Президент Бельгиялықтар королі мен патшайымын күтіп алды

Президент Бельгиялықтар королі мен патшайымын күтіп алды

Асқар Таудай
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданы елорда әуежайында қарсы алды. Мемлекет басшысы корольдік жұптың сапары Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

Мәртебелі меймандарды қарсы алу рәсімі Астана халықаралық әуежайында өтті. Король мен Патшайым мінген ұшақ Қазақстанның әуе кеңістігіне енген сәттен бастап елордаға қонғанға дейін оны еліміздің Әскери-әуе күштерінің жойғыш ұшақтары сүйемелдеді.

Фото: Ақорда

Әуежайдың ұшу алаңында Құрмет қарауылының ротасы мен Президенттік оркестр сап түзді.

Мемлекет басшысы мен Бельгия Королі әуежайда қысқаша әңгімелесіп, екіжақты қарым-қатынастардың даму перспективаларын талқылады.

«Қазақстан Сіздің сапарыңызды зор қуанышпен қарсы алады. Сіз еліміздің дамуы үшін аса маңызды кезеңде келдіңіз. Жалпы, мемлекетіміз табысты дамып келеді, экономикамыз өсіп жатыр. Сіздің сапарыңыз екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін беретініне еш күмән жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Король Филипп көрсетілген жылы қабылдау үшін алғыс айтып, алдағы келіссөздердің нәтижелі өтетініне сенім білдірді.

«Бізді ұшақ баспалдағынан бастап ерекше ықыласпен қарсы алғаныңыз үшін алғыс айтамын. Қазақстанда үш күн болып, еліңізбен жақынырақ танысуға мүмкіндік туғанына қуаныштымыз», – деді Бельгия Королі.

Айта кетейік, 11-14 қазан аралығында өтетін бұл сапар Бельгия монархтарының Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары болмақ.

Ақорда

Сапар аясында аса маңызды пайдалы қазбалар, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, тарих және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Бельгия делегациясының құрамында 110 адам, соның ішінде төрт министр, 25 компания басшысы, 10 университет ректоры және 13 журналист бар.

Корольдік жұп Астана мен Алматы қалаларындағы мәдени және ғылыми нысандарды аралап, бірқатар ресми кездесуге қатысады деп жоспарланған.

Мемлекеттік сапар қорытындысы бойынша Қазақстан мен Бельгияның бірлескен мәлімдемесі қабылданып, екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылады деп күтілуде.

Оқи отырыңыз

{