Қазақ футболының жаңа үміті: Испанияда доп тебетін Шыңғыс Қалиев деген кім?

Қазақ футболының жаңа үміті: Испанияда доп тебетін Шыңғыс Қалиев деген кім?

Айзат Айдарқызы
Фото: AI көмегімен жасалды

Белгілі инсайдер Эльдар Аманбаев «Леванте» академиясында ойнап жүрген Шыңғыс Қалиевтің жаңа клубқа ауысқанын хабарлады. Көпшілік күткендей, Қалиев «Кастельон» клубының жүйесіне қосылды.

Қалиевтің Испаниядағы жолы

17 жастағы орталық қорғаушы Шыңғыс Қалиев жаңа маусымды «Кастельон» базасына қарасты «Хувениль А» құрамында өткізеді. Яғни, клубтың 19 жасқа дейінгі жастар құрамасында доп тебеді. Осы құрамдағы жігіттер Division de Honor Juvenil чемпионатында ойнайды.

 Айталық, бұл – Испаниядағы 19 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы ең жоғарғы лига. Демек, Шыңғыс өзін жақсы көрсетіп жатса, топ-клубқа ауысуға бір табан жақындайды деген сөз.

Алдымен, EsportBase басылымы 4 шілде күні Қалиевтың «Кастельон» сапына қосылатыны туралы эксклюзив ақпарат таратты. Онда оның «Хувениль А» құрамын күшейтетіні туралы жазылған.

22 шілде күні Hattrick Sports Entertainment агенттігі футболшының «Кастельон» сапына қосылғанын ресми түрде мәлімдеді.

Біздің ойыншымыз Шыңғыс Қалиевтің ресми түрде CD Castellon клубының ойыншысы атанғанын қуана хабарлаймыз. Бұл – Валенсия қауымдастығындағы тарихы мен жанкүйерлері ең көп клубтардың бірі. Команда жуырда Испанияның жоғарғы дивизионына жолдама үшін өткен плей-офф кезеңінде өнер көрсетті, – деп жазды агенттік.

Одан ары қарай дарынды қорғаушының «Леванте» клубынан ауысып келгенін, оның аталған клубтың академиясында екі маусым бойы шыңдалғанын атап өтті.

Бұл қадам Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының ойыншысы үшін Испаниядағы футбол жолын жоғары деңгейде жалғастыруға үлкен мүмкіндік. Алдағы маусымда ол елдің ең беделді жасөспірімдер чемпионаты – División de Honor Juvenil додасында бақ сынайды, – деп хабарлады агенттік.

фото: Қазақстан футбол федерациясы

Агенттік Шыңғысқа жаңа белесте зор табыс тілейтінін, бұл жаңа серпіліс екенін, жеке және командалық деңгейде үлкен жетістікке жететініне сенімді екенін жазған.

Бұл қандай агенттік?

Әңгіме ауанын бұзбай, осы агенттік жайында жазайық. Шыңғыс Қалиев Hattrick Sports Entertainment агенттігіне биыл қаңтар айында қосылды. Аталған агенттік Валенсияда тіркелген. Жас футболшылардың мансабын дамытуға маманданған ұжым.

Олар қыста Шыңғысты таныстырып, оның «Леванте» клубының жасөспірімдер жүйесінде өнер көрсететінін жазған. Осы маусымда клубтың жастар құрамасымен Nacional чемпионатында ойнап жүргенін хабарлаған.

«Шыңғыс футболдағы алғашқы қадамын Қазақстандағы ең үздік академиялардың бірі – «Қайрат» академиясында бастады. Кейін Global Academy арқылы Испанияға барып, CF San Josе академиясына қабылданды. Одан кейін «Леванте» клубының академиясына ауысып, дамуын жалғастырды», – деп жазды агенттік.

фото: Қазақстан футбол федерациясы

Шыңғыс Қалиев кім?

Сонымен, Шыңғыс Қалиев – қазақтың жас талантты ойыншыларының бірі. Ол 2008 жылы 4 тамызда Павлодар қаласында туған. Бойы –1.86 метр. Орталық қорғаушы позициясында ойнайды, оңқай.

Бала кезіннен «Ертіс» футбол клубының жүйесіне қосылады. 12 жасында оны «Қайрат» академиясының скауттары байқап, клубқа шақырады. Сөйтіп, Шыңғыс Алматыға көшеді. Физикасы мығым футболшы қорғаныстағы тамаша ойынымен бірден көзге түседі. Академияға жылдам бейімделіп, негізгі құрамға бекітіледі.

Қалиев «Қайрат» академиясынан тәжірибе жиған соң, әлемдік аренаға шығудың жолын іздейді. Global Academy арқылы Испанияға жол тартып, CF San Josе академиясына қабылданады.

2024 жылы 15 жасқа толғанда «Леванте» клубының іріктеуінен өтіп, академиясына ауысады.

Шыңғыс Қалиев Испанияның жасөспірімдер чемпионатында өзін жақсы қырынан танытады. Негізгі құрамда алаңға шығып, клубтың академиялар арасындағы үздік алтылықтағы орнын сақтап қалуға көмектеседі. Орталық қорғаушы болғанына қарамастан, шабуылға араласып, стандартты мүлтіксіз орындауға тырысады.

Ұлттық құраманың үміті

Қазақстандық жанкүйерлер Шыңғыстың есімін 17 жасқа дейінгі, 19 жасқа дейінгі ұлттық құрама сапынан жақсы таниды. Ол San Josе академиясында жүргенде ұлттық құрама сапына қосылады.

Ал 19 жасқа дейінгі жастар құрамасы қатарында маусым айында Еуро-2027 іріктеуі аясында өткен ойындарына қатысты. Павлодар тумасы Португалияға (1:1) және Сербияға (3:1) қарсы кездесуде 90 минут толық ойнаса, Грекиямен (2:4) матчта алаңда 57 минут өткізді.

Ол ҚФФ-ға берген сұхбатында «Барселонаны» таңдайсың ба әлде «Реал Мадридті» ме? деген сұраққа мадриддік клубты тайдайтынын айтқан. Демек, Шыңғыс Қалиев болашақта «Реал Мадрид» сапында ойнауды қалайды. Болашақ футбол жұлдызына сәттілік тілейміз.

Бұдан бұрын Кәрім Меңдіхановтың «Барселона» академиясына ауысқаны туралы жаздық.

Оқи отырыңыз

{