21.05.2026
16:40
129
Жаңалықтар

«Президент лайық деп тапса, бұл – жауапкершілік»: Әлия Әшім марапат туралы пікір білдірді

Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында ел руханияты мен мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азамат мемлекеттік наградамен марапатталды. Президент Жарлығымен мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін өнер, театр және медиа өкілдеріне ордендер мен медальдар табысталды.

Биыл марапаттауда жас буын өкілдерінің есімі ерекше назар аудартты. Кейінгі жылдары театр, кино және музыка саласында танылып жүрген өнерпаздардың мемлекеттік деңгейде марапат алуы қоғамда қызу талқыланып жатыр.

«Ерен еңбегі үшін» медалі журналист Әлия Әшім мен театр және кино актері Жасұлан Көпбергенге табысталды. Ал «Құрмет» орденімен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры актері Асан Мәжит, әнші Дастан Оразбеков және Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының актері Аян Өтепберген марапатталды.

Марапат алған журналист Әлия Әшім бұл награданы үлкен сенім әрі жауапкершілік ретінде қабылдайтынын айтты.

Бүгін Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталдым. Президент мемлекет атынан марапатқа лайық деп тапса, бұл – жауапкершілік. Халықтың ақшасына оқыдым, жетілдім. Еңбегім де ел игілігі үшін болмақ. Сенім үшін рақмет, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласының қоғам үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Бұл – еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке. Мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік болады. Сіздер осы игі мақсат жолында табанды еңбек етіп келесіздер. Қоғамымыз бұл еңбекті жоғары бағалайды, – деді Президент.

Қазақстандағы мемлекеттік наградалар қалай беріледі?

Қазақстандағы мемлекеттік наградалар бірнеше санатқа бөлінеді. Ең жоғары дәрежелі марапаттардың бірі – «Алтын Қыран» ордені. Ол мемлекет алдындағы айрықша еңбегі үшін табысталады.

«Халық қаһарманы» атағы ел тәуелсіздігі мен мемлекеттің дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға беріледі. Бұл атақпен бірге арнайы «Алтын жұлдыз» белгісі қоса тапсырылады. Ал «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы экономика, әлеуметтік және мәдени саладағы ерекше жетістіктер үшін беріледі.

Ордендердің қатарында «Отан», «Барыс», «Парасат», «Достық», «Құрмет» секілді мемлекеттік наградалар бар. Мәселен, «Құрмет» ордені мәдениет, ғылым, әлеуметтік сала және мемлекеттік қызметтегі жетістіктер үшін табысталады.

Ал медальдардың ішінде «Ерен еңбегі үшін» медалі түрлі салада ұзақ жыл адал еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқан азаматтарға беріледі. «Ерлігі үшін» медалі батылдық көрсеткен адамдарға табысталса, «Шапағат» медалі қайырымдылық пен жанашырлық танытқан жандарға арналған.

Мемлекет басшысы қазақ халқы қашанда өнер адамын құрметтегенін айтып, мәдениет саласы ел руханиятының негізгі тіректерінің бірі екенін жеткізді.