27.04.2026
16:23
204
Жаңалықтар

Прокурор Жанәбіловтердің мүлкін тәркілеп, екі жылға соттауды сұрады

Астанада танымал блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев айыпталушылардың процестік келісім жасау туралы өтінішін қолдады. 

Прокурор қандай жаза ұсынды

Соттағы соңғы отырыста прокурор Ерболат Жанәбіловке 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Алайда Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолдану арқылы бұл жаза шартты түрге ауыстырылып, 2 жыл деп белгіленуі мүмкін. Сонымен қатар оның мүлкін тәркілеу қарастырылды.

Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылды. Жаза ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеу түрінде белгіленгенімен, оны орындау 2 жылға кейінге қалдырылуы мүмкін.

Процестік келісім деген не

Процестік келісім – айыпталушы мен прокурор арасындағы мәміле, яғни айыпталушы кінәсін мойындап, тағылған айыппен келіседі, ал прокурор жеңілдеу жаза ұсынады. Мұндай жағдайда сот та көбіне жазаны жұмсартып, шартты жаза немесе жеңілдетілген шара қолдануы мүмкін.

Келісімге кім бастамашы болды

Бұл келісімге бастаманы күтпеген жерден Эльмира Төлегенова көтерді. Соңғы сөзін айту кезінде ол сот кеңесу бөлмесіне кетпей тұрып, процестік келісім жасау туралы өтініш білдірді.

Өз құқығымды пайдалана отырып, сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісім жасау туралы өтініш білдіремін. Шарттардың барлығы бізге түсіндірілді, – деді ол.

Бұған дейін қандай жаза сұралған еді

Айта кетейік, бұған дейін сотта прокурор екі блогерді де барлық айып бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Сонымен қатар мүлкін тәркілеу ұсынылған.

Эльмира Төлегеноваға кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны 1 жылға шегеру қарастырылған еді.

Істің мәні неде

Айыптау актісіне сәйкес, блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы («заңсыз кәсіпкерлік») және 218-бабы («қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру») бойынша айып тағылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, блогерлер ұйымдастырған жобаларда көрсетілген сыйлықтар мен жүлделер олардың жеке қаражаты есебінен емес, қатысушылардың ақшасына сатып алынған. Алайда жарнамада бұл жүлделер ұйымдастырушылардың өз қаржысынан беріліп жатқандай көрсетілген.

Жобаға байланысты шоттарға жалпы 247 миллион 653 мың теңге түскені анықталған.

Сот барысындағы даулы жайттар

Сот процесі 16 наурызда Астанада басталды. Жанәбіловтер сот отырысын фото-видеоға түсіруге қарсы болды. Эльмира Төлегенова бұл шешімін баласына қатысты қысыммен түсіндірді.

Менің үлкен балам мектепке барады. Оған біздің жеке өмірімізге қатысты орынсыз сұрақтар қойылып жатыр, – деді ол.

Адвокат істі жабық режимде қарауды сұрағанымен, прокурорлар қарсы шығып, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Сонымен қатар қорғаушы тарап істі прокурорға қайтаруды сұраған, бірақ бұл өтініш те қолдау таппады.

Айыпталушылардың соңғы сөздері

14 сәуірде Эльмира Төлегенова кінәсін ішінара мойындады. Ал Ерболат Жанәбілов сотта эмоциясын жасыра алмай, көзіне жас алған.

Неге дәл біз екенімізді түсінбей тұрмын. Бұл ата-анамызға өте ауыр тиіп жатыр. Менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін. Мұндай жағдайды ешкімге тілемеймін, – деді ол.

22 сәуірде сот тергеуі аяқталып, тараптар соңғы пікірлерін білдірді. Енді процестік келісімнің нәтижесі мен сот шешімі алдағы уақытта белгілі болады.