Ауа райы жылына салысымен көпшілік табиғатқа шығып, кәуап пісіріп, таза ауада демалғанды ұнатады. Алайда кейде демалушылар артынан қоқысын жинамай, отты толық сөндірмей кетіп, табиғатқа зиян келтіруі мүмкін. Сол себепті табиғатта демалғанда тазалық пен қауіпсіздікке де мән берген дұрыс.
Пикникке алдын ала дайындалған дұрыс
Табиғаттағы демалыс сәтті өтуі үшін ең алдымен орынды дұрыс таңдау қажет. Қазақстанның кей өңірлерінде өрт қаупі жоғары маусымда ашық от жағуға уақытша тыйым салынады. Сондықтан жолға шықпас бұрын аймақта қандай ереже бар екенін біліп алған жөн.
Мүмкіндігінше арнайы жабдықталған демалыс орындарын таңдаған дұрыс. Мұндай жерлерде мангал қоюға арналған аумақ, қоқыс жәшіктері мен үстелдер болады. Бұл әрі қауіпсіз, әрі табиғатқа зиянды азайтады.
Сондай-ақ пикник орнын таңдағанда жануарлар мен құстардың мекеніне жақын бармауға тырысыңыз. Қатты музыка мен түтін жабайы табиғатқа кері әсер етеді.
Пикникке не алып шығу керек
Пикниктен кейін ең көп жиналатын қоқыстың бірі – тамақтың қаптамасы. Әсіресе бір реттік пакет, пластик ыдыс пен сусын бөтелкелері сол күйі қалып жатады. Сондықтан демалысқа шығарда артық қаптамасыз өнім алып, көп рет қолданылатын ыдыс пайдаланған әлдеқайда ыңғайлы.
Көкөніс, жеміс-жидек пен етті жергілікті базардан немесе фермерлерден сатып алу экологияға да, жергілікті кәсіпкерлерге де пайдалы.
Үйден дайын салат, тұздық немесе жеңіл тағам жасап апару да – тиімді. Бұл артық қоқысты азайтып қана қоймай, қаржыны да үнемдейді.
Бір реттік ыдыстан бас тартқан жөн
Табиғатта демалуға шыққанда көп адам пластик стақан, тәрелке мен қасық сатып алады. Бірақ олар бірнеше сағат қолданылғаннан кейін қоқысқа айналады. Оның орнына көп рет пайдаланылатын ыдыс алып шыққан әлдеқайда ыңғайлы. Қазір металл, бамбук немесе экологиялық материалдан жасалған жеңіл ыдыстар көп. Пикникке ескі көрпе немесе мата төсеніш алып шығу да тиімді. Бұл синтетикалық төсеніштерге қарағанда табиғатқа зияны аз.
Өрт қауіпсіздігін ұмытпаңыз
Табиғаттағы ең үлкен қауіптің бірі – бақылаусыз қалған от. Мангалды құрғақ шөптің үстіне немесе ағаш түбіне қоюға болмайды. От жағатын орын тегіс әрі ашық болуы керек. Мангалдың айналасында кемінде бір метр бос кеңістік қалдырған дұрыс. Балалар мен жануарларды отқа жақындатпаңыз. Қасыңызда міндетті түрде су, құм немесе өрт сөндіргіш болғаны жөн. Демалыс аяқталғаннан кейін шоқ толық сөнгеніне көз жеткізіңіз. Көп адам көмірдің үстін жай ғана топырақпен жауып кетеді, бірақ оның астында қызу сақталып қалуы мүмкін.
Қоқысты сұрыптау мәдениетін қалыптастыру керек
Табиғатта қалған қоқыс тек көріністі бұзып қоймай, жануарлар мен өсімдіктерге де зиян тигізеді. Сондықтан өзіңізбен бірге бірнеше пакет немесе контейнер алып шыққан дұрыс.
Мысалы:
Көкөніс қабығы мен жеміс қалдықтарын бөлек жинап, кейін табиғи тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады. Бастысы өзіңізбен алып келген дүниенің бәрін қайта алып кету керек.
Табиғаттағы тыныштықты сақтау маңызды
Кейде демалыс кезінде қатты музыка қосып, айқайлап сөйлесу қалыпты нәрсе сияқты көрінеді. Бірақ бұл құстар мен жануарларға стресс тудырады. Әсіресе көктем мен жаз мезгілінде құстар ұя салып, балапан басатындықтан, табиғаттағы тыныштықты сақтау маңызды.
Сонымен қатар мангалды гүл өсіп тұрған жерге немесе жасыл шөптің үстіне орналастырмаған жөн. Бұл өсімдіктің тамырына зиян келтіреді.
Демалысты жайлы ететін қарапайым тәсілдер
Табиғаттағы демалысты ыңғайлы әрі қауіпсіз ететін қарапайым тәсілдер бар. Мысалы, химиялық сұйықтықтың орнына құрғақ бұтақ немесе табиғи көмір пайдалануға болады. Ал ыдыс жуу үшін өзіңізбен термосқа ыстық су алып шықсаңыз, көл мен өзен суын ластамайсыз. Контейнерлердің қақпағына белгі қойып қою да ыңғайлы. Бұл әркімнің ыдысын шатастырмауға көмектеседі.
Табиғаттағы демалыс – тек көңіл көтеру емес, қоршаған ортаға деген мәдениет пен жауапкершіліктің көрінісі. Әр адам қарапайым ережелерді сақтаса, табиғат таза әрі қауіпсіз күйінде сақталады.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде қолжетімді демалыс азайып бара жатқаны жайлы жазған едік.