Президент бекітетін 100-ден астам құжат Ата заңға сәйкестендіріледі – Ерлан Қарин

Президент бекітетін 100-ден астам құжат Ата заңға сәйкестендіріледі – Ерлан Қарин

01.07.2026 15:05
EL.KZ
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция заңды күшіне енгеннен кейінгі алғашқы Жарлығына қол қойды.

Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қариннің айтуынша, Президент бүгін «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп тану туралы» Жарлыққа қол қойған. Ол бұл құжаттың ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Бұл – Президенттің Жаңа Конституция заңды күшіне енген соң қол қойған алғашқы Жарлығы. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады, – деді Ерлан Қарин.

Оның мәліметінше, Жарлық аясында Ата заңның жаңа ережелеріне сәйкестендіру мақсатында Президент бекітетін 100-ден астам нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізіледі. Осылайша Мемлекет басшысы 2026 жылғы Конституциялық реформаны кезең-кезеңімен әрі қарқынды жүзеге асыруды жалғастырып отыр.

Қарин енгізілген өзгерістердің бір бөлігі терминологиялық сипатқа ие. Атап айтқанда, «Құрылтай», «жалпыхалықтық референдум», «теңге» секілді жаңа ұғымдар Президенттің өзге нормативтік актілерінде де көрініс тапқанын атап өтті. Сонымен қатар, құжатта мемлекеттің одан әрі дамуының конституциялық логикасын айқындайтын маңызды өзгерістер енгізілген.

Сондай-ақ Ерлан Қарин 2025 жылғы 5 қарашада қабылданған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа енгізілген түзетулерге де ерекше тоқталды.

Жаңартылған редакцияда Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі тарихи меже деп көрсетілген. Сондай-ақ, бұл оқиға заманауи, барынша серпінді мемлекеттік-саяси үлгіге көшіп, жаңа қоғамдық этика қалыптастыруға берік негіз болатыны айқындалған. Осыған байланысты, еліміздің жүйелі жаңғырту кезеңінде ішкі саясат саласына баса мән беріледі. Оның басты міндеті – конституциялық құндылықтар мен қағидаттарды, ілгерілету, қорғау және жүзеге асыру болмақ. Мұның бәрі мемлекеттік институттардың алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына, қоғамдық диалогты дамытуға және жасампаз әрі жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға арқау болады, – деп атап өтті ол.

Оқи отырыңыз