14 Маусым, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?Қазақ футболының басты таланттарының бірі Дастан Сәтпаев бүгін алматылық «Қайрат» сапындағы соңғы ойынын өткізбек. Енді жас футболшыны мансабындағы ең маңызды кезең күтіп тұр. 26 маусымда ол анасымен бірге Англияға аттанып, лондондық «Челси» клубының қатарына қосылады.
Қазақстан футболы тарихындағы ең қымбат трансфер саналатын келісім бойынша ағылшын клубы қазақстандық ойыншы үшін жалпы 4,3 миллион еуро төлейді. Алайда бұл трансфердің қаржылық жағы ғана емес, Сәтпаевтың соңғы бір жылдағы дамуы да мамандардың назарын аударып отыр. Sota аналитикалық платформасының деректеріне сүйенсек, Дастан «Қайраттағы» маусымда тактикалық, техникалық және физикалық тұрғыдан айтарлықтай өскен.
Өткен маусымда Сәтбаев негізінен орталық шабуылшы ретінде өнер көрсетті. Алайда 2026 жылғы маусымда оның рөлі өзгеріп, оң қанаттағы вингер позициясына ауысты. Бұл өзгеріс жас футболшының ойын мәнеріне де әсер етті. Ол бұрынғыдай тек шабуылды аяқтайтын ойыншы емес, шабуыл құруға белсенді қатысатын футболшыға айналды.
Статистика соны көрсетеді. Оның 90 минуттағы орташа пас саны 21,1-ден 26,8-ге дейін артқан. Алға бағытталған пастар көрсеткіші 6,5-тен 8,2-ге өскен. Сонымен қатар шабуылдың соңғы үштен бір бөлігіне берілген пастар саны 1,1-ден 1,6-ға дейін көбейген. Оң қапталда ойнағандықтан, айып алаңына бағытталған кросстар саны да айтарлықтай артты. Егер былтыр бұл көрсеткіш бір матчқа шаққанда 0,8 болса, биыл 1,5-ке жеткен.
Позиция өзгерісі шабуыл статистикасына да әсер етті. Дастан бұрынғыдай тек гол соғуға бағытталмай, командалық ойынға көбірек көңіл бөле бастады. Соның нәтижесінде оның 90 минуттағы гол көрсеткіші 0,6-дан 0,4-ке дейін төмендеген. Күтілетін голдар көрсеткіші – xG де 0,28-ден 0,24-ке азайған.
Дегенмен соққы сапасы артқан. Егер 2025 жылы оның соққыларының 34 пайызы қақпаға дәл бағытталса, биыл бұл көрсеткіш 42 пайызға дейін көтерілген. Яғни Сәтпаев сирек соққы жасаса да, қауіпті әрі нақты әрекет етуге көшкен.
Жас футболшының ең үлкен прогресі дриблингте байқалады. Өткен маусымда ол бір матчта орта есеппен 5,1 рет қарсыласын алдап өтпек болса, биыл бұл көрсеткіш 3,8-ге дейін төмендеген. Бірақ бастысы – тиімділік. Сәтті орындалған дриблингтердің үлесі 53 пайыздан 57 пайызға дейін артқан. Ал PADJ дриблинг көрсеткіші нөлден 3,29-ға дейін көтерілген.
Бұл Дастанның қарсылас қорғанысын бұзып, бірнеше ойыншыны өзіне тарта алатын деңгейге жеткенін көрсетеді. Басқаша айтқанда, ол енді тек шабуылды аяқтаушы емес, шабуылды ұйымдастырушы футболшыға айналып келеді.
Қазіргі футболда шабуылшы гол соғумен шектелмейді. Әсіресе Англия Премьер-лигасында прессинг пен қорғаныс жұмысына ерекше мән беріледі. Бұл тұрғыда да Сәтбаевтың көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған. Қорғаныстағы жекпе-жектердегі тиімділігі 35 пайыздан 58 пайызға дейін өскен. Қайтарылған доптар саны 3,6-дан 4,2-ге жеткен.
Сонымен қатар PADJ бойынша допты қағып алу көрсеткіші нөлден 2,09-ға дейін көтерілсе, бір-бірге қарсы жағдайдағы сәтті доп тартып алу көрсеткіші 25 пайыздан 57 пайызға дейін артқан. Бұл оның допсыз ойындағы жұмысының жақсарғанын және команданың қорғаныс әрекеттеріне белсенді қатыса бастағанын көрсетеді.
Дастан Сәтбаев үшін «Қайраттағы» соңғы бір жыл тек уақыт өткізу кезеңі болған жоқ. Керісінше, дәл осы уақытта ол ойынының бірнеше маңызды компонентін дамытып үлгерді. Енді «Челсиге» жай ғана талантты жас шабуылшы емес, бірнеше позицияда ойнай алатын, дриблингі мықты, физикалық тұрғыдан шыңдалған әрі прессинг пен қорғаныс жұмысына бейімделген әмбебап футболшы аттанғалы отыр.
Қысқасы, қазақстандық жанкүйерлер үшін нағыз қызық енді басталады. «Қайратты» Дастанға дейін және кейін дейтін кезең күтіп тұр. Ал жанкүйерлер «Челсидің» Instagram парақшасына үдере көшуді әлдеқашан бастап кеткен. Ендеше, Сәтпаевқа сәттілік тілейміз!
14 Маусым, 21:04
Президент ат қойған Ақниет пен Бөрте туралы не білеміз?8 Маусым, 16:10
Жолы болмаған чемпион: Германияға 30 жылдан кейінгі жеңісті сыйлаған Зверев кім?2 Маусым, 18:20
Ушу-саньда төңірегіндегі у-шу: Нұрсұлтан Тұрсынқұлов стипендия ала алмай жүр22 Мамыр, 12:15
«Егер кетпесем, кейін өкінетін едім»: Қытайдағы қазақ футболшысы Еуропадан қалай шақырту алды