30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыБүгін, 3 қыркүйекте, елімізде алғаш рет Қазақ тазысы күні аталып өтіп жатыр. Осыған орай Астананың Арбатында тазы асыраушылар мен ұлттық тұқымға қызығушылық танытқан тұрғындар бас қосты. Келушілер тазыларды жақыннан көріп, олардың ерекшелігі, күтімі мен аңшылық қабілеті туралы мағлұмат алды. El.kz тілшісі тазы асыраушылармен тілдесіп, ұлттық тұқымды сақтаудың маңызы мен тазы баптаудың қыр-сырын сұрап білді.
«Тазының қандай екенін жамбасынан-ақ байқауға болады»
Ақмола облысының Арайлы ауылында тұратын Аян Досманов тазы баптаумен 20 жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. Бұл кәсіп оған атадан қалған. Бүгінде тазыларын баптап, түрлі көрмелер мен жарыстарға қатыстырып жүр.
Тазы – атадан қалған мұра. Оның аңға деген қабілеті, жүйріктігі, дене бітімі мен сабырлылығы ерекше. Адамға себепсіз агрессия көрсетпейді. Тазының таза тұқымды екенін жамбасы, тісі, құлағы, тұмсығы мен дене бітіміне қарап ажыратуға болады, – дейді Аян Досманов.
Қазір оның он тазысы бар. Ал осы уақытқа дейін өзі өсіріп-баптаған 30-ға жуық тазыны еліміздің әр өңіріндегі азаматтарға берген.
Тазыны бабында ұстау үшін тұрақты жаттығу қажет. Аян Досманов жыл мезгіліне қарай жаттығу тәртібін де өзгертіп отырады.
Жазда таңғы бес-алты шамасында, күн әлі салқын кезде жаттығуға шығарамыз. Жүгіртіп, шырғаға саламыз. Кешкі салқында тағы шығарамыз. Жазда қатты қинамаймыз. Негізгі дайындық күз, қыс және көктем айларында жүреді. Ал жазда тынығып, қалпына келеді, – дейді ол.
Арбатқа тазы өсіруші Елес, Айым мен Найза атты тазыларын алып келген. Елес үш жаста, Айым екі жаста. Айымды иесі еркелетіп «Луна» деп те атайды.
Тазыны аңға неше айынан бастап баулиды?
Тазыны аңшылыққа баулу күшік кезінен басталады. Аян Досманов әр кезеңде күшіктің қабілетіне қарай жаттығуды біртіндеп күрделендіретінін айтады.
Туғаннан бастап өзім баптаймын. Үш айлығынан айналасын танып, үйрене бастайды. Бес айдан кейін аңға алып шығамыз. Алты айға келгенде жүгіріп, аңшылыққа біртіндеп төселеді. Өзім бірге алып шығамын, – дейді ол.
Аян Досманов саятшылықпен қатар тазы көрмелеріне де тұрақты қатысады. Оның сөзінше, биыл екі тазысы халықаралық сарапшы қатысқан көрмеде жоғары бағаланып, финалға шыққан. Мұндай байқауларда тазының сыртқы бітіміне қойылатын талаптар қатаң.
Сарапшылар тісіне, жамбасына, құлағына, тұмсығына, бойы мен денесінің ұзындығына дейін қарайды. Бағалау кезінде осы белгілердің барлығы ескеріледі, – дейді тазы өсіруші.
Тазыны баптауда тамақтану тәртібіне де мән береді. Аян Досманов иттеріне майлы тағам бермейтінін, таңертең жеңіл ас, ал етті негізінен кешкі уақытта беретінін айтты.
«Тазы аңды өзі іздеп, өзі көтеріп, өзі ұстайды»
«Asyl Qazyna» тазы асылдандыру ұйымының төрағасы Серік Алтаев тазы өсірумен жарты ғасырдан астам уақыттан бері айналысып келеді. Бұл істің қыр-сырын ол бала кезінен нағашыларынан үйренген.
Нағашыларым тазы жүгірткен адамдар еді. Бала кезімнен солардың жанында жүріп үйрендім. Қазақта ат жүрген жерде тазы да бірге жүрген ғой. Алғашқы тазымды 1971 жылы, 15 жасымда алдым. Содан бері тазы ұстап келемін, – дейді Серік Алтаев.
Қазір оның 14 тазысы бар, тағы 16 күшік өсіп жатыр. Ал өзі басқаратын «Asyl Qazyna» ұйымында 20-дан астам тазы бар.
Серік Алтаев түрлі жүйрік ит тұқымдарын ұстап көргенін айтады. Оның байқауынша, қазақ тазысының аңға шыққандағы әрекеті өзгелерден ерекшеленеді.
Басқа жүйрік иттердің көбі аңды алдына салып бергенде ғана қуады. Ал қазақ тазысы аңды өзі іздейді, өзі көтереді, өзі қуып, ұстайды. Оның басты ерекшелігі де осында, – дейді ол.
Тәжірибелі тазы өсіруші олардың зеректігіне де ерекше мән береді.
Өзім басқа да жүйрік ит тұқымдарын ұстап көрдім. Бірақ тазының зеректігі бөлек. Тіпті бір айлық күшік те өзінің жататын жерін, дәрет сындыратын орнын тез үйреніп алады. Осы қасиетіне әлі күнге дейін таңғаламын, – дейді Серік Алтаев.
Ол тазының адаммен тез тіл табысатынын да атап өтті. Серік Алтаев үйінің жанындағы сауықтыру орталығына тазыларын ара-тұра апарып тұратынын айтады.
Үйімнің жанында сауықтыру орталығы бар. Сол жерге тазыларымды апарып тұрамын. Балалар оларды көргенде қуанып, құшақтап, көңілдері бөлініп қалады. Әсіресе оңалту курсынан өтіп жүрген балаларға жақсы әсер ететінін байқап жүрмін, – дейді ол.
Қазақстанның үш тазысы халықаралық додада бақ сынап жатыр
Серік Алтаевтың айтуынша, биыл Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстаннан үш тазы ел намысын қорғап жатыр. Олар тайған, орыс тазысы, грейхаунд және өзге де жүйрік иттермен сынға түседі. Бұған дейін де қазақстандық тазылар түрлі халықаралық жарыстар мен көрмелерге қатысып, ұйым өкілдері Катар мен Түркияға барған.
Елімізде де тазы жарыстары тұрақты ұйымдастырылады. Өңірлік іріктеуден өткен тазылар республикалық сынға жолдама алады. Биыл «Asyl Qazyna» ұйымының он жылдығына орай Астанада өтетін жарыстың ауқымын кеңейту жоспарланып отыр.
Әр облысқа он тазымен қатысуға мүмкіндік беріп отырмыз. Олар Астанаға келіп, ипподромда сынға түседі. Жарысты қазан айында өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Серік Алтаев.
Тазы өсіруші жарысқа қатысатын итті таңдауда да өзіндік ұстанымы барын айтады. Мәселен, ол ұрғашы тазыларын додаға қоспайды.
Жақсы тұқым алу үшін ұрғашы тазыны жарысқа салмаған жөн деп есептеймін. Сондықтан өзім ұрғашы тазыларымды жарысқа қоспаймын, – дейді ол.
Арбатқа Серік Алтаев Кираз және Көктем атты екі ұрғашы тазысын алып келген. Кираз атауы түрік тілінен аударғанда «шие» деген мағынаны білдіреді. Ол бір жасында көрмеде бірінші орын алған. Ал Көктем әзірге жарысқа қатысып көрмеген.
Ұлттық тұқымды сақтау үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Астана қаласы мәслихатының депутаты Мағзұм Арсланбек тазы мен төбетке арналған арнайы күннің белгіленуі төл тұқымдарға қоғам назарын аударуға ықпал етеді деп есептейді.
Бұл күн тазы мен төбетті әлемдік деңгейде кеңінен танытуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Сонымен қатар халықтың төл тұқымдарымызға деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді депутат.
Мағзұм Арсланбек бұл бағытта қолға алынған жұмыстарға да тоқталды.
Қазір ұлттық тұқымдарды сақтауға арналған арнайы орталық құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тазы мен төбеттің тұқымын сақтап, санын көбейтуге жағдай жасау үшін қажет, – дейді ол.
«Тазыны алғаш рет жақыннан көрдім»
Арбатқа тазы өсірушілер мен мамандардан бөлек жастар да келді. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің екінші курс студенті Камидин Наурызханның өзінің де екі тазысы бар. Ол оларды далаға шығарып, жүгіртіп, аңшылыққа бірге алып барады.
Осындай шаралар жиі өтіп, жастарға тазыны жақыннан таныстырған дұрыс деп ойлаймын. Ұлттық құндылықтарымызды кейінгі буын білуі керек, – дейді Камидин Наурызхан.
Ал осы университеттің биология мамандығының екінші курс студенті Гүлфайруз Амангелді тазыны алғаш рет жақыннан көргенін айтты.
Бүгін достарыммен бірге келіп, тазыны алғаш рет көрдім. Бірден ұнады. Сыртқы түрінің өзінен мейірімділік пен жылылық байқалады. Оны осылай жақыннан көру мен үшін ерекше әсер қалдырды, – дейді студент.
Бір кездері қазақпен бірге аңға шығып, дала тіршілігінің ажырамас бөлігі болған тазы бүгінде ұлттық мұра ретінде дәріптеліп келеді. Ендігі міндет – оның таза тұқымын сақтап, дұрыс баптау мәдениетін кейінгі буынға жеткізу.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды