Адам денсаулығына ұйқының әсері жайлы зерттеулер жыл сайын көбейіп келеді. Соңғы ауқымды ғылыми талдау тәулігіне 6-8 сағат ұйықтау адам ағзасы үшін ең тиімді режим екенін көрсетті. Ғалымдардың айтуынша, дәл осындай ұйқы ұзақтығы созылмалы аурулардың даму қаупін азайтып, ағзаның биологиялық қартаюын баяулатуы мүмкін.
Зерттеу барысында жарты миллионға жуық ересек адамның деректері сараланған. Нәтижесінде тым аз немесе керісінше шамадан тыс көп ұйықтау ағзаның тез қартаюына әсер ететіні анықталған.
Ғалымдар зерттеуде адамның төлқұжаттағы жасына емес, «биологиялық жасына» назар аударған. Биологиялық жас – ағза мүшелері мен тіндерінің нақты тозу деңгейін көрсететін көрсеткіш. Оны анықтау үшін арнайы алгоритмдер қан құрамындағы ақуыздар мен метаболиттерді зерттейді.
Бұған дейінгі ғылыми жұмыстарда да күніне шамамен 7 сағат ұйықтайтын адамдардың биологиялық жасы мен нақты жасы арасындағы айырмашылық ең аз болатыны байқалған.
Nature журналындағы зерттеу
Жаңа зерттеу беделді ғылыми басылым – Nature журналында жарияланды. Бұл еңбек ұйқы мен адам ағзасының қартаю механизмі арасындағы байланысты зерттеген ең ауқымды жұмыстардың бірі саналады.
Мамандар Ұлыбританиядағы UK Biobank жобасының деректерін пайдаланған. Онда қатысушылардың медициналық сауалнамалары, ми томографиясы және қан талдаулары сақталған.
Зерттеу авторлары генетикалық факторларды да талдап, ұйқы режимінің бұзылуына туа біткен себептердің айтарлықтай әсер етпейтінін анықтады. Демек, адамның ұйқы ұзақтығы көбіне күнделікті әдеттер мен өмір салтына байланысты.
Зерттеу нәтижесі бойынша, тәулігіне 6-8 сағат ұйықтайтын адамдар арасында депрессия мен екінші типтегі қант диабеті сирек кездеседі.
Ғалымдар ағзаның 17 мүшесін зерттеу үшін «биологиялық сағаттың» 23 түрлі моделін қолданған. Нәтижесінде әр мүше ұйқы тапшылығына немесе артық ұйқыға әртүрлі реакция беретіні белгілі болды.
Мысалы:
Ғалымдар нені ескертеді?
Соған қарамастан зерттеушілер бұл нәтижелерді біржақты қабылдамауға шақырады. Себебі қартаю процесі мен ұйқы режимі бір-біріне өзара әсер етеді.
Зерттеу авторының бірі, Колумбия университетінің есептеу нейробиологы Цзюньхао Вэнь өзі де жиі оянып кететін жеңіл ұйқыдан зардап шегетінін айтып, ұйқы мен қартаю арасындағы байланыс екіжақты екенін атап өтті.
Сондай-ақ ғалымдар ерлер мен әйелдердің ағзасы ұйқы режиміне әртүрлі жауап беруі мүмкін екенін де ескертеді.
Мамандардың айтуынша, дұрыс ұйқы режимі – денсаулықты сақтаудың ең қарапайым әрі тиімді тәсілінің бірі. Күн сайын тұрақты уақытта ұйықтап, 6-8 сағат аралығында тынығу ағзаның қалпына келуіне, мидың дұрыс жұмыс істеуіне және қартаю процесін баяулатуға көмектеседі.