03.05.2026
12:12
165
Жаңалықтар

Қазақ тазысын халықаралық төрешілер сынады

Бір кездері саятшылықтың символы болған текті ит бүгін халықаралық аренада бағаланып, әлемдік мойындауға бет алды. Астанада өткен «Astana Winner 2026» халықаралық көрмесі аясында қазақы тазыға арналған моно тұқымды көрме ұйымдастырылып, ұлттық ит тұқымының мәртебесі тағы бір мәрте айқындалды.

Бұл көрме тек ит жарысы ғана емес, қазақ халқының бай мәдени мұрасын, аңшылық дәстүрін және ұлттық болмысын танытатын ерекше алаң болды. Моно көрме барысында шетелден келген төрешілер иттердің сыртқы сымбатына ғана емес, табиғи қасиеттеріне – қырағылығы, жылдамдығы, төзімділігі мен батылдығына ерекше мән берді.

Жалпы «Astana Winner 2026» көрмесіне 380 ит қатысып, соның ішінде 41-і қазақы тазы болды.

Көрмеге Қазақстанның әр өңірінен және шетелдерден келген итбегілер, кәсіби кинологтар мен әуесқойлар қатысты. Көрменің беделін арттырған – төрешілер құрамының жоғары деңгейі. Сараптаманы Халықаралық кинология федерациясы президенті Тамаш Яккель (Венгрия), сондай-ақ Швейцария мен Қытайдан келген халықаралық сарапшылар жүргізді. Ал қазақы тазының моно көрмесіне ұлттық төреші Айбол Алпысбаев төрелік етті.

Халықаралық кинология федерациясының (FCI) президенті Тамаш Яккель өз сөзінде қазақы тазыны әлемге таныту жұмыстарының алғашқы кезеңі сәтті өткенін айтты. Тұқымды толық мойындау үшін әлі шамамен сегіз жылдай жүйелі жұмыс қажет.

Қазақ тазысын әлемге таныту бағытында нақты шаралар осыдан екі жыл бұрын басталған. Бірінші кезеңі оң нәтижемен өтті. Енді құмайды толық мойындау үшін бізге әлі кемінде сегіз жыл жұмыс істеу қажет. Яғни, біз беретін кез келген құжат немесе иттің шығу тегі туралы анықтама әлемнің бес құрлығындағы жүз елде мойындалады. Қазақстан кинологтар одағы жасаған ауқымды жұмысты ескерсек, қазақ тазысын әлем мойындайды дегенге күмәнім жоқ», – деді ол.

Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше тоқталып, тазының жүн түсі, генетикасы және жалпы тұқымдық ерекшеліктері ғылыми тұрғыда зерттеліп жатқанын жеткізді.

Біз өзімізге талапты күшейтіп отырмыз. Тазының генетикасы, жүнінің түсі сияқты ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда зерттеуге кірістік. Ең бастысы – тұқымды дамыту, денсаулығын сақтау және оны бүкіл әлемге таныту, – деді.

Көрмеге қатысқан тәжірибелі итбегілердің бірі – Ақмола облысынан келген Аян Досманов. Ол бүгінде 15 құмай тазы баптап, олардың үшеуін көрмеге алып келген.

Маған тазының ең алдымен тазалығы ұнайды. Мінезі өте сабырлы, адамға жақын, жанжалсыз келеді. Нағыз жүйрік тазы деген атқа лайық болуы керек, – дейді. 

Ал Қарағандыдан келген Рамазан Садықұлы өмір бойы тазы ұстап келе жатқанын айтып, өзінің итінің аңшылық қабілеті жоғары екенін жеткізді. Оның тазысы биылдың өзінде бірнеше қоян алған.

Өмір бойы тазы ұстап келемін. Қазіргі итім екі жарым жаста, өте алғыр. Биылдың өзінде бес қоян алдым. Ерекшелігі – жүйрік, тілалғыш, аңға бейім. Бұдан екі жыл бұрын Қазақстандағы ең бірінші итбегі деген атаққа ие болдым, тайқазан алып 1 млн ақша ұттым, – дейді итбегі. 

Бүгінде Қазақстанда бірыңғай асыл тұқымды иттер кітабында 4 мыңға жуық тазы тіркелген. Заңнамалық негіз де қалыптасып келеді. Ендігі басты мақсат – халықаралық деңгейде толық мойындалу.

Көрме аясында қонақтарға арнап ұлттық қолөнер бұйымдары ұсынылған арнайы аймақ ұйымдастырылды. Ағаш, былғары және киізден жасалған бұйымдар, дәстүрлі киімдер мен әшекейлер көрермендердің қызығушылығын арттырды.

Моно тұқымды көрменің қорытындысы бойынша үздік иттер анықталды:

  • Үздік беби – Shagane iz Kazakhskih stepey
  • Үздік күшік – Парыс
  • Үздік юниор – Челси
  • Үздік арлан – Дастер
  • Үздік ұрғашы – Герда
  • Үздік ардагер – Ушар
  • Тұқымның үздік өкілі – Герда

Бұл нәтижелер селекциялық жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқанын және қазақы тазы сапасының біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді.