлі де назар аударатын тұстар бар. Бұл туралы Сенат депутаты Алишер Сатвалдиев айтты.
Кейбір шенеуніктер қазақша қойылған сұраққа жауапты қазақша бастап, кейін орысша жалғастырып жатады. Бұл – ұят жағдай. Тілдік коммуникацияда мұндай алшақтық болмауы керек, – дейді сенатор Алишер Сатвалдиев.
Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте қазақ тілін меңгеруге деген талпыныс бар екенін атап өтті.
Сенатта да, одан тыс жерде де қазақ тілін оқып жүрген әріптестерім бар. Өзара қазақша сөйлесуге тырысамыз. Тіпті орысша сұрақ қойсаң да, қазақша жауап беруге дағдыланып жатырмыз, – дейді ол.
Соңғы жылдары қазақ тілінің қоғамдағы маңызы айтарлықтай артқан. Бұл өзгеріс статистикадан да байқалады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ тілінің қолданыс аясы шамамен 20 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 80 пайызға жетті. Бұл – тілдің қоғамдағы негізгі коммуникация құралына айналып келе жатқанын көрсетеді, – дейді сенатор.
Оның айтуынша, көпұлтты қоғамда ортақ тілдің қалыптасуы табиғи үдеріс.
Қарапайым қоғамдық көлікте жүрсеңіз де, басқа этнос өкілдерінің қазақша сөйлеп жатқанын байқайсыз. Бұл – қазақ тілінің күнделікті өмірге еніп жатқанын көрсетеді, – дейді Алишер Сатвалдиев.