Қаржы вице-министрі елге қайтарылған активтер қайда жіберілетінін айтты

25 Қаңтар, 17:41 1777

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару процесінің адал инвесторлардың, Арнайы мемлекеттік қордың жағдайына әсері және капиталды елден шығаруға қарсы іс-қимылға бағытталған фискалдық шаралар туралы сұхбат берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

El.kz: Ержан Eрікұлы, қайтару процесі адал инвесторлардың мүдделеріне әсер ете ме?

Ержан Біржанов: Заң адал инвесторларға, оның ішінде шетелдік инвесторларға бағытталмағанын атап өткім келеді. Заңда активтерді адал сатып алушылардың, сондай-ақ адал кредиторлардың құқықтарын қорғаудың тиісті кепілдіктері көзделген.

Ұлттық және шетелдік инвесторлардың, кәсіпкерлік субъектілерінің және жеке тұлғалардың құқықтарының сақталуына Қазақстан Республикасының Конституциясымен, халықаралық міндеттемелермен және басқа да заңдармен кепілдік беріледі.

El.kz: Елге қайтарылған активтер қайда жіберіледі. Неліктен бұл қаражат үшін арнайы қор құрылады? Қаражаттың жұмсалу процесін кім бақылайтын болады?

Ержан Біржанов: Үкімет басқарушы компаниясын құрды, оның міндеті мемлекет атынан қайтарылған активтерді меншікке қабылдау болып табылады. Ол активтердің сақталуы мен ұсталуын, басқарылуын және Арнайы мемлекеттік қорды толтыру үшін олардың өткізілуін қамтамасыз ететін болады.

Арнайы қор – бұл Үкіметтің ақшалай шоты.

Алдағы уақытта түскен қаражат бүкіл ел бойынша әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.

Қаражатты бөлу Республикалық бюджет комиссиясында мемлекеттік органдардың ұсыныстарын міндетті түрде қаралып, жүзеге асырылатын болады.

Бақылауды Жоғары аудиторлық палата жүзеге асыратын болады.

Ақша қаражатының түсуі мен жұмсалуы туралы есеп жыл сайын жұртшылыққа жеткізілетін болады.

Бір сөзбен айтқанда, қаражатты жұмсау процесі заңнамалық тұрғыдан нақты регламенттелген.

Бұл ретте кейбір жағдайларда активтерді қайтару жаңа өнеркәсіптік және әлеуметтік объектілерді салу арқылы Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялау жолымен жүзеге асырылуы мүмкін.

Бұл мектептер мен ауруханалар салу, коммуналдық және көлік инфрақұрылымын жөндеу және салу және басқалар. Мұның барлығы нақты қалалар мен ауылдарда болады.

El.kz: Капиталдың елден кетуіне қарсы іс-қимылға бағытталған қандай фискалдық шаралар бар?

Ержан Біржанов: Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатының басымдықтарының бірі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) тығыз өзара іс-қимылы болып табылады. Қазақстан ЭЫДҰ стандарттарын белсенді түрде енгізуде. Осы стандарттарға жақындау салық органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Қаржы министрлігі Қазақстанның салық салудан жалтаруға қарсы күреске бағытталған ЭЫДҰ-ның жобасына – BEPS-ке қатысуына бастамашы болды.

Base Erosion and Profit Shifting (BEPS) – бұл салықтық базаны бүркемелеуге және пайданы салық салу аясынан алып кетуге қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі жаһандық салық қағидаларын енгізу бойынша шаралар жоспары.

Қазақстан Көпжақты конвенцияға қосылып, оны 2020 жылы ратификациялады.

Көпжақты конвенцияның негізгі мақсаты іс жүзінде кәсіпкерлік қызмет жүзеге асырылатын мемлекетте пайдаға салық салуды қамтамасыз ету және салықты төлеуден жалтару мақсатында пайданың төмен салықтық юрисдикцияларға жасанды түрде ауысуына жол бермеу болып табылады.

Сондай-ақ, қолданыстағы 55 салық келісіміндегі ақпарат алмасу туралы ережелерден басқа, Қазақстан Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияны (Страсбург конвенциясы) ратификациялады.

Ол салықтық ақпаратпен алмасу тәжірибесінің тиімділігін арттыруға да бағытталған. Жазбаша сұрау салулардан басқа, Страсбург Конвенциясы аясында салықтық ақпаратпен автоматты түрде алмасу мүмкіндігі көзделген.

Бүгінгі таңда, аталған халықаралық шартқа 147 ел, оның ішінде 42 офшорлық юрисдикция қосылды.

Бұдан басқа, 2023 жылдың ішінде мемлекеттік кірістер органдарына валюталық бақылау функциясын заңнамалық түрде беру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Сонымен қатар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті валюталық бақылау органдарының біріне айналды.

Сондай-ақ, трансферттік баға белгілеуді және капиталдың елден шығарылуын бақылау шараларын күшейту мақсатында трансферттік заңнамаға (5 новелла) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, олар ЭЫДҰ-ның оң бағасын алды.

Жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, жаңа Салық кодексі шеңберінде фискалдық органдар мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу іске асырылатынын атап өткім келеді.

Біз бұзушылықтарды ескертуге бағытталған бақылаудың алдын алу әдістерін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Біздің мақсатымыз – заңдарды түсіндіру және адал бизнес үшін салық міндеттемелерін орындауды жеңілдету.

Салықтарды төлеуден жалтарудың әртүрлі схемаларын қолданатын компанияларға қарсы іс-қимыл үшін біз әкімшілендіруді жетілдіру бойынша жұмысты Тәуекелдерді басқару жүйесі және басқа да IT-шешімдер арқылы жалғастырамыз.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: