Қаржылық еркіндікке қалай жетуге болады: аз табыспен ақша жинаудың жолы қандай?

Қаржылық еркіндікке қалай жетуге болады: аз табыспен ақша жинаудың жолы қандай?

Назерке Чакирбаева
Фото: AI көмегімен жасалды

Көп адам қаржылық еркіндікке жетуді жоғары жалақымен, қомақты жинақпен немесе табысты кәсіппен байланыстырады. Алайда табысы артқанымен, ай соңында қалтасында ақшасы қалмайтын адамдар да бар. Ал кейбірі орташа жалақы алып жүріп, тұрақты жинақ қалыптастырып, инвестиция жасауға мүмкіндік табады.

Сонда қаржылық тұрақтылықтың сыры неде? Айына 500 мың теңге табатын отбасы қалай ақша жинай алады? Депозит пен инвестицияның қайсысы тиімді? Қарызды мерзімінен бұрын жапқан дұрыс па, әлде бос қаражатты көбейтуге жұмсаған жөн бе? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін қаржы маманы, инвестор Тұрар Абдимен әңгімелестік.

Қаржылық еркіндік көп ақша табумен өлшене ме?

Көпшіліктің түсінігінде қаржылық жағдайды жақсартудың ең тиімді жолы – табысты көбейту. «Жалақым екі есе өссе, барлық мәселем шешіледі, ақша жинауды да бастаймын» деп ойлайтындар аз емес. Бірақ адамның табысы артқан сайын қажеттілігі мен шығыны да көбейеді. Осыдан келіп, мәселе ақшаның көлемінде ме, әлде оны басқару дағдысында ма деген сұрақ туындайды.

Маманға да әңгімені осы сауалдан бастадық. Оның түсіндіруінше, адамдардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі – табысы көбейген сайын өмір сүру деңгейіне жұмсайтын шығынын да арттыруы. Экономикада бұл құбылыс «өмір салтының инфляциясы» (lifestyle creep) деп аталады. Мәселен, бұрын 300 мың теңге табатын адам жалақысы 1 миллион теңгеге жеткенде қымбат көлік алып, жайлырақ пәтерге көшіп, бұрынғыдан көп ақша жұмсай бастайды. Соның салдарынан табысы бірнеше есе өскенімен, ай соңында жинақсыз қалуы мүмкін.

Сондықтан менің негізгі ұстанымым қарапайым: көп ақша табатын адам емес, тапқанын сақтап, көбейте алатын адам бай. Екі адамды салыстырып көрейік.

Біріншісі айына 1 миллион теңге табады, бірақ ай сайын соңғы тиынына дейін жұмсайды. Жинағы жоқ, есесіне бірнеше бөліп төлеуге алған тауары бар. Екінші адам айына небәрі 300 мың теңге табады. Бірақ табысының 10–20 пайызын, яғни 30–60 мың теңгесін тұрақты түрде жинап отырады.

Нәтижесінде депозитінде үш-алты айлық шығынын жабуға жететін 900 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін қаржысы бар.Осы екеуінің қайсысы шын мәнінде ауқатты әрі қаржылық тұрғыдан тәуелсіз? Әрине, екіншісі.

Морган Хаузелдің «Ақша психологиясы» атты әлемдік бестселлерінде «бай» және «ауқатты» деген екі ұғымның айырмашылығы жақсы түсіндіріледі. Бай болу – қазіргі табысыңның жоғары екенін қымбат заттар арқылы көрсету. Ал шын мәнінде ауқатты болу – көзге көрінбейтін дүниеге ие болу. Яғни өзгелерге көрсету үшін сатып алынбаған көлік пен телефонның ақшасы шотыңызда капитал, депозит немесе акция түрінде сақталып тұрады.

Осы кітапта америкалық жанармай құю станциясының қызметкері әрі еден жуушы Рональд Ридтің оқиғасы айтылады. Ол өмір бойы қарапайым жалақы алып, табысының аз ғана бөлігін ондаған жыл бойы акцияларға салып отырған. Соның нәтижесінде өмірден өткенде артында 8 миллион долларлық байлық қалдырған. Ал Merrill Lynch банкінің топ-менеджері Ричард Фусконе миллиондаған доллар табыс тапқанына қарамастан, мүмкіндігінен артық ақша жұмсағандықтан банкрот болған.

Жиналған капитал бізге не береді? Ол өмірдегі ең қымбат ресурсты – таңдау еркіндігін сатып алады.

Мысалы, үш-алты айға жететін қаржылық қоры бар адам кенеттен жұмысынан айырылса, ауырып қалса немесе кәсіби тұрғыдан қажыса, бірден үрейге бой алдырмайды. Оған ертең-ақ азық-түлік сатып алу немесе пәтерақысын төлеу үшін жалақысы төмен, басшысымен жұмыс істеу қиын кез келген қызметке келісудің қажеті жоқ. Ол жинаған ақшасына үш-бес ай өмір сүріп, өзіне лайықты жұмыс орнын асықпай таңдай алады.

Қаржылық жоспарлауда тәуелсіздікке жетудің екі маңызды сатысы бар.

Біріншісі – базалық қаржылық қауіпсіздік. Бұл жағдайда адамның жоғары пайызды тұтынушылық несиелері болмайды және отбасының үш-алты айлық шығынын жабатын, қажет кезде бірден пайдалануға болатын қаржылық қоры қалыптасады.

Екіншісі – толық қаржылық тәуелсіздік. Бұл – инвестициялық капиталдан түсетін пассив табыс, яғни депозит пайызы, облигация купондары мен акция дивидендтері адамның ай сайынғы негізгі шығындарын толық жабатын кезең. Классикалық «4% ережесіне» сәйкес, ол үшін отбасының шамамен 25 жылдық шығынына тең капитал қажет. Осы деңгейге жеткенде адам күн көру үшін емес, өз ісін жақсы көргендіктен жұмыс істей алады, – дейді Тұрар Абди.

Фото: AI көмегімен жасалды

Ақша жинау маңызды ма, әлде инвестиция салу ма?

Қаржылық жағдайын жақсартуға ниеттенген адам үшін тағы бір маңызды мәселе – алғашқы қадамды дұрыс таңдау. Бірі қолындағы қаражатын депозитке жинаса, енді бірі уақыт жоғалтпай акция сатып алуға асығады. Алайда инвестиция табыс әкелуімен қатар, тәуекелге де байланысты.

Қаржы маманынан жинақ пен инвестицияның қайсысына алдымен басымдық беру керегін сұрадық. Оның ұстанымы бойынша, инвестицияға кіріспес бұрын адам өзінің кемінде үш-алты айлық шығынын жабатын қаржылық қорын қалыптастыруы тиіс.

Бұл мәселеде менің ұстанымым қатаң: ең алғашқы қадам – депозитте үш-алты айға жететін қаржылық қауіпсіздік қорын жинау. Егер адамның мұндай қоры болмаса, оған қор нарығына шығып, акция сатып алуға әлі ерте.

Акцияларға кемінде бес жыл немесе одан да ұзақ мерзімге қозғамай сақтай алатын қаражатты ғана инвестициялауға болады. Неліктен бұл соншалықты маңызды? Өйткені қор нарығының табиғаты құбылмалы. Тіпті әлемдегі ең үздік компаниялардың акцияларының өзі кез келген жылы уақытша 20, 30 немесе 40 пайызға арзандауы мүмкін.

Мысал үшін өзіміздің қазақстандық нарықты, атап айтқанда, ұлттық атом компаниясы «Қазатомөнеркәсіпті» алайық. Қазақстан әлемдік уран өндірісінің 40 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Ал отандық компанияның әлемдік нарықтағы үлесі 20 пайыздан асады және ол планетадағы ең ірі уран өндіруші саналады.

2026 жылдың көктемінде нарықтағы оң болжамдардың әсерінен олардың бір акциясының бағасы шамамен 44 мың теңгеге дейін көтерілді. Ал күзде геосаяси факторлар мен нарықтағы түзетулерге байланысты оның құны 27 мыңнан 28 980 теңгеге дейін төмендеді. Бұл көктемдегі ең жоғары бағасынан 35 пайыздан астам төмен көрсеткіш.

Осындай жағдайды еліміздің танымал банк акцияларынан да байқадық. Жыл ішінде оның құны 49 500 теңгеден 36 300 теңгеге дейін төмендеп, кейін қайтадан 42 288 теңгеге көтерілді.

Акция бағасының төмендеуі «Қазатомөнеркәсіпті» нашар компанияға айналдырды ма? Әрине, жоқ. Компания өз жұмысын жалғастырып жатыр. 2026 жылдың үшінші тоқсанындағы есепке сәйкес, топтың сату көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға артқан, ал уранды өткізудің орташа бағасы 18 пайызға өскен.

Енді қаржылық қоры жоқ адамның соңғы ақшасына бір данасы 44 мың теңгеден акция сатып алғанын елестетіңіз. Ол ақша ертең емделуге, көлікті жөндеуге немесе балаларының оқуына қажет болуы мүмкін. Акция бағасы 44 мыңнан 27 мың теңгеге дейін төмендегенін көрген адам түнде ұйықтай алмай, әр 15 минут сайын брокерлік қосымшасын тексере бастайды. Ақырында қорқынышқа бой алдырып, мықты компанияның акциясын ең төмен бағамен сатып, шығынын нақты шығынға айналдырады.

Уоррен Баффеттің ұстазы Бенджамин Грэм «Ақылды инвестор» кітабында дәл осы мәселе туралы жазған. Инвестордың басты жауы – қор нарығы емес, өзінің эмоциясы.

Егер банктегі депозитіңізде үш-алты айға жететін қол сұғылмайтын қаржылық қорыңыз болса, нарықтағы 30 пайыздық құлдырауды апат ретінде емес, жақсы компаниялардың акцияларын арзан бағамен сатып алу мүмкіндігі ретінде қабылдай аласыз, – деп түсіндірді қаржы маманы.

Фото: AI көмегімен жасалды

500 мың теңге табатын жас отбасы қалай ақша жинай алады?

Бүгінде көптеген жас отбасының табысы күнделікті қажеттіліктерден артылмайды. Пәтерақы, ипотека, азық-түлік, балалардың балабақшасы, киім-кешегі және басқа да шығындары бар. Мұндай жағдайда ақша жинау кейде мүмкін емес сияқты көрінеді.

Мысалы, ай сайынғы жалпы табысы 500 мың теңге болатын жас отбасын алайық. Осындай табыспен қаржылық қор жинауға бола ма? Отбасы табысының қанша бөлігін сақтап отыруы керек? Осы сауалдарды сарапшыға қойдық.

Маманның айтуынша, ақша жинауды ай соңында қалған қаражаттан бастау – көпшілік жіберетін қателіктің бірі. Оның орнына жалақы түскен сәтте белгілі бір соманы бөлек шотқа аударуды әдетке айналдыру қажет.

Маған жалпы табысы 500 мың теңге болатын жас отбасылар жиі келеді. Олардың пәтерақысы немесе ипотекасы, азық-түлік пен балаға жұмсайтын шығындары бар. Көбіне олар «Тұрар, ай соңында жинайтын ақша қалмайды, барлығы жұмсалып кетеді» дейді.

Міне, осындай жағдайда қаржылық сауаттылықтың басты алтын ережесі іске қосылады. Бұл қағида Джордж Клейсонның «Вавилондағы ең бай адам», Бодо Шефердің «Мани есімді ит», Роберт Кийосакидің «Бай әке, кедей әке» кітаптарында да айтылады.

«Алдымен өзіңе төле, яғни кез келген табысыңның кемінде 10 пайызын жина»

Ақшаны ай соңында қалған қаражаттан жинауға болмайды. Себебі ай соңында 300 мың теңге алатын адамның да, 3 миллион теңге табатын адамның да ақшасы қалмайды. Жинаққа арналған соманы жалақы, бонус немесе сыйақы картаңызға түскен алғашқы сәтте-ақ бөліп қою керек.

Енді ай сайын 500 мың теңге табатын отбасыға арналған нақты жоспарды қарастырайық.

Қанша ақша жинау керек? Кемінде 10 пайызын, яғни айына 50 мың теңге. Маған сеніңіз, 500 мың теңгеге өмір сүріп жүрген отбасы 450 мың теңгеге де күн көре алады. Бұл олардың тұрмыс деңгейін түбегейлі өзгертпейді, есесіне қаржылық қауіпсіздіктің іргетасы қалана бастайды.

Қаржылық қордың көлемі қанша болуы тиіс?

Жиналған ақшаны инфляция мен девальвациядан қалай қорғауға болады?

Қаржылық қорды қажет кезде кез келген уақытта алуға болатын, тәуекелі төмен әрі өтімді құралдарда сақтау керек. Валюта бағамының өзгеруіне байланысты алаңдамау үшін ай сайын жинайтын 50 мың теңгені екіге бөлуді ұсынамын.

60 пайызын, яғни 30 мың теңгені теңгемен ашылған банк депозитіне салыңыз. Қазір Қазақстандағы депозит мөлшерлемелері жоғары деңгейде – жылдық 14-18%. Сонымен бірге салымдар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігімен қорғалады. Депозиттің теңгелік бөлігі пайыздарды капиталдандыру есебінен ай сайын өсіп отырады.

Қалған 40 пайызын, яғни 20 мың теңгені АҚШ долларына айырбастаңыз. Бұл шамамен 44 доллар болады, егер бір доллардың бағамы 453 теңге болса. Мұны болашақта теңгенің құнсыздануынан қорғану тәсілі ретінде қарастыруға болады.

Валютаны банктегі валюталық шотта немесе ақша нарығының консервативті қорларында сақтауға болады. Мысалы, AIX биржасындағы ITSD ETF қорының бастапқы инвестиция сомасы небәрі 1 доллардан басталады, ал АҚШ мемлекеттік облигацияларына негізделген долларлық кірістілігі жылына шамамен 3,6-4 пайызды құрайды.

«Бірақ айына 50 мың теңгеден жинап, 1,5 миллион теңгеге жету үшін екі жылдан астам уақыт керек қой!» деуіңіз мүмкін. Иә, депозиттегі пайыздарды капиталдандыруды есептегенде алғашқы 1,5 миллион теңгені жинауға шамамен 24 ай, яғни екі жыл қажет болады. Бастапқыда көп адамға бұл тым ұзақ болып көрінеді. Сондықтан кейбірі ақшаны жинауды бастамай жатып-ақ бас тартады.

Алайда өміріңіздің осы екі жылы бәрібір өтетінін ойланып көріңізші. Егер қаржылық тәртіп сақтасаңыз, екі жылдан кейін отбасыңыздың өзіне тиесілі 1,5 миллион теңгесі болады.

Ал бәріне қол сілтесеңіз, екі жылдан кейін де шотыңызда нөл теңге қалуы мүмкін. Көлігіңіз бұзылып, шұғыл емделу қажет болып немесе жалақыңыз кешіккен жағдайда банктен жылдық 30-35 пайызбен кепілсіз тұтынушылық несие алуға мәжбүр боласыз. Соның салдарынан болашақта табатын ақшаңыздың бір бөлігін банкке артық пайыз ретінде төлейсіз, – дейді Тұрар Абди.

Депозитте ақша сақтау тиімді ме, әлде инвестициялаған дұрыс па?

Қазақстандықтардың бір бөлігі жинағын банк депозитінде сақтауды жөн көреді. Бұл қаражатты біртіндеп көбейтуге мүмкіндік бергенімен, инфляцияның әсерін де ескеру қажет. Өйткені баға өскен сайын ақшаның сатып алу қабілеті төмендейді.

Осы тұста депозит пен инвестицияның табыстылығын, тәуекелін және қайсысы қандай мерзімге тиімді екенін сарапшыдан сұрадық.

Оның пікірінше, депозит пен инвестицияны бір-біріне қарсы қою дұрыс емес. Бұл – қаржылық жоспарлаудың әртүрлі кезеңінде қолданылатын құралдар. Сондықтан адам алдымен ақша жинау мәдениетін меңгеріп, содан кейін ғана қор нарығына қадам жасағаны жөн.

Депозитте базалық жинағы болмай тұрып акцияларға инвестиция салу – жүруді үйренбей жатып марафонға жүгіруге тырысқанмен бірдей.

Қазақстанда депозит пен инфляцияға қатысты екі үлкен жаңсақ түсінік бар. Мен оларды өзімнің Telegram арнамда сандар арқылы жиі талдаймын.

Фото: AI көмегімен жасалды

Бірінші жаңсақ түсінік

Нақты деректерге сүйеніп сөйлесейік. Қазақстандағы ресми жылдық инфляция қазір шамамен 9 пайызды құрайды. Ал 2014–2025 жылдар аралығындағы 12 жылда орташа ресми инфляция жылына 9,45 пайыз болған.

Сонымен бірге Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 15,75 пайыз болған жағдайда коммерциялық банктер теңгелік депозиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 14-18% деңгейінде ұсынады.

Депозиттің 15-16 пайыздық табыстылығынан 9 пайыздық ресми инфляцияны алып тастасақ, инфляциядан жоғары шамамен 6-7 пайыздық нақты кірістілік шығады. Оның үстіне жеке тұлғалардың банк салымдарынан түсетін табысына салық салынбайды.

Онда неге адамдар пікірлерде: «Қандай 9 пайыздық инфляция? Дүкендегі барлық зат 20 пайызға қымбаттап кетті ғой!» деп дауласады?

Мәселе мынада: ресми инфляция ойдан шығарылмайды. Ол ұн, нан, картоп, сәбіз, коммуналдық қызметтердің негізгі тарифтері сияқты 500-ден астам тауар мен қызмет түрі қамтылған тұтыну себетінің негізінде есептеледі.

Бірақ әр адамның жеке инфляциясы болады. Егер сіздің тұтыну себетіңізде импорттық тауарлар, жекеменшік медицина, шетелге саяхат, автокөлік және мейрамхана шығындары басым болса, жеке инфляцияңыз ресми көрсеткіштен жоғары болуы мүмкін.

Айтпақшы, ақшаңызды ешқандай пайызсыз үйде сақтасаңыз, инфляция оның сатып алу қабілетінің жартысын қанша уақытта жоғалтатынын есептеу үшін қаржы саласындағы «72 ережесін» қолдануға болады. Ол үшін 72 санын жылдық инфляция көрсеткішіне бөлу қажет.

Мәселен, инфляция 9% болса, үйде жатқан ақша шамамен сегіз жылда сатып алу қабілетінің жартысын жоғалтады. Ал жеке инфляцияңыз 15 пайыз болса, бұл мерзім төрт жыл он айға дейін қысқарады.

Екінші жаңсақ түсінік

Биыл біз тағы бір басылымда үш жыл қатарынан, яғни 2023 жылдан бастап, орташа есеппен бір долларды 477 теңгеден сатып алған оқырманымның нақты хатын талдадық. Ол 5 миллион теңгеге доллар сатып алған.

Бірінші жағдайды қарастырайық. Адам 477 теңгелік бағаммен 10 482 доллар сатып алып, ақшасын үйде сақтады делік. 2026 жылдың қарашасында доллардың биржалық бағамы шамамен 453 теңге болғанда, бұл қаражат теңгемен есептегенде 4,75 миллион теңгеге жуықтайды. Яғни үш жылда пайда таппағанымен қоймай, шығынға ұшыраған. Оның үстіне АҚШ-тағы долларлық инфляция ақшаның сатып алу қабілетін қосымша шамамен 10 пайызға төмендеткен.

Екінші жағдай – сол 5 миллион теңге жылдық 14-18 пайыздық мөлшерлемемен теңгелік депозитте сақталса. Пайыздарды капиталдандыру нәтижесінде үш жылда қаражат 7 миллион 734 мың теңгеге жетер еді. Яғни таза пайдасы 2 миллион 734 мың теңге болар еді.

Үшінші жағдай – KASE биржасындағы теңгелік облигациялар. Орташа жылдық табыстылық 20% болып, купондық төлемдер қайта инвестицияланған жағдайда сол 5 миллион теңге үш жылда 8 миллион 640 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін еді. Бұл – 3 миллион 640 мың теңге пайда.

Депозит пен инвестицияны қалай дұрыс үйлестіруге болады?

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі жоғары болып тұрған кезеңде депозит бір-екі жылдық қысқа мерзімді мақсаттар үшін қолайлы.

Бірақ депозиттің жылдық табыстылығы 10–20 жыл бойы 16-18 пайыз деңгейінде сақталмайды. Инфляция баяулаған кезде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетеді. Соған сәйкес депозит мөлшерлемелері де 8-10 пайызға дейін түсуі мүмкін.

Сондықтан:

Инвестицияны қанша теңгеден бастауға болады?

Инвестиция жасау үшін міндетті түрде миллиондаған теңге қажет деген түсінік әлі де кездеседі. Әсіресе қор нарығына алғаш қадам басқысы келетіндер акция сатып алу үшін қомақты бастапқы капитал керек деп ойлайды.

Ал қарапайым азамат аз ғана қаражатпен инвестиция жасай ала ма? Акция, облигация және басқа да қаржы құралдарының қайсысы жаңадан бастағандарға қолайлы? Маманнан осыны нақтылап сұрадық.

Сарапшы инвестиция тек бай адамдарға арналған деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, қазіргі қаржы нарығында бірнеше жүз теңгемен немесе бір доллармен инвестиция бастаудың мүмкіндіктері бар.

Қазақстанда инвестиция тек миллионерлерге арналған, қолыңда 15-20 миллион теңге болмаса, бұл туралы ойлаудың да қажеті жоқ деген түсінік әлі де сақталған. Ал шын мәнінде жағдай керісінше. Бүгінде қор нарығында небәрі 500 теңгемен немесе бір доллармен инвестор болуға болады.

Қазақстан қор биржасындағы KASE индексіне кіретін ірі компаниялардың акция бағасына назар аударайық.

2026 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша еліміздегі ең ірі банктердің бірінің бір акциясы шамамен 371 теңге тұрады. Бұл – таксимен жүру немесе бір шыны кофе сатып алу құнынан да арзан.

Әрине, 371 теңгелік бір акцияны сатып алған адам ертең миллионер болып оянбайды. Бірақ қаржылық қауіпсіздік қорын қалыптастырғаннан кейін ай сайын жалақыңыздан 30-50 мың теңгеге Қазақстандағы іргелі қаржылық көрсеткіштері мықты компаниялардың акцияларын тұрақты сатып алсаңыз, біртіндеп сол компаниялардың толыққанды үлескеріне, яғни акционеріне айналасыз.

Бұл ірі компаниялар жүздеген миллиард теңге таза пайда тапқанда, оның бір бөлігін дивиденд түрінде акционерлеріне төлейді. Дивидендтер тікелей сіздің брокерлік шотыңызға түседі. Сонымен бірге KASE және AIX биржаларында Қазақстанның резиденті болып саналатын жеке тұлғалар үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

Өз тәжірибемнен мысал келтірейін. Мен инвестициялық жолымды 2018 жылы небәрі 20 мың теңгемен бастадым. Менің бай ата-анам да, бастапқыда миллиондаған теңгем де болған жоқ. Бірақ өзіме қатаң дағды қалыптастырдым: ай сайын табысымның белгілі бір бөлігін инвестицияға бағыттап отырдым. Уақыт өте келе мансабым өсті, жалақым көбейді. Соған сәйкес инвестициялық портфелімді толықтыруға жұмсайтын ай сайынғы соманы да арттырдым. Осылайша сегіз жыл бойы тұрақты инвестиция жасап, 31 жасымда Қазақстан мен Американың ірі компанияларының акциялары мен облигацияларынан тұратын әртараптандырылған капитал қалыптастырдым. Бүгінде тек ақша табу үшін жұмыс істемеуге мүмкіндігім бар. Өйткені енді ақшам мен үшін жұмыс істейді, – дейді ол.

Ал АҚШ нарығына инвестиция жасағыңыз келсе, бірақ акция бағасы қымбат болса, не істеу керек?

Шынында да, америкалық нарықта Nvidia компаниясының бір акциясы шамамен 202 доллар, яғни 92 мың теңге тұрады. Google (Alphabet) немесе Microsoft акцияларының құны 280-400 доллардан жоғары болуы мүмкін. Бұл – 125 мың теңгеден астам қаражат. Әрбір жаңадан бастаушы инвестор бірден мұндай сома бөле алмайды. Бірақ қазақстандықтар үшін қолжетімді екі құрал бар.

Біріншісі – индекстік ETF қорлары. Мысалы, S&P 500 индексіне негізделген SPYM қоры. Бір табысты компанияны іздеп, оның акциясын таңдаудың орнына SPYM қорының бір үлесін сатып алуға болады. Оның құны шамамен 85–90 доллар немесе 40–45 мың теңге.

Осы бір үлесті сатып алу арқылы сіз бірден АҚШ-тың Apple, Microsoft, Nvidia, Amazon, Google, Meta, Visa және басқа да 500 ірі корпорациясының ортақ үлескеріне айналасыз. Мен мұны жаңадан бастаған инвестор үшін ең қолайлы құрал деп есептеймін.

Екіншісі – бір доллардан бастап акцияның бөлшек үлесін сатып алу. Қазақстанның қаржы инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Мәселен, елімізге белгілі инвестициялық қосымшада АҚШ компанияларының акцияларын бір доллардан, яғни шамамен 453 теңгеден бастап бөлшектеп сатып алу мүмкіндігі бар.

Яғни Google компаниясының бір акциясы 280 доллар тұрса да, оның 10 немесе 20 долларлық бөлігін сатып алуға болады. Осылайша ай сайын аз-аздан қосып отырып, уақыт өте келе бір акцияға тең үлес жинап, толыққанды валюталық инвестициялық портфель қалыптастыруға болады, – дейді маман.

Несиені мерзімінен бұрын жапқан дұрыс па, әлде инвестиция жасаған тиімді ме?

Қазақстандық отбасылардың едәуір бөлігі ипотека немесе тұтынушылық несие төлейді. Ай сайынғы міндеттемелерін орындап жүрген адамдардың кейде қолына артық қаражат түседі. Мұндайда екі таңдау туындайды: ақшаны қарызды мерзімінен бұрын жабуға жұмсау немесе жинақтап, қосымша табыс табуға бағыттау.

Бұл сұрақты да қаржы маманына қойдық. Сарапшының пікірінше, дұрыс шешім қабылдау үшін ең алдымен несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін және салыстырмалы түрде сенімді қаржы құралдарының табыстылығын есептеу қажет.

Бұл мәселе қазақстандық отбасылардың барлығына дерлік таныс. Мұнда эмоцияға емес, қарапайым математикалық есепке сүйену керек.

Бірінші жағдай. Сізде жылдық 30-35 немесе 45 пайыздық мөлшерлемемен алынған қымбат тұтынушылық несие, микрокредит немесе кредиттік карта бойынша қарыз бар.

Мұндай жағдайда шешім біреу – барлық бос қаражатты несиені мерзімінен бұрын өтеуге бағыттау. Неліктен? Өйткені қор нарығында жыл сайын тұрақты түрде 35% табыс табуға кепілдік беретін бірде-бір заңды қаржы құралы жоқ.

Егер сіз жылдық мөлшерлемесі 35% болатын несиені мерзімінен бұрын жапсаңыз, банкке енді төлемейтін пайыздар есебінен жылына 35%-дық тәуекелсіз «табысқа» қол жеткізгендей боласыз.

Екінші жағдай. Сізде мемлекеттік жеңілдетілген бағдарлама бойынша алынған, пайыздық мөлшерлемесі төмен ипотека бар.

Мысалы, «7-20-25» бағдарламасымен жылдық 7 пайызға немесе Отбасы банкінен 3,5–7 пайыздық мөлшерлемемен несие алдыңыз делік. Мұндай ипотеканы мерзімінен бұрын жабуға асықпай, бос қаражатты депозитке, облигацияларға немесе инвестицияға бағыттаған жөн деп есептеймін.

Қарапайым мысал келтірейін. Сіз «7-20-25» бағдарламасымен теңгемен жылдық 7 пайыздық мөлшерлемемен ипотека алдыңыз. Елдегі ресми инфляцияның өзі шамамен 9%, яғни ипотекалық несие мөлшерлемесінен жоғары. Бұл жыл сайын инфляция банк алдындағы қарызыңыздың нақты құнын төмендететінін білдіреді. Ал жылжымайтын мүліктің бағасы ұзақ мерзімде өсуі мүмкін. Енді қолыңызда бос 1 миллион теңге пайда болды делік. Сіз оны жылдық 7 пайыздық ипотеканы өтеуге жұмсаудың орнына, жылдық 16–18 пайыздық теңгелік депозитке салдыңыз. Немесе KASE биржасында сенімді эмитенттердің жылдық 18–21 пайыздық мөлшерлемесі бекітілген облигацияларын сатып алдыңыз. Осылайша жыл сайын мөлшерлемелер арасындағы 9–14 пайыздық айырмадан қосымша табыс табуға мүмкіндік аласыз. Оның үстіне ақшаңыз өтімді күйінде, өз бақылауыңызда қалады. Ал депозиттен түсетін пайыз немесе облигациялардан алынатын купондық төлемдер біртіндеп ипотеканың ай сайынғы төлемінің бір бөлігін жабуға көмектесе бастайды, – деп түсіндірді Тұрар Абди.

Ай сайын 50 мың теңге жинаған адам 5-10 жылда қанша капитал қалыптастыра алады?

Қаржылық еркіндікке жетуді мақсат еткен адамдардың көпшілігі алғашқы нәтижені тезірек көргісі келеді. Алайда инвестицияда уақыт пен тұрақтылықтың маңызы зор.

Мәселен, орташа табысы бар қазақстандық отбасы ай сайын 50 мың теңгеден жинап отырса, бес немесе он жылда қандай нәтижеге қол жеткізе алады? Ал бүгіннен бастағысы келетін адам қандай қадамдарға басымдық беруі тиіс?

Маманнан сұхбат соңында осы сауалдарға жауап беруін өтіндік. Оның айтуынша, тұрақты салым мен күрделі пайыздың әсері қысқа мерзімде айтарлықтай байқалмауы мүмкін. Бірақ ұзақ уақыт бойы үздіксіз инвестиция жасау капиталдың өсуіне ықпал етеді.

Көп адам орташа табысы бар қарапайым қазақстандық отбасы ай сайын небәрі 50 мың теңге, яғни жылына 600 мың теңге жинап, үлкен капиталға қол жеткізе алады дегенге сенбейді.

Бірақ ұзақ мерзімде Альберт Эйнштейн «әлемнің сегізінші кереметі» деп атаған күрделі пайыздың және валюталық әртараптандырудың әсері көрінеді.

Біз 2026 жылдың көктемі мен күзінде нақты тарихи биржалық деректер негізінде егжей-тегжейлі есептеулер жүргіздік. Ол үшін АҚШ-тың S&P 500 индексіне негізделген SPYM және Nasdaq индексіне негізделген QQQ ETF қорларынан, сондай-ақ Қазақстандағы белгілі банк акцияларынан тұратын инвестициялық портфельді қарастырдық.

Портфельдің 60 пайызын америкалық ETF қорлары, 40 пайызын қазақстандық компаниялардың акциялары құрады. Есепте ай сайын 50 мың теңгеден тұрақты инвестиция жасау үлгісі қолданылды.

Бес жылдық нәтиже (2021–2026 жылдар):

Он жылдық нәтиже (2016–2026 жылдар):

Жиырма жылдық нәтиже (2006–2026 жылдар):

Жиырма жылдық кезеңге назар аударыңыз.

Неліктен америкалық S&P 500 индексіне ай сайын 50 мың теңгеден салынған инвестиция банктегі депозитке қарағанда екі-үш есе көп ақша әкелді?

Себебі 2006 жылы доллардың орташа бағамы 126 теңге болған. Ол кезде 50 мың теңгеге шамамен 397 долларлық актив сатып алуға мүмкіндік бар еді. Ал 2026 жылдың қарашасына қарай доллар бағамы шамамен 453 теңгеге жетті.

Валюталық активтер мен акцияларға инвестиция жасағанда капитал өсімінің екі көзі пайда болады. Біріншіден, әлемдік корпорациялардың бизнесі доллармен есептегенде орта есеппен жылына 10 пайызға өседі. Екіншіден, теңге әлсіреген жағдайда жинақталған долларлық активтеріңіздің теңгемен есептелген құны да жоғарылайды. Ал қаржылық еркіндікке ұмтылған адам бүгіннен бастап не істеуі керек?

Фото: AI көмегімен жасалды

Мен бес қадамнан тұратын жоспар ұсынар едім, – дейді маман.

Бірінші қадам – қымбат несиелерді тоқтатып, «табыстың 10 пайызын өзіңе төле» ережесін енгізу. Жылдық мөлшерлемесі 30-35 пайыздан жоғары тұтынушылық несиелерді жабыңыз. Кез келген табысыңыз түскен күні оның 10-20 пайызын бөлек жинақ шотына автоматты түрде аударуды реттеңіз.

Екінші қадам – үш-алты айлық шығынды жабатын қаржылық қор қалыптастыру. Егер отбасыңыз ай сайын 500 мың теңге жұмсайтын болса, алдымен 1,5 миллионнан 3 миллион теңгеге дейін жинаңыз.

Бұл ақшаны қажет кезде оңай алуға болатын қаржы құралдарында сақтаңыз. Оның 60 пайызын жылдық 14-18 пайыздық теңгелік депозитке, ал 40 пайызын долларлық құралдарға бөлуге болады. Мұндай қор қалыптаспайынша, акция сатып алуға асықпаңыз.

Үшінші қадам – әлеуметтік желідегі мақсатсыз өткізетін 30 минуттың 20-30 минутын қаржылық білім алуға арнау. Әр адам күн сайын TikTok пен Instagram-дағы рилстерді қарауға кемінде жарты сағат немесе бір сағат уақыт жұмсайды. Сол уақыттың 20–30 минутын инвестиция, акция, облигация туралы кітаптар мен талдауларды оқуға бағыттаңыз.

Мұны күн сайын әдетке айналдырсаңыз, жарты жылдан кейін айналаңыздағы адамдардың 95 пайызынан қаржы мәселесін жақсырақ түсінетін деңгейге жетесіз. Ол үшін қымбат курстар сатып алудың қажеті жоқ. Мәселен, менің Telegram арнамдағы бекітілген хабарламада жаңадан бастаған инвесторларға арналған толықтай тегін, кезең-кезеңімен түсіндірілген нұсқаулық бар.

Төртінші қадам – брокерлік шот ашып, аз сомамен алғашқы инвестициялық сатып алуды жасау. Лицензиясы бар брокердің қосымшасын жүктеңіз. Мысалы, АҚШ компанияларының акцияларын бір доллардан бастап бөлшектеп сатып алуға мүмкіндік беретін елімізге танымал инвестициялық қосымшаны немесе өз банкіңіздегі инвестициялық бөлімді пайдалануға болады.

Нарықтың қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін бастапқыда 10-30 мың теңгеге өзіңізге түсінікті қаржы құралдарын сатып алып көріңіз.

Мен өзімнің инвестициялық портфелімді ай сайын ашық көрсетемін. Қазақстандық және америкалық компаниялардың қандай акцияларын сатып алғанымды және неге дәл соларды таңдағанымды түсіндіремін. Бұл тәсілді өз бетіңізше талдау жүргізуге арналған нақты мысал ретінде пайдалана аласыз.

Бесінші қадам – қысқа қашықтыққа жүгіретін спортшы емес, марафоншы болыңыз.

Инвестиция – лотерея да, екі айда байып кетудің жолы да емес. Бұл – бес, он, жиырма жылға созылатын марафон. Мұнда ең ақылды адам емес, ең тәртіпті әрі шыдамды адам жеңіске жетеді, – деп түйіндеді қаржы маманы Тұрар Абди.

Оқи отырыңыз

{