Президент Әзірбайжанмен арадағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды

11 Наурыз, 19:35 689

Әзірбайжанға мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстанның мәдениет күндерін жоғары деңгейде өткізгені үшін Әзербайжан тарапына ризашылығын білдірді.

Біз өз елімізде Әзірбайжан мәдениетінің майталмандарын асыға күтеміз. Бұл іс-шараның табысты өтетініне ешқандай күмән жоқ. Өйткені Әзербайжан мәдениетіне деген қызығушылық қашанда жоғары. Турасын айтқанда, Сіздің елдің мәдениетіне Қазақстан халқының ықыласы ерекше. Біз әзербайжан өнер қайраткерлерін құшақ жая қарсы аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін айтты.

БҰҰ, ТМҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, СПЕКА және ТМД сияқты аса маңызды халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымызды айрықша атап өткім келеді. Меніңше, бұл қарым-қатынастың ауқымы кең және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығымыз одан әрі жалғаса береді. Стратегиялық серіктестік тұрғысынан келгенде, мұның да мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді. 

Транскаспий көлік дәлізі – аймақтық ынтымақтастық деңгейін анықтайтын нақты бағыт. Өйткені көрші елдермен жақсы қарым-қатынас орнатпай, транзиттік елге айналу мүмкін емес. Бұл ретте Қазақстан да, Әзербайжан да өңірлік ынтымақтастыққа, көршілермен қарым-қатынасын нығайтуға бейілді екенін танытып отыр. Біздің арамызды тек Каспий теңізі ғана бөліп жатыр. Алайда бүгінде оның өзі кедергі емес. Керісінше, Каспий тек елдерімізді ғана емес, көптеген мемлекеттердің арасын жалғайтын көпір саналады. Себебі Транскаспий көлік бағыты өзінің әлеуетін толық ашуға кірісті. Бүгін Үкімет мүшелері көптеген мәселе бойынша егжей-тегжейлі баяндама жасады. Өзара ықпалдастық пен бірлескен іс-әрекеттердің нәтижелері, ең бастысы, болашақ жоспарларымыз, шын мәнінде, өте ауқымды – деді Ильхам Әлиев.

Сондай-ақ, сапар аясында Қазақстан Президенті Әзірбайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің бейітіне гүл шоғын қойды 



Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің рухына тағзым етіп, оның және зайыбы Зарифа Әлиеваның бейіттеріне гүл шоқтарын қойды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Шаһиттер аллеясындағы мәңгілік алауға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Мұнда елдің азаттығы жолында, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау үшін құрбан болған әзербайжан халқының батыр ұлдары жерленген. Шаһиттер аллеясы «Нагорный» саябағының аумағында орналасқан. Мұнда 1990 жылғы қайғылы оқиғаның құрбандары мен Қарабақ үшін болған шайқастарда қаза тапқан ұлт қаһармандарының бауырластар зираты бар.

Перизат Саденова
Бөлісу: