Бүгiн, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?Кей адамдар қарапайым киімнің өзімен-ақ жинақы, сәнді әрі өзіне сенімді көрінеді. Мұның бір сыры – түстерді дұрыс үйлестіре білуде. Өйткені жарасымды таңдалған реңктер тіпті күнделікті киім үлгісін де ерекше әрі қымбат етіп көрсетеді.
Әрине, киімнің пішімі, матасының сапасы, ұзындығы мен дене бітіміне үйлесуі де маңызды. Бірақ кейде қымбат киімсіз-ақ, қолдағы базалық гардеробты дұрыс түстермен үйлестірсеңіз, келбетіңізді бірден өзгертуге болады.
Ендеше, сәнді әрі талғамды көрінуге көмектесетін 11 түс үйлесіміне назар аударайық.
1. Қара мен ақ – ешқашан ескірмейтін классика
Қара мен ақ түстің үйлесімі мектеп формасын немесе қатаң кеңсе киімін еске түсіреді деп шектелудің қажеті жоқ, өйткені дұрыс таңдалған қара-ақ киім үлгісі әрдайым жинақы, талғампаз әрі сәнді көрінеді.
Бұл – артық шығынсыз-ақ әдемі образ жасаудың ең оңай жолдарының бірі. Егер қара түс бет әлпетіңізге жараспаса, оны шалбар немесе аксессуар ретінде қолдануға болады.
Екі қарама-қарсы реңктің үйлесімі киімге айқындық пен әсемдік береді. Коко Шанель де қара түстің бойында бәрі бар, тіпті ақ түс те бар екенін айтқан. Дегенмен қара-ақ киім таңдағанда матаның сапасы мен тігісіне ерекше мән берген жөн. Себебі мұндай үйлесімде киімнің олпы-солпы тұсы, шығып тұрған жібі немесе матаның жұқалығы бірден байқалады.
Қара мен ақтың тағы бір артықшылығы – бұл үйлесім сәннен қалмайды. Міндетті түрде қатаң классикалық үлгі таңдаудың қажеті жоқ. Еркін пішілген киімдермен де жарасымды образ жасауға болады.
2. Зәйтүн түс пен қара
Бұл екі түсті бірге елестету қиын көрінуі мүмкін. Алайда зәйтүн түсті киім қара түспен өте әдемі жарасады.
Соңғы жылдары табиғи реңктер, әсіресе хаки түсі сән әлемінде кеңінен қолданыла бастады. Бірақ басынан аяғына дейін қою хаки түсті киіну кейде тым күңгірт көрінуі мүмкін. Сондықтан оның ашықтау, ақшыл реңк араласқан зәйтүн түсті нұсқасын таңдаған дұрыс.
Зәйтүн түсті көйлек, жейде немесе костюмді қара шалбармен, аяқ киіммен не сөмкемен үйлестіруге болады. Ал образды сәл жеңілдеткіңіз келсе, ақ түсті бір-екі аксессуар қосыңыз.
Тіпті зәйтүн түсті біртұтас костюмді қара жиекті көзілдірікпен толықтырудың өзі ерекше әсер береді. Бұл – бәрін бірден өзгертуге дайын емес адамдар үшін де жақсы таңдау.
3. Сұр мен қою қызыл түстер
Сұр және қою қызыл түстер үйлесімі кейінгі жылдары сән әлемінде ерекше танымал. Бұған Gucci сән үйінің 2023 жылғы қыркүйекте өткен көктем-жаз топтамасы да әсер етті. Сабато Де Сарноның «Анкора» деп аталатын алғашқы топтамасында қою шие түсті реңк негізгі орын алып, ол көбіне сабырлы сұр түспен үйлестірілді.
Сұр түс байсалдылық пен парасаттылықты білдірсе, қою қызыл түс тереңдік пен сән-салтанат әсерін береді. Екеуі қосылғанда көзге оғаш көрінбейтін, бірақ бірден назар аудартатын образ қалыптасады.
Егер қою қызыл түсті киім киюге батылыңыз жетпесе, бұл реңкті аксессуарлар арқылы қосуға болады. Мысалы, сөмке, аяқ киім немесе мойын орамалы жарасады.
Дегенмен қою бордо түстің бет әлпетке жақын орналасуы кей адамды ересектеу көрсетуі мүмкін. Сондықтан оны таңдағанда өзіңізге жарасымдылығын ескерген жөн.
4. Шоколад түсі мен жұмсақ сары
Шоколад түсті реңк жайлылықты, тұрақтылықты әрі талғампаздықты еске салады. Ал сары түс сергектік пен күн шуағын білдіреді. Бірақ тым ашық сарының орнына сары майдың жұмсақ реңкін таңдаған дұрыс.
Қою қоңыр мен жұмсақ сары бір-бірін жақсы толықтырады. Мәселен, шоколад түсті көйлекті сары реңктегі сөмке немесе аяқ киіммен үйлестіруге болады, немесе сары жейде киіп, төменгі бөлігін қою қоңыр түспен толықтырған жөн.
Бұл түстердің үйлесімі маталардың фактурасы әртүрлі болғанда тіпті әдемі көрінеді. Мысалы, былғары мен мақта немесе трикотаж бен жібек бір образда жарасымды үйлеседі.
Қою шоколад түсті киімге жұмсақ сарыны қосу арқылы ерекше образ жасауға болады.
5. Қоңыр мен сарғыш қоңыр
Қоңыр мен сарғыш қоңыр түстер бір палитраға жататындықтан, оларды үйлестіру қиын емес. Бұл – қарапайымдылықты, ұстамдылықты және талғампаздықты бағалайтын жандарға арналған нұсқа.
Мәселен, қоңыр пальто мен сарғыш қоңыр жемпір немесе үстіңізге сары қоңыр түсті сырт киім мен қоңыр шалбар – қай кезде де ұтымды үйлесім.
Қоңыр түс табиғатпен, ағашпен, жермен үндеседі. Сондықтан ол көзге жылы әрі орнықты көрінеді. Ал сарғыш қоңыр реңкі образға жеңілдік пен нәзіктік қосады.
Бұл түстерді күнделікті киімнен бастап кеңсе стиліне дейін қолдануға болады.
6. Ақ түсті біртұтас образ – тазалық пен талғампаздық
Басынан аяғына дейін ақ киінген адам бірден назар аудартады. Мұндай образ өте әдемі көрінгенімен, көпшілік оны күнделікті өмірде қолдануға қолайсыз деп санайды. Себебі ақ киімді кірлетіп алмау үшін үнемі күтім жасау керек.
Ақ түсті киімде матаның сапасы, тығыздығы және тігісі ерекше маңызды. Жұқа мата денені көрсетіп, сапасыз пішім бірден байқалып қалуы мүмкін.
Сонымен қатар адамның өзін еркін ұстауы да маңызды. Ақ шалбарға дақ түсіп кете ме деп үнемі алаңдап жүрсеңіз, образдың сәні де кетеді. Сондықтан ақ түсті біртұтас киім таңдағанда өзіңізді жайлы сезінуіңіз керек.
7. Қою көк түстің бірнеше реңкін үйлестіру
Қою көк, әсіресе navy blue деп аталатын реңк бұрын корольдік флот офицерлерінің киімінде кең қолданылған. Бұл түс әлі күнге дейін салмақтылықтың, сенімділік пен талғампаздықтың белгісі саналады. Кейт Миддлтонның гардеробында да қою көк киімдер жиі кездеседі.
Қою көк түстен бас-аяғыңызға дейін біртұтас образ жасауға болады. Ол қара түстей қатаң әрі күңгірт көрінбейді, сөйте тұра жинақы әсер қалдырады.
Бұл реңк сарғыш қоңыр, қою қызыл, сұр және қоңыр түстермен жақсы үйлеседі. Сондықтан аяқ киім мен сөмке таңдағанда осы түстерге назар аударуға болады.
8. Ақ пен көгілдір
Ақ пен көгілдір түстің үйлесімі теңізді, күн шуағын және жеңіл самалды еске түсіреді. Бұл түстер әсіресе жаз мезгілінде ерекше жарасады.
Мұндай образ жасау үшін міндетті түрде қымбат киім іздеудің қажеті жоқ. Мысалы, ақ майка мен аспан түстес мақта жейденің өзі жеткілікті. Оған ақ шалбар немесе жеңіл белдемше қоссаңыз, жинақы әрі сәнді көрінесіз.
Бұл үйлесім қарапайым киіммен де әдемі образ жасауға мүмкіндік береді. Жейденің жеңін қайырып, үстіңгі түймелерін ағытып қойсаңыз, еркін әрі талғампаз көрініс қалыптасады. Дегенмен ақ пен көгілдірді үйлестіргенде киімнің пішімі де маңызды. Мысалы, көгілдір джинсыдан гөрі классикалық шалбармен жасалған образ әлдеқайда жинақы көрінуі мүмкін.
9. Сарғыш қоңыр түстің біртұтас үйлесімі
Сарғыш қоңыр түстің бірнеше реңкін қатар қолдану – сән әлемінде кең тараған үрдістердің бірі. Мұндай образ қарапайым көрінгенімен, өте талғампаз әсер қалдырады.
Түйе жүнінің түсіне жақын реңктердегі пальто, жейде, шалбар немесе белдемше бір-бірімен жақсы үйлеседі. Ең бастысы, реңктердің бір-бірінен сәл айырмашылығы болуы керек. Сонда образ бірсарынды көрінбейді.
10. Лаванда түсі мен сарғыш қоңыр – нәзік әрі романтикалық үйлесім
Пастель реңктері көктем мен жазда ерекше сұранысқа ие. Солардың ішінде лаванда түсі нәзіктігімен және жұмсақтығымен ерекшеленеді.
Бұл түс тым ашық та емес, көзге де ұрып тұрмайды. Ал сарғыш қоңыр реңкімен үйлескенде образға жеңілдік пен романтикалық сипат береді.
Мысалы, лаванда түсті жейдені сүт түстес немесе қоңыр сарғыш шалбармен киюге болады. Ішінен ақ майка кисеңіз, образ одан әрі балғын көрінеді.
Бұл үйлесім жазғы күндерге, серуенге немесе бейресми кездесулерге өте қолайлы.
11. Сүт түс пен қызыл
Қызыл түсті тым ашық, батыл немесе көзге ұрып тұратын реңк деп қабылдайтындар бар. Алайда оның да түрлі реңкі болады. Мысалы, осы маусымда танымал қызанақ түстес қызыл түс классикалық алқызыл реңкке қарағанда өзгеше әсер қалдырады.
Қызыл мен сүт түстің үйлесімі образды бірден жандандырады. Қызыл түс серпін мен айқындық берсе, сүт түсті реңк оны жұмсартып, нәзіктік қосады.
Мұндай үйлесімді күнделікті киімде де қолдануға болады. Мысалы, сүт түсті көйлекті қызыл сөмкемен немесе аяқ киіммен толықтырыңыз. Ал батылырақ образ жасағыңыз келсе, қызыл жейдені ашық түсті шалбармен үйлестіріңіз.
Бүгiн, 11:02
Мұхаммед Әлимен кездескен даңқты боксшы Жандос Көкімов туралы не білеміз?Бүгiн, 09:02
Қасқыр мен жылқының дауысын айнытпай салатын қазақ қызы көпшілікті таңғалдырды19 Қараша, 15:00
Алты жыл күткен тарихи оқиға: Қазақстанда UFC турнирі қашан өтеді?12 Қараша, 14:42
Сән мен жылдамдық үйлесімі: әлемдік сән үйлері қолтаңбасын қалдырған бес автокөлік