Пентагон жат планеталықтарға қатысты жаңа құжаттарды жариялады

Пентагон жат планеталықтарға қатысты жаңа құжаттарды жариялады

Асқар Таудай

АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) белгісіз ұшатын нысандарға (UFO) қатысты жаңа құжаттар топтамасын жариялады. Жарияланған материалдардың ішінде әскери ұшқыштың «28 жылдық қызметімде мұндай ұшу сипатындағы нысанды алғаш рет көрдім» деген мәлімдемесі ерекше назар аударып отыр, деп жазады Еl.kz интернет порталы cbsnews.com-ға сілтеме жасап. 

Пентагонның мәліметінше, жарияланған төртінші топтамаға жалпы 40 материал енгізілген. Оның құрамында 14 құжат, 19 бейнежазба, төрт аудиожазба және үш фотосурет бар. Бұл материалдар Пентагонмен қатар NASA, Орталық барлау басқармасы (CIA), Федералдық тергеу бюросы (FBI) және АҚШ Энергетика министрлігінің архивтерінен алынған.

Құжаттар АҚШ президенті Дональд Трамптың биыл қол қойған арнайы жарлығына сәйкес құрылған ресми UAP порталында жарияланды. Пентагон бұл материалдардың алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жариялана беретінін хабарлады.

Ядролық нысан маңындағы жұмбақ оқиға

Ең қызықты құжаттардың бірі 2015 жылдың қыркүйегінде Техас штатындағы Амарилло қаласына жақын орналасқан Pantex ядролық қару кешенінің әуе кеңістігінде тіркелген оқиғаға қатысты.

Есепте белгісіз ұшатын нысанның қорғалатын аймаққа енгені айтылған. Нысанды қуып жетуге әрекеттенген екі офицер көліктерінен түсіп, оны дүрбі арқылы бақылаған.

Олардың айтуынша, жұмбақ нысан ешқандай дыбыс шығармаған әрі қозғалысқа келтіретін қозғалтқыш немесе басқа да тарту жүйесі байқалмаған. Белгісіз нысанды бір-екі минут бақылағаннан кейін ол солтүстік бағытқа қарай үнсіз ұшып кеткен.

Әскери ұшқыштарды таңғалдырған белгісіз нысандар

Жарияланған материалдардың жартысына жуығы 2010 жылдан кейінгі кезеңге тиесілі көрінеді. Бейнежазбалар әскери ұшақтардың инфрақызыл камераларымен түсірілген. Онда Атлант мұхиты, Батыс Тынық мұхиты және Таяу Шығыс аймақтарында байқалған түсініксіз нысандар бейнеленген.

2020 жылы Атлант мұхиты үстінде тіркелген оқиға туралы есепте әскери теңіз авиациясының экипажы шамамен 12-15 фут (3,5-4,5 метр) болатын қара қошқыл түсті нысанды байқағанын жазған. Ұшқыштардың пікірінше, ол сырт көзге үлкен әрі пішіні бұзылған әуе шарына ұқсаса да, нақты не екендігін анықтау мүмкін болмаған.

Ал 2019 жылы АҚШ-тың шығыс бөлігінде әскери ұшқыш пен тағы төрт маман ерекше ұшу қасиеттері бар белгісіз нысанды бақылаған.

«Әуе күштері мен Әскери-теңіз күштерінде 28 жыл қызмет еткенімде мұндай ұшу сипатындағы нысанды алғаш рет көрдім. Бізден төменірек ұшқан шағын нысан жоғары жылдамдықпен қарама-қарсы бағытта қозғалды. Оны шамамен 10-15 секунд бақыладым. Камераны қосып, бейнежазбаға түсірдік. Үлкейтіп қараған кезде нысан кадрдан лезде жоғалып кетті. Кейінгі талдау барысында оның төртбұрышты пішінде болғаны байқалды. Тәжірибесі менен кем емес әріптестерім де бұл нысанның не екенін анықтай алмады», - деп жазған әскери ұшқыш.

2025 жылғы жаңа бақылаулар

Пентагон жариялаған ең жаңа материалдар 2025 жылы АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхиты қолбасшылығы тіркеген оқиғаларға қатысты.
Бейнежазбалардың бірінде Сары теңіз үстінде әскери сенсорлар алты бұрышты жұлдызға ұқсас белгісіз нысанды бақылағаны көрсетілген. Тағы бір жазбада Шығыс Қытай теңізі үстіндегі белгісіз объект бірнеше минут бойы бақылауға алынған.

1949 жылғы құпия кеңес

Жарияланған архивтік материалдардың арасында 1949 жылы Нью-Мексико штатындағы Лос-Аламос қаласында өткен құпия ғылыми конференцияның стенограммасы да бар.

Кеңеске Манхэттен жобасына қатысқан әйгілі физиктер мен ғалымдар жиналып, ядролық зертхана маңында байқалған жұмбақ «жасыл от шарларының» табиғатын түсіндіруге тырысқан.

Кейбір мамандар оларды атмосфераға енген метеориттер деп болжағанымен, белгілі астроном мұндай құбылыстың бұрын-соңды метеориттердің құлауымен байланысты тіркелмегенін атап өткен.

Зерттеулер жалғасады

Пентагон өкілдерінің айтуынша, жарияланған материалдар бұл бағыттағы соңғы ақпарат емес. АҚШ Қорғаныс министрлігі мен өзге де мемлекеттік мекемелер анықталмаған аномальды құбылыстарға қатысты жаңа құжаттарды дайындап жатыр.

Белгісіз ұшатын нысандар тақырыбы ондаған жылдар бойы қоғамның қызығушылығын тудырып келеді. Дегенмен Пентагон әзірге жарияланған материалдардың ешқайсысы жерден тыс өркениеттің бар екенін дәлелдемейтінін, олардың мақсаты – тіркелген оқиғаларды ашық жариялап, ғылыми әрі әскери тұрғыдан жан-жақты зерттеу екенін атап өтті.

Оқи отырыңыз

{